Accessibility links

Мұсылман болғым келмей кетеді


Қажылардың Мекке мешітіндегі ақшам намазы. Сауд Арабиясы, 12 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет
Қажылардың Мекке мешітіндегі ақшам намазы. Сауд Арабиясы, 12 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет
Кейде мұсылман болғым келмей кетеді. Неге екенін білгілерің келе ме? Онда айтайын. Бұл – менің ислам дінін негізсіз екенінен, Аллаға сенбегенімнен емес, сол ислам дінін жамылған қаптаған қалың сектадан және олардың ырың-жырың тартыстарынан, итжығыс күрестерінен жалыққанымнан. Сөзім дәлелді де шынайы болу үшін ойымды толық жеткізейін.

Мен де бұрын «бабамыз мұсылман, ендеше мен де мұсылманмын» деп есептеп, жамандықтан қашатынмын, ислам дініндегі парыздарды орындауға тырысып бағатынмын. Бірақ соңғы кездері Қазақстанның ашық қалған қақпасынан әр түрлі діни топтардың енуімен бірге менің қалыпты өміріме, рухани әлеміме де жиі-жиі шабуыл жасала бастады.

Ең алдымен «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ата сөзіне құлап, бұрынғы өткен бабаларды еске алып, ас берейін десем, онымды «дінсіздік» деді. Халқымыздың сан ғасырдан бері отқа май құйып, келінді оң аяқпен аттатып кіргізуі, беташар жасауы – «отқа, суға табыну, харамдық» болып саналды. Сосын сан ғасырдан бергі төл мәдениетіміз – қобыз бен домбыраға да шабуыл жасалып, ол да көненің қалдығы болып шыға келді. Тіпті, кейбір шала дүмшелер «ән айту – харам, барлық мадақ ән тек Аллаға айтылу керек» деп соқты. Оны айтасыз, соңғы кезде халық арасында қайта жанданып келе жатқан сан ғасырлық тарихы бар «Қаражорға» биін «зинаға апаратын төте жол!» деп, біреулер енді қазақтың өнеріне тіке шабуыл жасап, ислам дінін өркениетке, өнерге қарсы қоя бастады.

Қазір кез-келген теледидардан, газеттен «мешітке баратын, имандылыққа жол алған жастар көбейіп келеді» деп, бөркін аспанға атып жатқан елді көреміз. Бірақ сол имандылыққа барды деген қазақ жастарының әрқайсысы әрбір топтың жетегінде кетіп, бір-біріне қас жауындай қарайтынын, тіпті «мына адасқандарға жиһад жариялау керек, құрту керек!» деп тіс қайрап отырғанын, еліміздің сырты бүтін болғанымен, іші түтін екенін ешкім елемейді. Ертең бір-бірімізге «жиһад» деп оқ атып, отанның да, отбасының да тыныштығын алсақ, өз бауырымызды атып, оны «шаһид» деп, өлген баламызға қуансақ – не боламыз?

Бүгін би мен әнімді күнәға балаған, ертең ішкен қымыз бен жеген қазымды харамға қосатын топас діндарсымақтардан жалығып, шаршаған кезімде мұсылман болғым келмей кетеді!!!

http://kokjal83.wordpress.com
XS
SM
MD
LG