Accessibility links

Әлихан мен Александр


Алаш көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан. Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Алаш көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан. Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Қазақ үшін Алладан кейінгі биік ұғым «Алаш» сөзі болса керек. Өз басым осы атаудың аса қасиетті екеніне имандай ұйимын және оны бүгінге дейін ұмытпай қастер тұтып, осы өмірге сол құнды күйінде жеткізе алған Қазақ ұлтының текті ұл-қыздары екеніне де кәміл сенем. Дегенмен, бұл Алаш тек қазақтың ғана емес, әлемдегі иісі түркі баласының басын қоса алатын рухани ту десек, қателеспес едік. Ия, «Алаш» – түркілердің ортақ ұраны, арқа сүйер тұғыры, сондықтан Алаш туы алаш перзентінің қолында желбіреуі керек.

Әлихан

Кезінде осы «Алаш» сөзін ардақ тұтқан арыстарымыздың бірі әрі бірегейі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан өктем патшалық Ресейдің думасында жүріп-ақ, қазақтың ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысы мен партиясын құрды, әрі оған 100 пайыз жетекшілік етіп, өзі көсемі атанды. Ол оқ пен оттың арасында отырса да, Алаш туын қисайтқан емес, ешнәрседен тайсалмай ұлттың рухын оятар басылымдар шығарып таратты. Қазақ үшін жанкештілікпен еңбек етті.

Александр

Білесіз бе - мына тәуелсіз Қазақстанда осы қасиетті «Алашты» Александр Яковлевич Клебанов деген біреу 100 пайыз иеленіпті, иеленгені былай тұрсын, алаштың атымен ұйықтап, алаштың атымен түс көретін болып алыпты. Ол алшаңдай басып «Алаш Медиа Групп» дегенді құрып, оған өзі жетекшілік етіп, өзі Бас директор болды және қазақтың ығайы мен сығайларының ортасында отырып қазақшыл емес, өзімшіл құндылықтармен барынша айналысып жүр екен.

Әлихан

Ұлтым деген есіл ер, «Алаш» қозғалысы мен партиясының көсемі, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағасы, ғалым әрі публицист Әлихан Бөкейхан өз халқын шексіз сүйді. Рухы ояу халықтың алдағы басар соқпағы да даңғыл боларын түйсінген ұлт көсемі, сонау шексіз түнекті империя түнінің қараңғысында жер сипаған қазақтың болашақ жолына жарық берер деп, 1906 жылдан бастап Ресейдің Омбы қаласында «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» деген үш бірдей газетті редакциялап, бірінен соң бірін шығарып тұрды.

Александр

Ал бас штабы Алматы қаласында тұрған «Алаш Медиа Груптың» айналасында «Effective Media Liaison» ЖШС, «INTER-RADIO» ЖСШ, «Толғау» ЖСШ, «Печатные технологии» ЖСШ сияқты қаптаған ақпараттық мекемелер бар, олардың бәрі қазіргі «Алаштың» Бас директоры Александр Клебановтің құзыретіне толық бағынған. Сондай-ақ Клебанов «Толғау» ЖСШ арқылы «Алаш айнасы» газетіне құрылтайшы болды, оған қоса былтырғы жылдан бастап Республикалық «Жетінші» телеарна мен Астаналық «ЭРА» телеарнасын басы бүтін сатып алып, эфирге шығарып келеді. Ал жақында «Тенгри FM» дейтін радиосы да Астанадан сөйлей бастады.

Әлихан

Әлихан Бөкейхан бар өмірін Алашқа арнады. Арманы әлемдегі Алаш баласының басын бір тудың астына қосу болатын. Ия, ол аянып қалған жоқ, өміріне төнген мың сан қатерді елең етпестен жанкештілікпен күресті, айналасындағы көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтармен тізе қосып, ұлт үшін жұмыс жасады.

Александр

Александр Клебанов те аянып қалған жоқ, бар арманы – Алаш атымен бір бизнес ашу болатын. Ақыры сол арманына жетіп «Алаш сервис» ЖШС дейтін бизнес орталығын ашты. Қазір ол алты алаштағы көкірегі «Қазақ» деп сөйлейтін телеарналар мен басылымдарды жансыздандыруға шындап кіріскен.

Әлихан

Әлихан Бөкейхан ұлт болып қалу үшін ең алдымен тіл мен ділді асқақтату керек екенін жақсы түсінді, әрі осы бағытта ел арасында үгіт-нәсихаттар жасады. Ол Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының жасаған қазақтың өзіндік төте жазу үлгісіне барынша қуанды, және жанын сала қолдап қуаттады.

Александр

Александр Клебанов те бұл бағытта тек жатқан жоқ. «Корпоративный фонд развития казахской культуры и языка «Абырой» дейтін қор ашты. Қазір қазақ тілінің мәртебесін өсіретін www.abyroi.kz атты сайты да өзінше сайрай бастады, оның төбесіне бірыңғай қазақтың ұл-қызын шонқитып отырғызып қойған. Бір қарағанда кәдімгідей қазақ тілінің жанашыры деп қаласыз.

Әлихан

Өткенде ғана Азаттық радиосының тілшісі Сұлтанхан Аққұлұлының Алаш мемлекеттігінің түп негізін қалаушы, Ұлт жетекшісі Әлихан Бөкейханның жұртқа белгісіз қырларын ашатын кітабы жарыққа шықты. Осыған іле-шала Әлихан Бөкейханның Ресейдің Омбы қаласында шығарған беймәлім басылымы табылып, дүйім қазақ дүр етіп бір қуанып қалғаны бар еді.

Александр

«Еруге - қару» деген. Қазір Саша да осыған сәйкес өзінің жаңа жоспарын қолға ала бастапты. Ол Қазақстандық танымал журналистке басқартатын Республикалық «Жетінші арнасындағы» қазақ тілді қызметкерлерге қырғидай тимек ойы барын білдіріп те қойды. Көп ұзамай «Алаш» атын иеленген осы топтың қазаққа қас үйреншікті әрекетіне тағы бір мәрте куә боласыздар, ағайын!

kaipsultan@gmail.com
XS
SM
MD
LG