Accessibility links

Қызылағаштан қалай қуылдым?


Қызылағаштағы көктемгі су тасқынынан соң жаңадан салынған үйлер. Алматы облысы, 28 маусым 2010 жыл.
Қызылағаштағы көктемгі су тасқынынан соң жаңадан салынған үйлер. Алматы облысы, 28 маусым 2010 жыл.
Бұл күндері Қызылағаш жұрты дүрлігіп жатыр. Жақын күндері бұл ауылға президент Назарбаев сапарлап баруы керек. Ауылдың әкімі де, мектептің мұғалімі де алашапқын. Сәт сайын облыстық әкімшіліктің шенеуніктері келіп, жасалып жатқан дайындық жұмыстарын тексеріп кетіп жатыр.

Қызылағаштың әкімі әйел кісі екен. Оған жолыққанымызда:

– Сендерге сұхбат беретін уақытым жоқ. Екі күннің ішінде бүкіл ауылдың тұрғындарына мемлекет есебінен сатып алынған жиһаз бен тұрмыстық техниканы таратып беруім керек, – деді.

Бәсе, ауыл халқы көңілді. Шамасы, тегін беріліп жатқан дүниеге қуанып жүрген болу керек.

Сағат таңғы 10 кезінде ауылдың ішіне бір топ «иномарка» шаңдатып кіріп келді. Облыстан немесе Астанадан келген дөкейлер екені бірден көрінді. Орталық көшелердегі үйлерді аралады. Олардың арасына Қызылағаштың әкімі де қосылыпты. Бәйек болып, әр нәрсені айтып жүр. Әлгі дөкейлер кіріп шыққан үйдің біріне барғанымызда, алдымыздан шыққан қожайын:

– Президент әкімшілігінің адамдары ғой. Он екісі күні біздің үйге Назарбаев келетін болды, – деді.

– Ауылдың қарапайым адамына Патшаны күткен қиын шығар, – дедім.

– Қиын ештеңесі жоқ. «Бір күннің ішінде еуро ремонт жасап береміз. Продуктыны да, патша жейтін тамақты да өзіміз әкеп береміз» деді. Мен тек ұстатып кеткен мына бір жапырақ қағаздың ішіндегі жазуды жаттап алуым керек болып тұр.

– Ол не қағаз?

– «Президент келгенде осы сөзді айтасың» деді.

Қызылағаштың орталық көшелерінде президенттің суреті бейнеленген биллбордтар жарқырап тұр. Жап-жаңа екен, шамасы жақында қойылған болу керек. Ауылдың барлық көшелеріндегі бағаналарға түнде жарық беретін шамдар орнатылған. Салыстыру үшін айтсақ, Алматының кейбір көшелері тас қараңғы ғой. Ал мына ауылдың қуыс-қуысына дейін өркениет белгісі байқалады. Қызылағаштың тұрғындарының бірінен:

– Ауылдарыңыз түнде жарқырап кететін шығар, – деп сұрадым.

– Қайдағы жарқыраған! Өткенде түнде 15 минут қосты да қайтып өшіріп тастады. Содан кейін жанған емес.

– Неге?

– Басшылық «Президент келген соң жағамыз» деп отыр.

Ауыл тұрғындары «әкім бізге қора-қопсы салдырмай жатыр» деп ренжіп отыр екен. Солардың біріне жолығып едім, былай деді:

– 5-6 ешкім бар еді. Шарбақтың қуыс-қуысынен шығып кете береді. Кішкентай қора соға қояйыншы деп едім, әкім «трактор әкеліп бұзып кетеміз» дейді.

– Неге?

– «Ауылдың көркін бұзасыңдар» дейді әкім.

– Енді бүкіл ауыл малсыз тіршілік ете ме?

– Әкімнен ешкім қорықпайды. Бәріміз президентті күтіп отырмыз. Ол кісі кеткен соң сарайды да, қораны да саламыз.

Ауылдың ішінде дырылдап жүрген тракторлар көп. Көбісі көше бойында қазылған арықтарды көміп жатыр. Тұрғындардың бірі қасымызға келіп:

– Ауыл сусыз отыр. «Әр үйге ауыз су тартамыз» деп уәде беріп еді. Енді қазған арықтарын қайта көміп жатыр, – деді.

– Бірнеше күннен соң ауылдарыңызға президент келмей ма? Қызылағаштың көркін бұзбас үшін әдейі көміп жатқан шығар, – деп қалжыңдап едім:

– Ия, ия! – деп ауыл тұрғыны жырқ-жырқ күлді. – Президент кеткен соң, бұл арықтарды қайта қазар деген! Өзің журналиссің бе?

– Иә. Бүгін таңертең келіп едік.

– Олай болса үйге жүр, шай ішіп шығасың. Кешке біздікіне қона сал.

– Көп рахмет, ақсақал. Бүгін шынында да қонатын жер болмай тұр еді. Алла разы болсын.

Сөйтіп көшеде танысқан кісінің үйіне барып шай іштім. Басталған жұмысымды жалғастырмақ болып, Қызылағаш ауылының орталығындағы жақында ғана күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйіне қарай беттедім. Көше бойымен келе жатқанда президенттің суреті бар тағы бір билбордқа көзім түсті. Бұл жолы ол кісі жалғыз емес екен. Қасында ұлттық киімдерін киіп алған әр ұлттың балалары қаптап тұр.

Мәдениет үйіне келсем – президенттің сапарына байланысты қойылатын концертке қызу дайындық. Ауылдың жастары бірінен соң, бірі сахнаға шығып ән айтып, би билеп жатыр. «Қой, бұларға кедергі жасамайын» деп сыртқа шығып едім, ауыл әкімін көріп қалдым. Ол кісі де мені бірден таныды.

– Жүр, комондировочныйыңа мөр қойып берейін, – деді.

Әкімнің көңілін ауламақ болып:

– Ауылдарыңыз әдемі екен, – дедім.

– Президентіміздің арқасында қайта тұрғызылған ауыл ғой. Қалай, жұмысың бітті ме?

– Ертең жарылған бөгеттті түсіруім керек еді. Содан соң, бітеді.

– Менің машинаммен барып келесіңдер. Ауыл тұрғындары мені жамандап жатыр ма? – деп сұрады. «Иә» десем, шамына тиіп кетермін деп:

– Жоқ, жоқ! Қайта, керісінше, мақтап жатыр. Сіз жарты сағат уақыт бөліп, сұхбат берсеңіз дұрыс болар еді, – дедім.

Әкім келісті. Сұхбат алып болған соң телефон арқылы Азаттық радиосының тікелей эфиріне шығып, таңертеңнен бері көрген-білгенімді баяндап бердім.

Негізі, бір күн эфирге шықпай тұру керек еді. Сол кезде жұмысым толық аяқталар ма еді? Өйткені Қызылағаш өзенінің бойындағы жаңадан салынған көпірді түсіріп жатыр едім, нөмірі жоқ ақ «Нива» мінген біреулер келіп, мені сұрақтың астына алды:

– Молодой человек, что вы там делаете? (Жігітім, не істеп жатырсыз?) – деді

– Работаю, снимаю! (Түсіріп жатырмын!) – дедім. Бұдан әрі әңгімеміз орысша өрбіді. Қазақшасы шамамен былай болады:

– Камераны өшіріңіз!

Түсінбей қалдым. «Бұлар қайдан келген дәулер» деп тұр едім:

– «Камераны өшіріңіз!» дедім ғой! – деді тағы.

– Жаңа ғана ауыл әкімінен сұхбат алдым. Құжаттарым міне, – дедім.

Ақ көйлектегі жігіт менің құжаттарымды мұқият қарай бастады. Осы кезде маған «Бұл үшеуі Қызылағаштың тұрғындары емес, оны киген киімдері айтып тұр. Әрі орысша да таза сөйлейді. Шамасы, облыстық әкімшіліктің шенеуніктері немесе құқық қорғау қызметкерлері болар» деген ой келді. Мен де тыныш тұрмай.

– Құжаттарыңды көруге бола ма? – дедім.

– Болмайды. Мұнда мен бастықпын. Жігітім, қазір жиналыңыз. Енді ештеңе түсірмейсіз!

– Неге түсірмеймін? Жұмысым осы емес пе!

– «Түсірмейсіз» дедім ғой! Осымен сөз бітті!

Мен олардың көзінше телефонды ала салып, бірдемені қиратып жіберетіндей әкімге хабарластым. Тұтқаның ар жағындағы дауыс:

– Бұдан кейін маған хабарласпаңыз! – деп қысқа қайырды.

Мен аң-таңмын. «Табан астында не бәле болып қалды?» деп ойладым. Сөйтіп, асай-мүсейімді жинап, өзімді қонаққа шақырған тұрғынның үйіне бардым. Ақсақал мені көре сала сумкаларымды далаға сүйреп шықты.

– Айналайын, шырағым, көкетайым! Сен ренжіме. Бүгін басқа жаққа қона ғой, – деді.

– Жарайды, ақсақал. Бірақ сіздерге біреу бірдеме деді ме?

–Жоқ, жоқ. Ешкім ештеңе деген жоқ. Бірақ басқа жаққа баршы.

Ақсақалдың бойында бір үрей бары байқалып тұрды.

– Осы сізге біреулер келіп бірдеме деді-ау? Қорықпай айтсаңызшы, – деймін.

Бағанадан бері үнсіз тұрған кемпірі:

– Тамақ жедің, шәй іштің – енді соған да риза бол! Әр нәрсені сұрай беріп қайтесің. Бәрібір қолыңнан түк келмейді, – деді.

«Енді кеш батқанда қайда барамын? Әлгі адамдар бүгін жұмыс істетпеді, ертең де маза бермесі белгілі. Қой, есім барда елімді табайын» деп, Талдықорғанға қарай кетіп бара жатқан көліктердің біріне міндім.

Міне, мен осылайша Қызылағаштан қуылдым. Себебі не екенін өзім де түсінбедім. Мүмкін, тікелей эфирдегі хабарымды әлгі жігіттер естіп қойды ма екен...

boltaie@gmail.com
XS
SM
MD
LG