Accessibility links

Саған мәңгі өшпін


"Асанәлі" деген коньяктың этикеткасы. Көрнекі сурет
"Асанәлі" деген коньяктың этикеткасы. Көрнекі сурет

Кеше «Сен – қазақ» сайтын парақтап отырып Бұзау деген атпен жазба қалдырған Досжан есімді досымды жолықтырдым. Мектеп кезімдегі жора-жолдастық пейілдің ыстық сағынышы қайта оянды. Досымның бір жазбасын ұсындым. Жазбаның төте жазудағы нұсқасы осы күнге дейін (31 қазан күні жарияланған) 2500 рет қаралып, 80-нен артық пікір қалдырылған.

Бәлкім осындағы («Сен – қазақтағы») кейбір ағаларымыздың, апайларымыздың жақын достарының бірі боларсың, бәлкім бұрын араласқан боларсың… бірақ өзімнің өшпенділігімді «Сен – қазақтағы» барлық қауым алдында, қандастарымыздың алдында аямай айтып, шиіңді шығарғым келіп отыр.

Алғаш рет, ұмытпасам 12 жасар кезімде сені көршіміз Рақымбайдың үйінде болған тойда көрдім. Марқұм Рақымбайдың төрінен, құдалар мен құдағилардың ортасынан ойып орын алған екенсің. Бәлкім ұмытпаған шығарсың, сол күні тойдың арты қызыл-қырғын төбелес болып, екі құданы бір-біріне айтақтап салып, жағадан алысуға дейін апарыпсың… Бірақ мұны ешкім де сенен көрмеді. Сол оқиғадан соң ауылға жиі келіп тұратын болдың.

Есімде қалуынша, ауылдағы Ержан Үрімжіде оқып жатып, группаластарын ертіп келгенде сені де отырысқа шақырған. Тағы сол жерде шырықты бұзып, бір адамның қанына ортақ болдың. Мен саған ренжи бастадым, сонда да жұрт сені танымады, сені қорғады.

Төкен деген жігіт әйелін көшенің ортасына алып шығып, шашынан жұлып сабағанда Төкеннің жанында қылмыңдап және жүрдің - мен де көрдім, ел де көрді. Алайда сені дұшпан демеген жұрт ауылдағы болған шілдеханадан неке тойына дейін сені қалдырмай шақырып жүрді. Әр тойда алал аспен бірге, қонақтармен бірге отырып жүрдің, сен иттігіңді тастамадың - ағайындылардың көрместей қылып, атпал азаматтарды әкесінің жағасынан алдыртуға дейін бардың. Жүрмейтін жерің жоқ болды: тауда қойын бағып, қымызын ішіп отырған момын халқымызға лаң салдың, ойға түсіп талай шаңырақты ортасына түсірдің.

Мен ержеттім. Бес жылдың алдында біздің үйдің босағасынан аттадың. Келе сала шырықты бұздың. Тап-тамаша жанұяның шаңырағын ортасына түсіруге таядың. Сонда біз әке-шешемізбен бірге сені қуып шықпақ болдық, бірақ туған ағамыздың бізге айтақтап, қол жұмсаттырдың. Мен саған ашуым келгені соншалық, сені көрсем делебем қозып, сені құртып жібергім келетін болды. Әпкемнің тойына сені шақырмауға өз пікірімді айттым, дегенмен, туыстар келісім бере қоймады. Соңы не болды? Ұмытпаған шығарсың?! Атам жарықтық намаз оқып, апам жарықтық жантайып кеткен қара шаңырақтан сені суырып алып быт-шытыңды шығардым… Сендей дұшпанға қарсы шыққаным үшін көп елден сөз естідім. Бірақ мен сені анық жау деп білдім. Сенің жамандығыңды жасырған қалың қауымға жаным ашыды, ашиды да.

Ойлана келе, сенің сырт дұшпандар жіберген итаршы екеніңді білдім, ендігіде босағама, туыс-туған, халқыма жолатпауға бекідім. Мен сол үшін күрес жасауға дайындалдым, дайындалып болдым да…

Сенің сырың әбден ашылды. Ендігі жерде біздің ауылға жолап көрші, сені қолдаған әрбір адаммен қарсы майданда болып, сені маңымызға жолатпауға ант етем… Сен бар жерде мен отырмаймын. Біл, қал, оңбаған!

Өткізген кемшілігің үшін кешірімің сұрауыңды қажет етпеймін, тек біздей - қазақтай халықтан аулақ жүр.

Мен ержеттім. Сенімен күресуге, ағайындарыңмен күресуге дайынмын, оңбаған қу арақ!

31 қазан, Шиху

http://kazprose.wordpress.com
XS
SM
MD
LG