Accessibility links

"Назарбаевтың орнын басқа біреу басқанша көп уақыт жоғалтып аламыз"


Ерлан Сыдықов, Семей мемлекеттік университетінің ректоры
Ерлан Сыдықов, Семей мемлекеттік университетінің ректоры

Қазақстан президентінің өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізуді ұсынған бастамашыл топ жетекшісі, Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Азаттыққа сұқбат берді.



- Сейсенбі күні Семейде брифинг өткізіп, Қазақстан президентінің өкілетін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту бастамасы бойынша қол жинау науқаны барысында 3 миллион қол жинадық деп мәлімдепсіздер. Солай ма?

- Нақтырақ айтсақ, 2 миллион 590 мың. Біздің қолымызда қол қойылған жүздеген мың қағаз жатыр. Олар біздің тарапымыздан және құқылы органдар тарапынан тексеріліп жатыр. Солардың бәрін заңдастырғаннан кейін Республикалық орталық сайлау комиссиясына табыс етеміз.

- Қол жинау науқаны қай уақытқа дейін жалғасады?

- Бастамашыл топты тіркеуден өткізу жөніндегі куәлікті Орталық сайлау комиссиясынан 27 желтоқсанда алдық. Сол күннен жұмыс жасап келеміз. Ал Қазақстанның референдум өткізу туралы заңына сәйкес 200 мыңнан астам қол жиналса жеткілікті. Бірақ бізде 10-11 қаңтарға дейін жалғастырып, 2 миллионнан астам қол жинаймыз деген келісім болған. Алайда, көріп отырсыз, өзіміз жобалаған межеден асып кеттік. Қол қоюшылар әлі де көбеюде.
Бұл, әрбірден соң, президенттен гөрі халыққа көбірек керек пе деп ойлаймын.

- Қазақстанның референдум туралы заңы бойынша қол жинауға қанша уақыт береді?

- Нақты уақыт көрcетілмеген.

- Жақсы. Ал қаңтардың 10-11-іне дейін қанша қол жинаймыз деп жобалап отырсыздар?

- Міне, төртінші қаңтарға дейін екі жарым миллион қол жинадық. Осы үрдіспен 4 миллионға жуық қол жиналып қала ма деген үміт бар.

- Президент Назарбаевтың сіздердің бастамаларыңызға деген пікірі, көзқарасы белгілі ме?

- Жоқ. Мүлдем білмеймін. Бұл елбасынан гөрі халыққа көбірек қажет пе деп ойлаймын.

- Ал сіздің халық атынан сөйлейтін қандай құзырыңыз бар?

- Қазақстанның әрбір азаматына берілген құқық бар. Конституция бойынша әр азамат заңға сәйкес бастамашыл топ құруға, жиналыс өткізуге, үндеу қабылдауға құқылы. Менен басқа біреу көтерсе де, осындай қолдау табуға болар еді.

ЖЕТІ АДАМНЫҢ КҮШІ

- Желтоқсанның 23-і күні Өскемен қаласында қоғамдық өкілдердің жиыны кімнің бастамасымен, кімнің ықпалымен немесе кімнің тапсырмасымен өткізілді? Қазақстанның 16 аумағынан жиналған 850 делегат кімнің атынан сайланды, кімдер сайлады? Олардың жол қаражаты мен жатын орнын, шығынын кім төледі?

- Сөзіңіздің арасында «Кімнің тапсырмасы?» деген сөз шығып кетті. Содан бастайын. Бұл - ынталы топтың ойы, идеясы. Ынталы топ қарапайым адамдар емес. Жеті адамнан тұрдық. Оның ішінде ғалым да бар, кәсіпкер де бар, кәсіподақ өкілдері де бар. Бір-бірімізді ежелден білетін адамдар. Жиі-жиі әңгімелесіп, пікірлесіп отырғанда осы ой қайта-қайта шығып, мазалай берді. Сонан соң жеті адам жан-жаққа жол жүріп, Қазақстанның аймақтарын аралап, достарымызбен, әріптестерімізбен, пікірлестерімізбен кездесіп, кездесу ұйымдастырдық. Бәрі де бізбен пікірлес болып шықты.
Назарбаев та адам баласы, он жылға қауқары бар.

«Олай болатын болса, неге заң жүзінде іске асырып жібермеске» деп, әр өңірдегі қоғамға белгілі, беделі бар азаматтар шығып, делегаттар жинап, бір жиналыс өткізбекші екенімізді, соған осы идеяны қолдайтын 30-35 адам жинап келулерін өтіндік. Олардың барлығы желтоқсанның 23-і күні Өскемен қаласына жиналды. Жол қаражатын да, ішкен тамағы мен жатар орнын да өздері төледі. Ішінара кейбіріне өзіміз құрған қор арқылы көмектескен жағдайымыз болды.

- Қазақстанда кез-келген азаматқа осындай бастама көтеріп жиын өткізуге рұқсат (жергілікті биліктен болсын, жоғарғы биліктен болсын) оңай берілмейді. Мәселен, өткен жылы Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Қарқаралыға, өзінің атындағы көшеге барғанда жергілікті әкімдік, жұмсартып айтқанда, жақындатпай қайтарып жіберген болатын. Ал сіздерге осындай кең ауқымда жиын өткізуге рұқсатты оп-оңай бере салды ма?

- Біз өтінішімізді Өскемен қалалық әкімдігіне бердік. Және шындығын айттық. «Бұл далада митинг өткізу емес, демонстрация өткізу емес. Біз белгілі бір ғимаратта 850 адамды жинап жиналыс өткіземіз», - дедік те, уақытында рұқсатты алдық.

Ал енді Тоқтар ағамызды сыйлаймыз. Не боп жатқаны, қайда барып жүргені, қай жерде кіммен сөйлесіп жүр, кіммен қандай қарым-қатынасы бар екеніне жауап бере алмаймын.

- Өскеменге, сол өздеріңіздің жиындарыңызға бұқаралық ақпарат құралдарын жинауға кім көмек берді?

- Ақпарат құралдарын жинамаймыз. Қазіргі нарықтық уақытта ақпаратты олар іздеп жүреді. Біз біреуіне де жабық есік деп айтқан жоқпыз. Мүмкіндігінше жан-жаққа айтуға тырыстық. Сенсеңіз, жиналысты аяқтай сала бірінші телефон шалған «Би-Би-Си» болды. Екінші орыстардың «Коммерсанты» болды. Одан кейін – сіздердің Азаттық радиосы.

«БІЗДІҢ ЕЛДЕ БИЛІКТІҢ КӨЗІ ХАЛЫҚ»

- Қол жинау науқанынан кейін референдумды өткізу қашанға жоспарланып отыр?

- Ол менің құқым емес. Конституция бойынша Президенттің құқында. Ал одан кейін референдум болып жатса, елбасының құзыры 2020 жылға дейін созыла ма, созылмай ма – оған халық жауап береді. Біздің елде биліктің көзі – халық.

- Президенттің өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасы неден шығып отыр. Неге басқа бір жылға дейін емес?

- 2020 жылға дейінгі Қазақстанның дамуының бірнеше бағыттағы бағдарламалары жарияланды. Ол бағдарламалардың бастамашысы президенттің өзі. Индустриалдық даму бойынша, білім мен денсаулық саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Он жыл ішінде осы жұмыстар атқарылу керек. Және де осыны кім ұсынып отыр, сол адамның өзі орындағаны тиімдірек болады деген ой туды бізде.
Қазақ елі өссін, өнсін, тарихи аренаға шықсын деп ойлап отырған мемлекеттер шамалы.

Екіншіден, қазіргі кезде президенттің халықаралық беделін, халық арасындағы беделін, жинаған тәжірибесін неге пайдаланбасқа. Бұл, әрбірден соң, президенттен гөрі халыққа көбірек керек пе деп ойлаймын. Қазіргі жүргізіп жатқан саясатының негізі тыныштық, халықтардың бірлігі, ел арасындағы татулық, нарықтық бағыттағы даму, демократияны өзіміздің ерекшеліктерімізге сай ары қарай дамыту. Олай болатын болса, осы саясатты қолдаушылардың саны көп. Мен тарихшы ретінде, ғалым ретінде сараптама жүргізіп, осы саясатты қолдаушылардың көп екендігіне көз жеткізгендіктен кірісіп отырмын бұған.

- 1997 жылы президент Назарбаев «Қазақстан 2030» деген стратегиясын жариялаған болатын. Ресми биліктің мәлімдеуінше, оны Қазақстан қоғамы қызу қолдады. Назарбаевтың құзырын неге бірден осы 2030 жылға дейін ұзартпасқа?

- 2030 жылғы жоспарды бір адам іске асырсын деп қабылдаған жоқ болатын. Ол - үлкен стратегиялық жоспар. «Қазақстан – 2030» деген бағдарламаны түгелдей орындауға, иншалла, келе жатырмыз. Ұзақ мерзімді стартегиялық жоспарлардың арасында аз уақыттық тактикалық жоспарлар болады. Соның бірі 2020 жылға дейін нақты көзделген бағдарлама. Міне, біз соны орындасақ, қазақ елінің негізі әлі де бекіп, Халықаралық беделін жоғарылата түсеміз деген ойдамын. Оның үстіне Назарбаев та адам баласы, он жылға қауқары бар деп есептейміз.

- Егер президент осы бастамаларыңызға қарсы шықса, сіздер не істемексіздер?

- Әрине, қынжыламыз. Бастамашыл топ қынжылады. Бірақ біз қолды неғұрлым көп жинауға тырысып жатырмыз. Өйткені біздің жинаған қолды көріп, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаса екен деп ойлаймыз.

САЙЛАУ ӨТКІЗБЕЙ РЕСУРС ҮНЕМДЕУ

- 2007 жылғы мамыр айында конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Назарбаев ешбір шектеусіз президент болып сайлана беру құқына ие болды. Сол заңға сәйкес Қазақстанда президент сайлауын өткізудің қажеті бар ма?

- Ол президенттің құқығында. Егер ол кісі біздің бастамамызға жоқ деп, 2012 жылы сайлауға түссе де, басым дауыспен сайланған болар еді. Осы күндері АҚШ-тағы сайлауға, Ресейдегі сайлауға қараңыз. Жаңа қалыптасып келе жатқан елміз. [Шығындалып] сайлау өткізгенше ресурстарымызды неге тиімді пайдаланбасқа? Шағын ғана елміз қазақ деген. Алпауыт елдердің ортасында тұрмыз. Мына жақта – Қытай, мына жақта – Ресей. Көршілес Орталық Азиядағы болып жатқан процестер – анау. Американың көзқарасы – анау. Бізді жақтап, бізді қолдайын деген, қазақ елі өссін, өнсін, тарихи аренаға шықсын деп ойлап отырған мемлекеттер шамалы деп есептеймін.

- Кешегі келмеске кеткен Совет Одағының соңғы он жылдығында совет басшылары бірінен соң бірі өле-өлгенше билік басында болды. Сол совет дәуірінде партияның қайраткері ретінде өсіп жетілген Нұрсұлтан Назарбаевтың Брежнев, Черненколардан айырмашылығы неде? 2020 жылы ол кісі 80-ге келеді.
Басқа біреу де келуі мүмкін. Ол өзінің беделін жиғанша, тәжірибе жинақтағанша, оны іске асырғанша көп уақыт жоғалтып аламыз.

- Бірден-бір айырма – біз мүлдем басқа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Социалистік коммунистік режим мен нарықтық-демократиялық қоғамның арасы – жер мен көктей. Біздің бағымызға орай, елдегі өмір революциялық тұрғыдан емес, бейбітшілік тұрғыдан өзгерді. Бұл – үлкен жетістік. Ал енді осындай жетістікті алақанға салып беріп тұрғанда оны бекітпесек, соны пайдаланбасақ, экономикамызды көтеріп алмасақ – елдігімізге сын. Осыны көре біліп, осындай бағытты ұстап отырған басшымыздың ары қарай бастай бергені дұрыс па деп, осы бастаманы бастап отырмын. Басқа біреу де келуі мүмкін. Ол өзінің беделін жиғанша, тәжірибе жинақтағанша, оны іске асырғанша көп уақыт жоғалтып аламыз. Біз уақыттан ұтуымыз керек.

- 1989 жылдың шілде айында Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болып билік басына келген Назарбаев пен 21 жыл билік басында отырған Назарбаевтың және әлі де он жыл отыратын Назарбаевтың айырмашылығы бар ма?

- Жоқ. Мүлдем жоқ. Назарбаевтың жақсы қасиеті – уақыт талабына сай, әлемдік бағытқа сай көзқарасын өзгерте білді. Мен біреуді жамандап, көршілерімізді айтпай-ақ қояйын. Кейбір өзгере алмай қалған, амбициясын ұстап қалған басшылардың кесірінен миллиондаған халқы бар кейбір елдер әлі де ескіше даму үстінде.

- Назарбаевтың 1987 жылы «Дружба народов» журналына берген сұхбатындағы «бір адамның ұзақ жыл билік басында отыруына жол беруге болмайды» деген сөзін қайда қоясыз?

- Егер халықтың қалауымен сайлау арқылы, референдум арқылы ол адамның құзіреті, өкілеттілігі созылып жатса, неге болмасқа.
XS
SM
MD
LG