Accessibility links

"Назарбаев университеті КИМЭП-тің кебін кимей ме?"


Назарбаев университетінің негізгі ғимараты. Астана, 28 қыркүйек 2010 жыл
Назарбаев университетінің негізгі ғимараты. Астана, 28 қыркүйек 2010 жыл

Назарбаев университеті қарқынды жұмыс істеуі үшін арнайы заң керек. Осындай оймен бүгін университет басшылығы мен білім министрлігі парламент мәжілісінде «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» заң жобасын жария етті.


Әу баста журналистерге заң жобасының презентациясына жаңадан тағайындалған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов қатысады деп мәлімдеген. Бірақ, жаңа министр келген жоқ.

КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАҒАН ТҰСАУКЕСЕР

Бақытжан Жұмағұловтың орнына келген вице-министр Маметғали Сарыбеков жалпылама сөз сөйледі де, мінберді «Назарбаев университетінің» президенті Аслан Сәрінжіповке берді. Мұнысы «Заң жобасын жазған «Назарбаев университеті» болғандықтан, жауап беретін де солар» дегендей көрінді.
Аслан Сәрінжіпов, «Назарбаев Университетінің» президенті. Астана, 30 қыркүйек 2010 жыл

Аслан Сәрінжіпов презентациясын қазақ тілінде жасады. Бірақ, Қазақстанның брендіне айналатын университет басшысының қазақша сөйлеген сөзінен түк ұқпаған депутаттар, мәселенің анық-қанығына жету үшін сұрақ – жауапты орыс тілінде жалғастыруды жөн көрді.
Ресми түрде мәжіліске заң жобасын ұсынардың алдында университет бұл құжатты жеті комитеттің саралауынан өткізген.

Бүгін депутаттарды ашуландырғаны – комитет шеңберінде айтылған ескертулерді «Назарбаев университетінің» басшылығы ескермепті. Депутат Рамазан Сәрпеков тіпті, «заң жобасының презентациясы көңілімізден шықпайды» деп, университет басшысының дайындалып келіп, тұсаукесерді қайта өткізуін талап етті.

АУЗЫ КҮЙГЕН ҮРЛЕП ІШЕР

Сонымен, «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен «Назарбаев қоры» туралы заңды қабылдағанда, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, cалық туралы, мемлекеттік бюджет туралы кодекстерге; білім туралы, лицензиялау туралы, коммерциялық емес ұйымдар мен ақционерлік қоғамдар туралы заңдарға өзгертулер енгізуге тура келеді. Бірақ, депутаттарды әзірге алаңдатып отырғаны басқа. Университеттің мәртебесі. Заң жобасы қабылданса, Назарбаев университеті академиялық еркіндік алып, автономды білім ордасына айналады. Жаңа университет білім және ғылым министрлігіне бағынбайды.

Университеттің тәуелсіздігін сөз болғанда депуттаттар КИМЭП-ті еске алды. «Мысалы осыдан оншақты жыл бұрын Алматыда КИМЭП деген университет ашылғанда, ел-жұрттың барлығы жақсы оқыған балаларын сонда апарып түсіріп, қалталарындағы соңғы тиынына дейін төлеп, ол университетті керемет деп жарнамалаған кезде мемлекеттік университеттің деңгейі төмендеп қалған сияқты болған. Ал енді айналып келді-дағы Білім министрлігінің ол университетке қатысы болмай қалды. КИМЭП айтты біз өзіміз құрылтайшымыз, өзіміз қаржыландырамыз, өзіміз жауап береміз деді. Ал енді диплом беретін кезде, олардың дипломдары жарамсыз болып қалды. Сол сияқты келеңсіз оқиғалар осы заңның төңірегінде болмасын деген ой біздікі», - дейді Рамазан Сәрпеков.
Маметғали Сарыбеков, Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі. Астана, 30 қыркүйек 2010 жыл

Парламент мүшелері «Назарбаев Университеті» бюджеттік қаражатты пайдаланып отырғандықтан, мемлекеттік мекемеге есеп беретіндей болсын дегенге келтірді. Айта кету керек, 2011 жылғы бюджеттен Назарбаев Университетіне 33 миллиард теңге жұмсалады.

Депутаттардың күдігін тудырған тағы бір мәселе - қамқоршылық кеңестері. Университетті басқаратын бұл кеңестерді кім бекітетіні, қанша адамнан тұратыны, олардың құзыреті заңда жазылмаған. Ал депутаттар осының бәрін заңға енгізуді талап етіп отыр. Университет басшылығы «Жоғарғы қамқоршылық кеңесін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқарады» дегеннен басқа мардымды жауап бере алмады. «Назарбаевтың аты аталды екен деп заң бірден қабылданады деп ойламаңыздар» деп жауап қайтарды парламент мүшелері.

БІР УНИВЕРСИТЕТ - ЕКІ ДИПЛОМ

Назарбаев Университеті Гарвард, Дюк, Питсбург, Пенсильвания университеттері сияқты әлемнің ең үздік деген он университетімен әріптестік туралы келісім шартқа қол қоймақшы. Яғни студенттер екі оқу орнының дипломын алып шығады. Аслан Сәрінжіповтың айтуынша, бір-екі семестрді шетелден оқып келулері де мүмкін.
2011 жылғы бюджеттен Назарбаев Университетіне 33 миллиард теңге жұмсалады.

Бүгінде жаңа университет 485 студентті алғашқы курсқа немесе университетке дайындық бағдарламасына қабылдады. Назарбаев Университетіндегі оқу құны 12-13 мың фунт стерлинг болмақ, бірақ биыл оқуға түскен жастар мемлекеттің есебінен білім алады.
XS
SM
MD
LG