Түзету мекемесінің 5 қызметкері мен 4 сотталушы (барлығы 9 адам) «колонияға енді түскен сотталушы Жандос Сағатовты соққыға жығып, азаптады» деп айыпталып отыр.
ЕРЕКШЕ ОҚИҒА
– Пенитенциарлық (қылмыстық-атқару) жүйе қызметкерлерінің алғаш рет жауапқа тартылып жатқаны осы, – дейді «Азаптауға қарсы Қазақстандық ҮЕҰ коалициясы» құқық қорғау ұйымының қызметкері Инара Алдыбаева.
Айта кету керек, бұған дейін, 2010 жылдың қараша айында Ақмола облысына қарасты Державинск қаласындағы ЕЦ-166/26 қатаң режимдегі колониясы қызметкерлеріне қатысты «азаптау» бабы бойынша іс қозғалған. Алайда ол іс әлі сотқа жеткен жоқ.
– Қоғам өкілдері мен прокуратураның арқасында алғаш рет бұл іс сотқа жетіп отыр. Бұған дейін қылмыстық-атқару жүйесінде түрме қызметкерлері тек «қызметін асыра пайдаланғаны үшін» жауапқа тартылып, кей кездері тіпті іс сотқа жетпей қалып жатты. Ал бүгінгі процесс – Қылмыстық кодекстің 347-бабы («азаптау») бойынша қаралған алғашқы іс, – деді жапа шеккен сотталушы Жандос Сағатовтың адвокаты Гаухар Сәлімбаева.
Гаухар Сәлімбаеваның айтуынша, айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, олар 5-тен 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
АБАҚТЫДАҒЫ АЗАПТАУ
28 жастағы Жандос Сағатов 2010 жылы наурыздың 20-сында Алматы облысының Заречный кентіндегі қатаң режимдегі ЛА-155/8 колониясына түседі. Ресей әскери академиясының түлегі, зенитті әскери бөлімнің командирі болған Сағатов «есірткі таратты» деген айыппен колонияға 14 жылға жазасын өтеуге жіберілген.
– Алайда колонияға түскен алғашқы күні-ақ мекеме басшысы, майор Талғат Аббасов бастаған офицерлер ұлымды адам айтқысыздай етіп таяқтың астына алған. Зорлық-зомбылық салдарынан алты сағат ес-түссіз жатқан. Ұлымды тәртіпті түзеу бөлімінің офицерлері – подполковник Ұлан Ахметов, майор Талғат Аббасов, Қанағат Үркінбаевтар жабылып ұрып, зорлап, ойларына келгенін жасаған.
Балам мекеменің медицина бөлімінің басшысына төрт аяқтап жәрдем сұрап барғанда, бөлім басшысы жедел жәрдем көрсетудің орнына көкірегінен итеріп, басынан тепкен, – дейді Сағатовтың анасы Айжамал Шорманова.
Айжамал Шорманова ұлын көруге колонияға барғанын айтады. Бірақ мекеме басшысы Талғат Аббасов «балаңызға еш нәрсе болған жоқ, тамақтан уланып қалды» деп шығарып салған көрінеді.
– Екі тәулік бойы еш хабар бермеді. Жағдайы тым нашар болған соң оны Қапшағай қаласының ауруханасына алып келіп, ішіне операция жасаған. Қазірге дейін барлығы төрт операция жасалды. Соққыдан баламның тік ішегі жыртылып, қуығы жарылып кеткен, – дейді радиомызға сұхбат берген Айжамал Шорманова.
Қарт ананы өткен жылдың наурыз айынан бері Қапшағай қаласының ауруханасында жатқан ұлының денсаулығы алаңдатады.
Оның үстіне ұлыма тағы бір өте күрделі операция жасату керек. Ондай операцияны Қазақстанда жасамайды дейді
– Жағдайы бір қалыпты ауыр. Сөйлей алады. Бірақ мүгедек болып қалды. Оның үстіне ұлыма тағы бір өте күрделі операция жасату керек. Ондай операцияны Қазақстанда жасамайды дейді. Тік ішегі жоқ, өздігінен үлкен дәретке отыра алмайды. Арнайы зәр жинайтын қапшыққа отырады, – деп көзіне жас алды Айжамал Шорманова.
Ол ұлын осылай азаптағандар жазасын алса, оларға ең қатал үкім шықса дегенді айтып отыр.
«НЕГІЗГІ АЙЫПТАЛУШЫ – АЙЫПТЫ ЕМЕС»
Бұл іске қатысты жауапқа тартылған тоғыз адамның ішінде алғаш қамауға алынған – түрме басшысы орынбасары Қанат Сыздықов. Алайда ол соңғы тоғыз айдан бері денсаулығына байланысты ауруханада жатыр.
–Оны 27 сәуірде қамауға алды. Сол сәтте ол жүрек талмасына ұшырып, оны тұтқындаған шұғыл топ қызметкерлері кардиология ауруханасына алып келді. Содан бері ауруханада жатыр. Палатасын үш конвойер күні-түні күзетеді, – деді Азаттыққа түсініктеме берген Сыздықовтың қоғамдық қорғаушысы әрі әпкесі Райхан Сыздықова.
Ол сондай-ақ бұл істе бауырының еш кінәсі жоқ екендігін айтады.
–Сағатов соққыға жығылғанда менің бауырым оқиға орнында болмаған. Мұны тергеу барысында Сағатовтың өзі де айтты. Сотталушы колонияға келгенде, оны қабылдап алғанда болған. Ал оны ұрып-соққандардың арасында ол болмаған. Әрине, бұл оқиғаға қатысты жас жігіттің туыстарына көңіл айтамын. Кінәлілер міндетті түрде жазалануы тиіс, бірақ менің бауырымның еш жазығы жоқ, – дейді Райхан Сыздықова.
Сыздықовтың әйелі Әсия Сыздықова премьер-министр Кәрім Мәсімовтің блогына хат жазған. Ол хатта күйеуі, майор Қанат Сыздықовтың 2010 жылдың наурызында Атбасар қаласындағы колония басшысының орынбасары қызметінен Заречныйдағы ЛА-155/8 түзету мекемесіне ауысқандығын айтады. Әсия Сыздықованың айтуынша, арада 14 күн өткеннен кейін күйеуіне негізсіз айып тағылған.
«20.03.2010 жыжы, арасында есірткі тасымалдағаны үшін 14 жылға соттталған Сағатов бар, СИ-1 этапы колонияға келген. Соңғысы себепсіз өзге бір сотталушыны ұра жөнелген. Нұсқауға сәйкес колония қызметкерлері бұл әрекетті тоқтатқан. Менің күйеуім, қызмет бабына сәйкес, колония қызметкерлеріне бұл істің мән-жайын анықтауды тапсырған. Тексеріс кезінде Сағатов өз кінәсін мойындап, түсініктеме жазған. Алайда бір аптадан кейін Сағатов «колония қызметкерлері себепсіз соққыға жықты» деп, арыз жазып отыр. Ал оның алғашқы айтқандары іс материалдарының арасынан түсініксіз жағдайда жоғалып кетті» дейді Әсия Сыздықова өз хатында.
Оның пікірінше, осы салада 13 жыл адал қызмет еткен, «Қайсар» орденін
...менің күйеуім жекелеген шенеуніктердің мүддесін көздеген, фактілерді қасақана бұрмалау арқылы «тапсырыспен орнынан алудың» құрбаны екендігіне сенімдімін
«Ресми емес әңгіме барысында құқыққорғау қызметкерлері маған «көмектесе алмайтындығын, жоғары жақтан бұйрық келгендігін» айтты. Менің білуімше, ЛА-155/8 мекемесінің басшысы мен оның орынбасары қызметіне Алматылық қылмыстық-ақтару жүйесіндегілердің біреуі отырмақ болған. Ал менің күйеуім бұл қызметке ойда-жоқта келген. Осылайша, менің күйеуім жекелеген шенеуніктердің мүддесін көздеген, фактілерді қасақана бұрмалау арқылы «тапсырыспен орнынан алудың» құрбаны екендігіне сенімдімін» делінген Әсия Сыздықованың хатында.
Бұл істің анық-қанығын сот анықтауы керек. Бірақ ол соттың қашан аяқталары әлі белгісіз.