Accessibility links

Биіктік өлшемдері



Алатаудың ақбас шыңдары біздің үйдің екінші қабатынан әдемі әрі асқақ көрінеді. Күнде таңертең Алатауға қарап, көңілім көтеріліп, рухым биіктеп, үлкен құлшыныспен оянушы едім. Әсіресе, өткен жылдың қыркүйек, қазан айларында солай болатын.

Тау жарықтық, содан бергі аралықта, өз асқақтығынан едәуір айрылып қалған сияқтанады маған.

Оның бір себебін түсінетіндеймін... Отағамызды қарашаның салқынында мәңгілік жайына шығарып салғаннан кейін дүниенің базбір бояулары мен үшін өзгеріп кетсе керек...

Дегенмен тағы бір себебін ойласам, жаным жай таппайды...

Ол келесі себеп - кәдімгі адами, қарабайыр психология! Нақтырақ айтқанда, қасында тұрып, күнде көре берген соң биік тауыңыз да пәс тартатынға ұқсайды.

Әйтпесе, Алматыға сирек келетін немесе алғаш ат басын тірегендердің ішінде қаланы жартылай орап жататын, осынау қарт Алатауға қызыға қарамайтындары кемде-кем.

Туған жерге шетелден біржола көшіп келген алғашқы айымда, өткен қыркүйекте мен де сондай күйде болған едім. Әр таңымды ақбас Алатаудың шыңдарына көз салып, көңілім ерекше серпілген күйде қарсы алатынмын.

Ұзақ-сонар қыс айларында Алатау жарықтық қардан көрінбеді. Біртүрлі көңіл құлазытарлық деңгейде, тұтасқан әппақ бір дүние боп жатты. Осынау ақбас шыңдарға деген сағынышым басылып, оның асқақ келбетіне бірте-бірте енжар қарай бастағандай едім...

Енді, міне, жадырап жаз да келді. Ақ сәлдесін орап, жасыл шапанын киген Алатау - бәз-баяғысындай сұлу. Бірақ менің көңіл төрімде селт еткен сезім-шамалы...

Кенет есіме таяуда ғана, қазақ руханият әлемінің майталман ардагерлерімен болған, жартылай ресми бір отырыс оралды.

Бар болғаны жиырма шақты жыл ғана бұрын, әрбір шоқтықты туындысы қазақтың рухани әлеміне бір-бір жауһар боп қосылып жататын, сол арқылы замандастарының рухын биіктетіп, халқының мерейін көтере білген елінің талантты перзенттері... Әрбір табысына дүйім жұрты дуылдата қол соққан сол зиялыларымыздың бүгінгі күнгі хал-ахуалдары, кей сәттерде, тіпті, кісі аярлықтай деңгейде сияқты.

Өңдері тым жүдеу, өздері едәуір жалтақ боп көрінді маған. Осы шараны ұйымдастырып жүрген лауазымдылар мен қалталыларға біртүрлі жалынышты да мәймөңке көзбен қарайтындай...

Бос уақыттың ыңғайына қарай әрі бұрынғы жүзтаныстығымызды арқаланып, базбіреулерімен пікірлескен едік.

– Е-е, шырағым, біздің көбіміздің қазіргі күйіміз – «аттақыр, атасының басы-тап-тақыр» деген халде. Кімнің баласы табыскер болса, кімнің қолынан бизнес келсе – соның жағдайы жақсы. Кітап шығару дегеннен үмітімізді үзгенбіз. Кәзіргі ұрпақ бізді оқымайды. Бар есіл-дерттері – интернетте. Біздің сұрайтынымыз – тұрмыстық нәпақамыз, нанымыз. Зейнетақымыз дәрі-дәрмекке жетсе, жылу-жарығымызға жетпейді. Жалтаңдамай қайтеміз, енді?

Не айтарымды білмедім.

Мемлекеттік сыйлықтың білдей бір лауреаты зейнетақысының 22 мың теңге екенін естігенде төбе шашымның тік тұрғанын көрсеңіз ғой, шіркін!

«Сананы тұрмыс билемек» кімнің сөзі еді? Маркстың ба, басқасының ба?!

«Заманы тұрмысты илемек...» Астафирулла! Ойпырм-ай, мен не деп кеттім өзі...

Илемей-ақ та, билемей-ақ та қойса ғой, шіркін!

Ақбас шыңдарымыз қайтадан еңселерін тіктесе екен.

Әйтпесе биік шыңдарымызды қолдан аласартқан біз бейбақ жайдақ төбелерді дәсіредей көріп, табынып кетуіміз мүмкін-ау.
XS
SM
MD
LG