ЖИНАЛЫСТАҒЫ ЖАНЖАЛ
«Уикиликс» сайтының сейсенбі күні жариялаған мәліметтері «Қазмұнайгаз» компаниясының бірінші вице-президенті Мақсат Иденовтың іс-әрекетін сипаттаудан басталған. Оның «Шеврон» басшылары қатысқан жиналыстан осы компанияның Еуразия мен Еуропа және Таяу Шығыс бойынша президенті Гай Холлингсуорт пен «Шевронның» Еуразиядағы стратегиялық бизнес жөніндегі басқару директоры Джеймс Джонсонды шығарып жібергені туралы жазылады.
Аты аталмаған ақпарат көзінің айтуынша, ол екеуі жиналыстан Қашаған келіссөздеріне қатысты көңілге қонымсыз пікір білдіріп, «Қазмұнайгаз» басшылығына құрмет танытпағаны үшін шығарылды.
Алайда Джонсонның өзінің сөзіне қарағанда, жиналыс оң бағытта өтіп жатқан сәтте, Иденовтің жаңадан келген Джонсонның қалта телефонының нөмірін сұрап, оның дереу телефон нөмірін бере алмай қалуы отырыстың бұзылуына себеп болған.
Одан кейін ашуланған Иденов бірден «Шеврон» компаниясының президенті Дэйв О'Рейллиге наразылық хатын екі қайтара жолдап, оның көшірмесін АҚШ елшілігіне де жіберген. Мұнан соңғы сөйлесулерде Иденов өзінің ол әрекеті «Шевронға» қатысты нашар қарым-қатынасына байланысты емес екенін айтып, Холлингсуортке деген ашуын оның бизнеске қыры жоқ, жасап жатқан ісімізден хабарсыз деп негіздеуге тырысқан.
Жанжал соңында Холлингсуорттың Қазақстан президентінің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен жақын байланысы жайында да айтылады. Бұл жерде мәселе – «Қазмұнайгаз» компаниясының бірінші вице президенті Мақсат Иденов Қазақстанның мұнай-газ саласында ықпалды адам Тимур Құлыбаев емес, өзі екенін көрсеткендей болып отыр деп жазады «Уикиликс» сайты.
Мақсат Иденов Қазақстанның Қашаған бойынша негізгі мәмілегері және ол халықаралық мұнай компаниясының бір өкілі айтқандай, «Қазмұнайгаз» компаниясындағы бірінші адам. Өйткені компанияның барлық қызметкері Иденовке есеп беру керек, ал Иденов тек «Қазмұнайгаздың» президенті Ұзақбай Қарабалинге ғана құлақ асады деп көрсеткен «Уикиликс».
Сол себепті Мақсат Иденов халықаралық мұнай компаниялары тек өзімен ғана жұмыс істеуі керек деп біледі. Сонымен қоса Иденовтің әрекеті өзін жоғары тұрмын деп көрсету ғана емес, Тимур Құлыбаевтың төмендегенін де білдіру сияқты болып отыр дегенге назар аударады «Уикиликс» сайты.
«Уикиликс» келтіріп отырғандай, өткен жылдың соңында «Қазмұнайгаздың» иелігіндегі «Самұрық» компаниясындағы қызметінен алынған Тимур Құлыбаевтың қазірде мұнай-газ саласындағы ықпалы әлсірей бастаған.
Сайттың жазуынша, Тимур Құлыбаев орнынан алынған соң көп ұзамай, өзімен бірге гольф алаңына шыққан Холлингсуортқа «Менің бұл орыннан шеттетілуім - президенттің қалауымен болды. Себебі ол Қашаған келіссөздері дұрыс болмай қалған жағдайда мені жауапкершіліктен құтқарғысы келд» деп айтқан.
Тимур Құлыбаев қазір жартылай мемлекеттік «Қазэнергия» компаниясының басшысы. Демек оның әлі де үкімет өкілдерімен, қайын атасымен байланысы бар делінген «Уикиликс» деректерінде Құлыбаевтың ұтқыр ойлы, мықты кәсіпкер екені де жазылады.
Құпия мәліметтерде жазылғандай «Самұрық-Қазына» басқармасының бастығы Ричард Эванс бүкіл «Самұрық» компаниясында өзі көрген нағыз шынайы бизнесмен Тимур Құлыбаев депті-мыс. Біздің болжауымызша, Назарбаев Рахат Әлиевтен кейін өзіне қауіп төндіруі ықтимал немесе беделіне нұқсан келтіруі мүмкін жақын туыстарын үкіметтің басты қызметтерінен аластатып жатқан болуы мүмкін дейді «Уикиликс» сайты жариялаған дерек көзі.
АТҚҰМАРЛЫҚ ПЕН ЗӘУЛІМ САРАЙ САЛТАНАТЫ
«Уикиликс» сайты жария еткен дерек көздері Қазақстанның ресми тұлғаларының бизнес саласындағы әрекеттерімен қатар, олардың жеке өмірінің қатпарларына да үңіліп, бірқатар оқиғаларға тоқталған.
Қазақстаннның саяси элитасының саяхат құру, атпен сейілдеу, сырғанақ тебу сияқты түрлі хоббилерімен қатар, концертін тамашалау үшін британиялық әйгілі әнші Элтон Джонды миллиондаған доллар төлеп Қазақстанға шақырту, елдегі мүлкін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сарай үшін саудаға салу сияқты «маңызды» шаралармен де айналысатынын жазады «Уикиликс».
Бұл тұрғыда Қазақстан президентінің отандастары сияқты атқан мінуді ұнататынын, оның Астана маңындағы резиденциясында әлемнің әр аймағынан әкелінген қырық түрлі асыл тұқымды жылқылары бар екені сөз болған. Сайт жарияланымында тіпті Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаеваның президентпен бірге ел алдына шыға бермейтіндігі де айтылып отыр.
Сол сияқты Назарбаевтың ауа-райы жылы аймаққа барып демалып тұратыны, мемлекет басшысының Бурабайдағы жеке мүлкін Араб әмірліктеріндегі сарайға ауыстырғанын жазады «Уикиликс» өзінің ақпарат көзіне сілтеме жасап, бірақ оның уақытша мерзімге берілгені немесе біржола сатылып кеткені мәлім емес делінеді.
Астанадағы Түркия байланыс орталығының басшысы Орхан Ишик Назарбаевтың Анталияда вилласы бар екенін, оған жылына 4-5 рет барып тұратынын айтқан. Ишик мырза Назарбаевқа ол вилланың 1990 жылдардың басында сыйлық ретінде тегін берілгенін, енді қазір ол жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өте қымбат мейманхана салуды жоспарлап отырғанын да жайып салған.
ТҮНГІ КЛУБ ПЕН ҚЫМБАТ ӘНШІ ДЕ ЖАТ ЕМЕС
«Уикиликс» сайты мұнымен қоса Қазақстан жоғары билігіндегі тұлғалардың қай түнгі клубқа барып, қалай, қанша уақыт билегенін де жазып отыр.
Мәселен, АҚШ-қа сапары болмай қалған соң екі күннен кейін, наурыздың 7-де премьер-министр Кәрім Мәсімовтың Астанадағы белгілі Chocolat деген түнгі клубта болғаны жазылған. Онда түнгі сағат 11.30-да Мәсімов, президент әкімшілігінің басшысы болған Қайрат Келімбетов және сол кездегі Астананың әкімі Асқар Мамин орта жастағы үш әйелмен бірге түнгі клубқа барған. Онда Мәсімовтің би алаңына шығып, шаршамай ұзақ билегенін жазады «Уикиликс» сайты.
Қазақстандағы қаржы алпауыттарының өмірі жайлы да «Уикиликс» сайты мәліметтер келтіріп отыр. Оның бірі қазақстандық олигарх Александр Машкевичтің Алматыдағы кең сарай үйіне екі АҚШ конгресмені қонаққа барып, кешкі аста болғанын жазады. Ол қонақта мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың да болып, Машкевичтің қонақтарға ұзақ анекдот айтқаны да сөз болған.
Тағы бірде Саудабаевтың Машкевичтің үйінде АҚШ үкіметінің өкілдерін екі рет қонақ қылғаны, екі ретте де Машкевичтің өзінің болмағаны айтылады. Оның бәрінде де шетелдік қонақтарға бірдей дастархан мәзірі ұсынылып, тек қазақша ет пен палау болғанын жаза келе, олардың аспазшылары советтік мейрамханада тәжірибеден өткен сияқты деген тұжырымдар келтірілген сайттағы мәліметтерде.
Осы тұста 2007 жылы Тимур Құлыбаевтың 41 жасқа толғанын қалай атап өткені де сөз болып отыр. Оған Ресейдің поп-жұлдыздары шақырылып, ең бастысы бір ән айту үшін 1 миллион фунт ақша төлеп, Элтон Джонды Қазақстанға әкелгендігі сөз болып отыр.
Тағы бір ақпараттарға сүйеніп, 2007 жылдың тамыз айында Тимурдың әйелі Динара Құлыбаеваның туған күніне канадалық әнші Нелли Фуртадоның келгені айтылады. Тимур Құлыбаевтың мырзалық танытып, Түркияның Бодрум қаласында жаңадан салынған өте қымбат люкс вилладан әрқайсысы 4-5 миллион доллар тұратын бөлмелерді келген қонақтар мен жақындарына алып бергенін түркиялық дипломат Ишик келтірген.
ШОРТАНДАР МЕН ШАБАҚТАР
Сонымен қоса «Уикиликстің» Қазақстанға қатысты жариялаған мәліметтері қатарында, Қазақстанның Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлық істеріне қатысы бар деген күдікпен бірқатар шенеуніктерді қудалап, қамауға алып, сотқа тартып жатқаны сөз болады.
Шенеуніктерге қарсы науқанның алғашқы құрбаны Серік Бүркітбаев екені, оның жауапқа тартылуына бәрінен бұрын Рахат Әлиевпен байланысы себеп болғанын жазып, бұған нұсқау жоғарыдан берілген деген тұрғыдағы қорытынды жасап қойған.
Ең қызығы – Қаржы полициясының коррупцияға қатысты шенеуніктерге қарсы науқанына байланысты мәліметтер соңына «Уикиликс» сайты «үлкен шортан, кішкентай шабақ» деген тақырыпшамен сұрақ белгісін қойған.
«Уикиликстің» Қазақстанға қатысты шығарып отырған құпия мәліметтері қатарында, Ресейдің Орталық Азиядағы саясатына, Қазақстанның жалпы шет мемлекеттермен қарым-қатынасындағы түйткілді мәселелерге қатысты да түрлі деректер келтірілген.
АСТАНАҒА «УИКИЛИКСТЕН» ГӨРІ САММИТ МАҢЫЗДЫ
Халықаралық әлеуметтік «Уикиликс» сайты жариялаған құпия құжаттардың Қазақстанға қатысты бөлігі туралы кейбір мемлекеттік орган өкілдері естігенмен, оның мазмұнымен толық танысып үлгермепті. Айталық, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровқа хабарласқан кезде:
– Мен бұл құжаттардың көпке жарияланғаны туралы естігем. Бірақ онда нақты қандай мәліметтер жарияланғанын білмеймін, – деді Ілияс Омаров Азаттық тілшісіне.
Бұл турасында үкімет пен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының Астанадағы телефондарына хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын ешкім көтермеді. «Уикиликстің» жазуынша, премьер-министрдің «думанды кешінің» куәсі ретінде танылған бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы, қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқаратын Қайрат Келімбетовті де таба алмадық. Қордың баспасөз хатшысы Фатима Қосаева саммитке байланысты бәрінің уақыты тығыз екенін айтты.
– Қазіргі таңда Астанада саммит өтіп жатқанын білесіз..., – деді Фатима Қосаева.
Азаттық тілшісі билік өкілдері мен мемлекеттік органдарынан мардымды ешнәрес ести алмаған соң, кейбір саясаткерлер мен сарапшылардың пікірін білуге тырысып көрген еді.
Ғани Қасымов, сенатор: – Мен оны оқыған жоқпын. Сондықтан ол туралы бірдеңе айту қиын. Бірінші рет сізден естіп тұрмын.
Айдос Сарым, саясаттанушы: – Өз басым «Уикиликс» деген мәселеге екіұдай пікірдемін. Әрине, олардың ішінде бүгінгі күні АҚШ-тың әскерилері т.б. басқалардың қолдан шығып кеткен құжаттар бары анық. Байқап отырсам, біраз елдер, мемлекеттер «мұның арасында әдейі арандату да бар» деп те отыр. Жалпы мұндай құжаттардың шығуы Қазақстанның ішінде ешқандай заңдылық жалғасын таппайды. Яғни, «осындай құжаттар жарияланыпты» деп ешкім арнайы қылмыстық іс ашып, зерттеу жүргізбейді. Өйткені, бізде парламенттік оппозиция да, басқа да жоқ.
Бірақ онда жарияланған фактілерді қарап отырып «Қандай елде өмір сүріп жатырмыз?» деген сияқты сұрақтар туындайды. Және әлемдік саясаттың қалай жүргізілуі жөніндегі біраз мағлұматтар да берген сияқты.