Accessibility links

Жәкішевтің апелляциялық шағымы сот қарауына түсті


Сотталғандарды күзетпен алып келген айдауылдар қалалық сот ғимараты алдында. Астана, 12 шілде 2010 жыл.
Сотталғандарды күзетпен алып келген айдауылдар қалалық сот ғимараты алдында. Астана, 12 шілде 2010 жыл.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің шағым-арызы шілденің 13-і күні қаралады деп хабарлады Астана қалалық сотының алғашқы отырысынан кейін Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.

Шілденің 12-і күні Астана қалалық сот алқасы «Қазатомпром» ісі бойынша сотталған Мұхтар Жәкішев пен Талғат Қыстаубаевтың апелляциялық шағым арыздарын қарауға қатысты алдын ала мәжіліс өткізді.

Сотталғандардың қылмыстық ісі бойынша материалдардың құпиялылығына байланысты бұл мәжіліске істі болғандардың жұбайлары Жәмила Жәкішева мен Сара Сағындықованы кіргізбеді. Олар журналистермен бірге бір жарым сағат бойы адвокаттар Нұрлан Бейсекеев пен Халида Айтқалиеваны сот ғимаратының алдында күтуге мәжбүр болды.
Жәмила Жәкішева мен Сара Сағындықова сот ғимаратының алдында. Астана, 12 шілде 2010 ж.

Олардан өзге бұл жерде Талғат Қыстаубаевтың Арқалықтан арнайы келген анасы мен бауырлары, сотталғандарды күзетпен алып келген қарулы айдауылдар да күтіп тұрды.

Бір уақытта сот ғимаратынан адвокат Нұрлан Бейсекеев шықты. Қорғаушының жиналғандарға сөзі тым қысқа болды: ол сот алқасынан бірқатар куәгерлерді тыңдап, кейбір жайттарға сараптама жүргізуді сұрап өтініш бергенін ғана хабарлады.

Сот Мұхтар Жәкішев Вена қаласында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының кеңсесін заңсыз ашқан және оны ұстауға қаржы жұмсаған, мемлекеттік сатып алу тапсырыстары бойынша өткізілген байқауларда жеңіп шыққаны үшін мердігер компаниялар жетекшілерінен бірнеше рет ірі көлемде пара алған деген айыптау қорытындысын негізді деп тапқан.

Осыдан тура төрт ай бұрын, наурыздың 12-і күні, Астананың Сарыарқа аудандық соты «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай келе, ол өзіне сеніп тапсырылған мемлекет мүлкін талан-таражға салған және пара алған деп тауып, Жәкішевті 14 жылға қатаң тәртіпті колонияға қамау туралы үкім шығарған еді. Ал оның оққағары Талғат Қыстаубаевты полиция майоры шенінен айырып, бес жыл мерзімге жалпы режимдегі колонияға отырғызған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG