Accessibility links

Құныңыз қанша, Басеке?



- Алло, Басеке! Дүние жүзі бойынша ең жемқор елу елдің тізімі жасалып жатыр екен. Сіздің ел – көш басында. Не істейсіз?
- Бағасын айтсаңызшы...
- Оныншы орын – жүз миллион АҚШ доллары! Жиырмасыншы орын – екі жүз миллион доллар. Осылай жалғасып кете береді.
- Біздің елді сол тізімнен біржолата алып тастауға болмай ма?
- Оған шашыңыз жетпейді ғой, басеке!
- Онда... Онда елуінші болсын.
- ...

- Алло, Басеке! Әлемдегі ең айтулы он тұлға анықталып жатыр. Қаласаңыз, үлгеруге болады.
- О! Әрине!
- Онда он миллиард долларды дайындай беріңіз.
- Дайын ғой, дайын!
- ...

- Алло, Басеке! Әлемдегі ең лас мемлекеттердің тізімі...
- Нешінші орында тұрмыз?
- Алдыңғы орыннан түсіп көрген жоқсыздар ғой.
- Енді бірдеңе қылып ең соңына түсіріңіздер.
- Бір миллиард доллар!
- Одан арзанырақ болмай ма?
- Болмайды, Басеке! Бекітілген бағасы - сол.
- Түсінікті. Қазір ақшасын аударамыз.
- ...

- Алло, Басеке! Адам құқы қорғалмайтын жиырма елдің...
- Бағасын айт!
- ....

- Алло, Басеке! «Әлем елдері көшбасшысы» ұйымына төраға болғыңыз келіп еді. Айнып қалған жоқсыз ба?
- Жоқ, жоқ!!! Ол мәселе бір шешімін тапты ма?
- Бүгін бәрі ыңғайланып, тиісті бағасы белгілі болды.
- Сонымен...
- Сонымен жүз миллиард доллар бересіз! Тек тағы бір рет ескертіп қояйын. Ұйымның аты дардай, оны білесіз. Бірақ одан өзіңізге де, еліңізге де тырнақтай пайда тимейді. Кейін «оны айтпап едің!» деп жүрмеңіз.
- Алаң болмаңыз! Атының өзі азық емес пе бізге!
- ...

- Алло, Басеке! Басеке! Көктемгі селдің беті жаман, Басеке! Бес аймақты су алып кетті. Не істейміз?
- Не істегені несі? Бірдеңесі болар. Су қайтып, жер кепкенше халық басқа жаққа барып паналай тұрсын.
- «Халықты қауіпсіз жерге көшіру үшін елу миллиондай теңге керек» дейді жергілікті басшылар...
- Елу миллион теңге?!! Дендерің сау ма?! Қар еріді екен деп қазынадан соншама ақшаны үптемексіңдер ме?
- Енді...
- «Енді-менді» дегенді қойыңдар! Мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақасын, бай-бағландар садақасын, қалған ел жылуын жинасын! Ұқтыңдар ма?
- Ұқтық, Басеке!
- «Елу миллион теңге» дейді ғой...

kanagat.07@mail.ru
XS
SM
MD
LG