Accessibility links

Нарымбаев 15 күнге қамалып, айыппұл салынған Қуанышәлі аштық акциясын жалғастырды


Полицейлер оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаевты сот залына әкеле жатыр. Алматы, 2 мамыр 2010 жыл.
Полицейлер оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаевты сот залына әкеле жатыр. Алматы, 2 мамыр 2010 жыл.

Мамырдың 1-і күнгі наразылық шарасынан соң оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаев 15 тәулікке абақтыға қамалып, саясаткер Жасарал Қуанышәліге айыппұл салынды. Екеуі де аштық акциясын жалғастыратынын мәлімдеді.


ЖАЗАЛАУ

Жексенбі, мамырдың 2-күні Алматының әкімшілік соты қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлі мен «Арман» қозғалысының белсендісі Ермек Нарымбаевты әкімшілік жазаға тартты. Сот бұл екеуін бейбіт жиын және шеру өткізу туралы заң талаптарын бұзды деп тауып, Жасарал Қуанышәліге он айлық есептік көрсеткіш (шамамен 100 доллар) көлемінде айыппұл салып, Ермек Нарымбаевты 15 тәулікке абақтыға қамауға шешім шығарды.

Содан бір күн бұрын «Алға» партиясының Алматыдағы бас кеңсесінің ауласында өткен демократиялық күштердің республикалық жиналысынан кейін көшеге шықпақ болған жұрттың жолын бөгеген полицейлердің іс-әрекетіне наразылық ретінде Жасарал Қуанышәлі
Оппозиция белсенділерінің ісі бойынша сот кезінде сот ғимаратының дәлізінде тәртіпті қадағалап тұрған полиция капитаны. Алматы, 2 мамыр 2010 жыл.
мен Ермек Нарымбаев және тағы бірнеше адам «Алға» партиясы кеңсесінің ауласында аштық акциясын бастаған болатын.

Полицейлер аштық жариялап жатқан Жасарал Қуанышәлі мен Ермек Нарымбаевты мамырдың 1-і күні кешке жақын ұстап, Алматының Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне күштеп алып барған еді.

Жасарал Қуанышәліні үш сағаттан соң босатып, Ермек Нарымбаевты Алмалы аудандық полиция бөлімінде қамауды ұстады, сол жерден жексенбі күні сотқа апарып, шешім шыққан соң туыстары мен серіктеріне жолықтырмай, әкімшілік соттың артқы есігі арқылы шығарып абақтыға алып кетті.

Ермек Нарымбаевқа сот шешімі жексенбінің кешінде шығарылды. Ол бұған дейін де биліктің рұқсатсынсыз жиын өткізген деген айыппен бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, абақтыға отырып шыққан болатын.

САЯСИ КӨЗҚАРАС

Жасарал Қуанышәлі мен Ермек Нарымбаев өздерінің саяси көзқарастары үшін қуғын көріп жатқандарын айтады.

– Олар маған заңсыз шеру ұйымдастырмақ болды деген айып тағып отыр. Бірақ мен ештеңе ұйымдастырған жоқпын. Мен бар болғаны
Ақын Айсұлу Қадырбаева мен саясаткер Жасарал Қуанышәлі әкімшілік сот ғимаратының алдында. Алматы, 2 мамыр 2010 жыл.
өзім қалаған жаққа бармақ болдым, оған Конституциялық құқығым бар, – деді Жасарал Қуанышәлі сот залынан шыққан соң Азаттық тілшісіне.

Сот отырысындағы үзіліс кезінде Азаттық тілшісіне берген түсініктемесінде Ермек Нарымбаев өзіне қарсы әкімшілік істің қозғалуына негізгі себеп – мамырдың 1-күні «Алға» партиясының Алматыдағы бас кеңсесінің ауласында өткен демократиялық күштердің республикалық жиналысында сөйлеген сөзі екендігін айтты.

– Мен тіпті «Алға» партиясы кеңсесінің ауласынан да шыққан жоқпын, ол жеке меншіктің жері. Сондықтан маған шеру ұйымдастырмақ болды деген айып тағуға ешқандай негіз жоқ. Керісінше, мен сол партия кеңсесінің ауласында жаппай аштық жариялауға шақырдым. Егер сол күні болған жайтты бас-аяғына дейін видеоға түсірен полициядан сол видеожазбаны алып қарайтын болса менің сөзімнің рас екендігіне оп-оңай көз жеткізуге болады. Сондықтан дәл қазір билік менен жиналыста айтқан сөзім үшін кек алып жатыр деп санаймын. Мен заңды жиналыста заңды түрде: «Назарбаев – кет!» деп мәлімдедім, – деді Ермек Нарымбаев Азаттық тілшісіне.

«МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ»

Жексенбі күні сот шешімі шыққанға дейін Ермек Нарымбаевтың денсаулығы сыр беріп, туыстары мен серіктері оған медициналық жәрдем көрсетуді сұрады.

Әкімшілік сотқа медициналық жедел жәрдемнің екі қызметкері – дәрігер және мейірбике келгенде сотта үзіліс жарияланып, ғимарат дәлізінде Ермек Нарымбаев пен оның зайыбы, Жасарал Қуанышәлі, ақын Айсұлу Қадырбаева және кеше аштық жариялаған тағы бірнеше адам тұрған болатын. Сондай-ақ полицияның бірнеше шенді кісілері де тұрды, үстіне жай киім киген біреулер оппозиция белсенділерінің,
Сот приставы мен полицейлер Ермек Нарымбаевтың әйелі Зоя Нарымбаеваны (оң жақта) күйеуінің сотына кіргізбей қойды. Алматы, 2 мамыр 2010 жыл.
олардың туыстары мен жолдастарынің және санаулы журналистердің әрбір қимылын видеоға түсіріп жүрді.

Нарымбаевқа медициналық жәрдем көрсетуге келген дәрігерді сол жерде тұрған полицияның офицерлері қайта-қайта оңаша шақырып алып, әлденелер жайында айтумен болуы әкімшілік жазаға тартылып жатқандардың күдігін тудырды.

Бірақ полиция мен дәрігердің арасында нендей әңгімелер болғаны жұмбақ күйінде қалды, дәрігер әйел өзін таныстырудан да бас тартты.

Бір кезде Жасарал Қуанышәлінің денсаулық жағдайын тексеріп, арнайы құралмен өлшеген соң дәрігер оған: «сіздің қан қысымыңыз 200/110 болып тұр, сіз дереу ауруханаға жатуыңыз керек» деп хабарлады да, тағы да әлгі тұрған полиция басшыларына кетіп қалды.

Дәрігердің сөзіне таңданыс білдірген Жасарал Қуанышәлі:

– Мен гипертониялық дертпен ауыратыным рас. Бірақ менің қан қысымым әдетте 180-нен жоғары болмайтын. Оның үстіне, мен өзімді жайсыз сезінсем де, дәл қазір дереу ауруханаға жатуды қажетсінбеймін, – деп, мейірбикеден қан қысымын қайта өлшеуді сұрады. Меійрбике оның қан қысымын өлшеп, көрсеткіш 140/90 болып тұрғанын айтты.

Осы сәтте бірнеше полицеймен бірге қайта оралған дәрігер Жасарал Қуанышәлінің қан қысымын қайта өлшеп, енді көрсеткіш 160/90 болып тұрғанын хабарлады да «ондай нәрселер болып тұрады» деп қысқа қайырды.

Ал бұл кезде Ермек Нарымбаев өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, дәліздегі екі орындықтың үстінде жатқан еді. Бірақ оның қан қысымын өлшеп көрген дәрігер Нарымбаевтың денсаулығы қалыпты, оған сотқа қатысуға болады деген шешімін айтты.

Полицейлер Ермек Нарымбаевты сот залына күштеп алып кетуге әрекет жасады. Алайда Ермек Нарымбаевтан әл кетіп қалғанын көрген дәрігерлер оның жүрек соғысын тексеріп қарап, тамырына инемен дәрі жіберді. «Ол тәуліктен астам уақыт бойы нәр татпағандықтан, оның денсаулығы осылай сыр беруі мүмкін. Бірақ біз бұл үшін жауап бермейміз», – деді дәрігер.

Мейірбике әлгіндей дәріден кейін науқасты кемінде жарты сағат қозғауға болмайтындығын айтқанымен, полицейлер он минуттан кейін Ермек Нарымбаевты сот залына алып кетті.

«ОЛАР ЕРМЕКТІ ҰРЛАП СОТТАДЫ»

Оның артынан ілесіп сот задына кірмек болған өзге жұртты есік аузында тұрған сот приставы мен оншақты полицейлер ғимаратқа кіргізбей қойды.

Бұл соттың ашық екендігі, оған қатысуға судья таңертең рұқсат бергені туралы жұртшылықтың айтқан уәжін есік аузында тұрғандар елеусіз қалдырды.

Ал осы жерде тұрған полицияның полковник және подполковник шеніндегі екі офицері судья әлі сот залына келмегенін, сот
Жасарал Қуанышәлі (оң жақтан екінші) пікірлес адамдармен бірге «Алға» партиясы кеңсесінің алдында жүк автокөлігінің ішінде аштық акциясын жалғастырды. Алматы, 2 мамыр 2010 жыл.
басталмағанын айтып, наразы топты сабырға келуге шақырды.

Осылайша дауласып тұрған кезде дәліздің бір шетінен Ермек Нарымбаевтың: «Сот өтіп қойды, судья 15 тәулік абақтыға кесті. Масқара!» деп айғайлаған дауысы естілді. Бір кезде бірнеше полицей қапсыра ұстап, дедектетіп сүйреп бара жатқан Ермек Нарымбаевтың өзі де көрінді. Бірақ полицейлер оны ешкімге жолықтырмастан, жылдам қозғалған күйі дәліздің екінші бұрышындағы басқа есік арқылы сыртқа шығарып автокөлікке салып алып кетті. Полицейлер сот залынан көйлекшең алып шыққан Ермек Нарымбаевтың әйелі күйеуіне киімдерін де бере алмай қалды.

– Олар Ермекті ұрлап соттады. Ешқандай айыбы жоқ адамды көпе-көрнеу әділетсіз соттады, бұл – масқара! – деді Жасарал Қуанышәлі Азаттық радиосына.

Бұдан соң Жасарал Қуанышәлі мен тағы бірнеше адам аштық акциясын жалғастыратындарын айтып, «Алға» партиясының кеңсесіне оралды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG