Accessibility links

Ақтау түрмесінен қашқан 21 адамның 8-і ұсталып, кемінде алтауы атып өлтірілді


Түрме торы. Көрнекі сурет.
Түрме торы. Көрнекі сурет.

Әділет министрлігі Ақтаудағы қатаң тәртіптегі түрмеден қашқан 21 адамның 8-і ұсталды деп хабарлады. Ішкі істер министрлігі кемінде алты қашқынның атып өлтірілгенін айтып отыр. Әзірге бостандықта жүрген қалғандарына іздеу жарияланды.

Маусымның 22-і күні таңертең Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі қамау мекемесінен қашқан 21 адамның 8-і ұсталды, олардың қашуына түрме маңына екі көлікке мініп келген қарулы белгісіз адамдар болысқан деп хабарлады Әділет министрлігінің өкілі Ерболат Ерімбет сейсенбі күні Астанада өткен брифингте.

«Қаза болғандар мен жараланғандар да бар. Қашқындарды байқап қалған №6656 әскери бөлімнің сарбазы қарудан оқ атқан. Оған жауап ретінде түрме маңына келген белгісіз адамдар оқ атып, сарбаз жараланды», – деді Ерболат Ерімбет.

Алайда министрлік өкілі нақты қанша адам қаза тауып, қанша адамның жаралы болғандығы туралы ақпарат бере алмайтынын айтты.

«Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қылмыстық атқару жүйесі комитеті қызметкерлерінің қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді Ерболат Ерімбет.

Әділет министрлігі ресми өкілінің сөзінше, бұрын-соңды бұл колонияда сотталғандардың жаппай қашып кету оқиғасы болмаған. Қазақстан қылмыстық кодексі бойынша, қамаудан қашып кеткен азаматтарға негізгі жаза мерзіміне қосымша тағы жеті жылға дейін жаңа мерзім қосылуы мүмкін.

Азаттық радиосына Ақтаудағы бұл төтенше оқиға кезінде оқ тиіп жараланған екі адамның ауруханада жатқаны мәлім болды.

«Екі адам түсті. Біреуі – әскери сарбаз, екіншісі – ішкі істер департаменті арнайы тобының қызметкері. Бірінің өкпесіне оқ тиген, оған қазір ғана операция жасап шықтық, енді ол жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр. Ал екіншісі – сол жақ жамбасынан жараланған. Оның жағдайын орташа деп бағалап отырмыз, – деді Азаттыққа түсініктеме берген Маңғыстау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мақсұт Сарқұлов.

Сейсенбі күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі Маңғыстау облыстық сот-сараптама мекемесіне сілтеме жасап, атыс салдарынан қаза болған 7 адамның денесі қалалық мәйітханаға жеткізілгенін хабарлады.

Сол күні түстен кейін Қазақстан ішкі істер министрлігінің сайтында Ақтаудағы оқиға жайында баспасөз хабарламасы жарияланды.

Онда қамаудан қашқандарды нысанаға алып атқан қарауылда тұрған ішкі істер әскері сарбазының оғына іліккен үш сотталған адам көз жұмғаны және сарбаздың өзіне қарсы қарудан оқ атылып, ол жарақат алғаны айтылған.

«Қарауылдың ізге түсу тобы қашқындардың біріне мекемеден 200 метр арақашықтықтан жарақат келтірді. Қашқындардың бір бөлігі Ақтау қаласынан 13 шақырым жерде салынып жатқан ғимаратқа жасырынды. Ізге түсу тобы және ішкі әскерлер әскери бөлімінің жиынтық жасағы ғимаратты қоршауға алды.

Одан кейін сол жерге келген облыстың ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісінің ұстау тобы шабуылды жүзеге асырды. Нәтижесінде 3 сотталған қайтыс болып, біреуі ұсталды. Қашып кеткен сотталғандардың жүрген жерін анықтау және оларды ұстау бойынша шаралар қабылдануда», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау облыстық прокуратурасы осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Облыстық полиция қамау орнынан қашқан 11 адамға қылмыстық іздеу жариялады. Олардың тоғызы – кісі өлтіргені үшін, біреуі – «қарақшылық» пен «тонау», және біреуі «терроризм» қылмысы бойынша сотталып, Ақтау түрмесінде жазасын өтеп жатқан.

Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары маусымның 22-і күні жергілікті уақытпен таңғы сағат төрттен кете Ақтаудағы қатаң режимдегі қамау мекемесінің сырт жағына автокөлікке мініп келгендер қарудан оқ атып, 20 адамның қамаудан қашып шыққаны туралы хабар таратқан болатын.

Бүгін таңертеңнен бері Ақтау қаласының көшелерінде бақылау күшейтіліп, қарулы сақшылар мен полиция қызметкерлері күдікті жүргіншілердің құжаттары мен автокөліктерді тексеріп жатқаны туралы хабар жетіп отыр.
XS
SM
MD
LG