Кезінде еліміз егемендік алған тұста елбасымыз бастамасымен, халық қолдауымен мемлекеттік тілімізге арналған бірінші мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Елбасы жарлығымен бекітілген бағдарлама. Бұл не деген сөз? Бұл ‒ бүкіл билік лауазымдыларға да, барша атқамінерлерге де берілген нақты бұйрық. Он жыл ішінде сатылап, белгіленген кесте бойынша іс-қағаздарды қазақ тіліне көшірудің жоспары. Әр мемлекеттің қолға алатын бірінші ісі. Әрине, шын мемлекет бар болған жағыдайда...
Жарайды. Он жыл өтті дедік. Ел басының да, мемлекет басының да бұйрықтарын қол астындағылар өрескел орындамады. Нақты бұйрықты, жалақы алып отырған жұмысын, тапсырмасын орындамады. Дұрысы, орындауға ниет те білдірмеді.
Сонда біздің тапсырма берген билік, ел атынан сөйлейтін ең жоғары лауазымдыларды айтып отырмын, сол билік не істеді? Ол билік, өзінің бұйрығын орындамаған төмендерге: «Мақұл, ендеше, тағы да бір он жыл уақыт берейін» ‒ деді. Және де бұндай құр сөз уәдемен шектелмей, дереу айтқанын іске асырды. Яғни екінші рет мемлекеттік бағдарлама қабылдай салды.
Бір кез келген шет тілді асықпай үйрену үшін мамандар ең көбі үш тоқсан ‒ тоғыз ай жетеді дейді. Жазып-сызуға дейін меңгеру үшін, сол тілде емін-еркін тілдесу үшін, түсінісу үшін. Ал бізше қалай? Бізше ол мерзім аттай он жыл делінген! Он үш есе көп мерзім!
Жарайды тағы да... Екінші рет он жыл өтті. Екінші рет мемлекеттік қызметкерлеріміз, яғни халық қаржысына, біздің ақшамызға өмір сүріп жүрген шенеуніктер, сол оларды асырап жүрген халықтың зор талабын, премьердің нақты қаулысын, елбасының қол қойған жарлығын, қатаң бұйрығын, «аюды да үйретуге болатын уақыт өтті» ғой деп шамданып айтқан кәрлі сөзін құлағына да қыстырған жоқ, құлақ қыстыру былай тұрсын, пысқара қараған да жоқ.
Ал, енді ше? Енді не істеді жоғары билігіміз? Елбасының, халқымыздың талабын анық орындамаған қанша шенеунік жазаланды? Қанша лауазымды адам сөгіс алды? Көзімізді бадырайтып бетімізге күліп, жоқ, күліп емес, түкіріп, өрескел бұл қаулыларды, бұл жарлықтарды, бұл мемлекеттік бағдарламаларды бұзғандарға не істеді десеңізші?
Әке-көкелеп, мәймөңкелеп, беттерін (басқа жерлерін де) сипалап: «Ештеңе етпейді, менің айтқан сөздерімді осылайша керек қылмай жүре беріңдер. Мен сендерге жайбарақат өмір сүре беруіңіз үшін қазнадан тағы да ақшаны төгемін, тағы да он жыл мерзімді беремін. Еш қымсынбай, айтқанымды керек қылмай істеріңді жалғастыра беріңдер» ‒ дегенмен парапар емес пе осы үшінші рет онжылдық мемлекеттік бағдарлама қабылдаймыз деген қылық?
Айтайын дегенім қарапайым нәрсе. Үшінші бағдарламаны қабылдау ‒ бұл алдындағы екі бағдарламаның өрескел орындалмағанын мойындау, сонымен келісу, керек болса, орындалмағанын қолдау, қолпаштау.
Бұл бір. Екіншіден, бұл сол орындамаушылықты дәстүрге айналдыру, әдет қылу. Бұның мағынасы түсінікті ‒ орындау міндет емес, тағы да бірнеше рет ұзарта береміз ‒ деген айдан анық сыңай.
Яғни қазақты қазақ жерінде сыйламау, оның тілін керек қылмау біздің мемлекетіміз үшін ‒ қабылданған, ең жоғары тұста қабылданған да, мақұлданған да тәртіп, дәстүр, әдет, саясат. Шын пиғылы.
Келіспесеңіз, басқаша бұл логикаға қарсы бір дәлел айтыңызшы!
Бізде қазаққа келгенде мемлекеттік бағдарламалар да, үкіметтің қаулылары да, президенттің жарлықтары да орындалу үшін қабылданбайды! Орындалмау үшін қабылданады. Келісесіз бе, келіспейсіз бе ‒ бұл шындық. Он жыл мерзім берсеңіз де орындалмайды, жиырма жыл берсеңіз де, отыз жыл берсеңіз де...
Үшінші рет онжылдық мемлекеттік бағдарламаны қабылдау ‒ бұл қазақты өз елінде, өз жерінде қорлау! Бұны қолдағандардың ‒ Алаш арыстарымызды атқан жендеттердің қатарына тұруымен парапар! Қазақтың дұшпаны екенін айқын көрсету!
Бұл ‒ ертең төртінші, жүзінші, мыңыншы бағдарламаларды шығара беретінің дәлелі! Бұл нақ істі істеу ниетінің жоқтығының дәлелі, бұл бізде мемлекетіміздің аты бар да заты жоқ екендігінің көрсеткіші!
Үшінші рет қазақ жерінде қазақ тілін дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама қабылдау ‒ не қазақ өлгенін, не бұл мемлекеттің оны өлтірмей тынбайтының нақты құжаты.
Басқаша болу, басқаша түсіну оны мүмкін емес.
Меніңше солай.
Ал, сіз қалай ойлайсыз, ағайын?