Accessibility links

«Ел қадірін ел баққан ерлер білер»


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында «2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 95 пайызға жетеді» деп мәлімдеме жасады.

Онсыз да зая кеткен жиырма жыл аздай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік тілі болып табылатын қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мәселесі тағы да он жылға шегеріліп тасталды. Мұндай саясат жүргізген Назарбаев қазақ тілі мәселесін таразыға салып тартқандай, өзіне ғана тиімды есеппен ұлт саясатын жүргізіп келеді. Соның кесірінен алақандай он алты миллион тұрғыны бар Қазақстанның халықтары бөлшек-бөлшек болып ажыратылып отыр.

Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын көрсетіп, іркес-тіркес бағдарламаларды жылда халыққа жолдап жатады. Мемлекеттік маңызы бар құжаттар, өкінішке қарай, қағаз жүзінде іске аспай қалып жатады. Себебі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға республика халқы бір жұдырықтай жұмылуы тиіс. Мемлекеттік тілді үйренгісі жоқ, тіл төнірегінде түйіспей ажырап өмір сүрген қазақстандықтар мемлекетіміздің болашағының іргетасын қалайды дегенге мен сенбеймін.

Осыншама жылдар бойы қазақ тілінің мемлекет тарапынан қолдау таппауы –жасырын түрде ұлттық құндылықтарымызды кемсітіп және ұлттық намысымызды аяққа таптау болып көрінеді. Бүгінгі ұлтаралық тұрақтылық – тек бір адамның ғұмырына ғана жететіндей қысқа мерзімді саясат. Себебі биліктегілер жоғарыда көрсеткендей полиэтникалық саясатпен ұлтаралық баланс жасап, өзінше жоспарлы түрде қазақ тілі мәселесін шешпей, созып келеді. Бұл саяси бағытты қазірден бастап ғалам елдері тәжірибесімен өз арнасына салып өзгертпесе, мемлекет құраушы халықтың ұлттық намысының қорлануы салдарынан елді қауіп-қатерге апарып соқтыруы мүмкін.

Бір мезгіл әлем тарихына үңіле қарасақ, тура болмаса да, жаһанда бізге мысал болардай тарихи оқиғалар өте көп. Мәселен, бірінші дүниежүзілік соғыс Германияның жеңілісімен аяқталып, 1919 жылы бейбіт Версаль бітіміне қол қойылған шақта жеңілген Германия өз мойнына бірқатар ауыр міндеттер алды. Жеңген елдерге орасан зор контрибутция төлеуге, өзінің бірқатар территорияларынан айырылуға да мәжбүр болды. Соғыстан кейінгі ел ішінде орын алған саяси-экономикалық дағдарыстар салдарынан халықтың тұрмыс тіршілігі нашарлады. 1920 жылы Германияда Адольф Гитлер басқарған неміс ұлтшыл-социалистік жұмысшылар партиясы (НСДАП) Мюнхен қаласындағы «Хофбройхаус» сыраханасында ресми бағдарламаларын жариялады. Немістердің өз өкіметіне және өзге ұлт өкілдеріне, оның ішінде еврейлерге деген ашу-ызасы бағдарламаның барлық 25 бабында көрінді.

НСДАП мүшелері «Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан – герман жауынгерлері емес, ел билігінде отырған дарынсыз саясаткерлер» деп, өкіметті айыптады. «Бірінші дүниежүзілік соғысы майданында герман жауынгерлері қан төккен кезде терең тылдағы еврейлер байыған үстіне байып жатты. Бір кесек нан үшін біздің әйелдерімізді арларын сатуға мәжбүрледі» деп, ел ішінде антисемитизм ахуалын күшейтті. Билік басына келген Адольф Гитлер ұлттық намысы қорланған герман халқын жұмылдыра білді. Өмір-бақи федерацияларда ыдырап өмір сүрген германдықтар ортақ ұлттық намыстарын қорғау үшін сап түзеп, бір сапқа тұрды.

Сол кездері түсірілген тарихи фотосуреттерді қарасаңыз, әр герман азаматының көзінен жанып тұрған отты көруге болады. Халық фюрерді Германияны құтқаруға арнайы ғайыптан келгендей көріп, оның әр айтқан сөзіне иланды. Нәтижесінде «Хорст Вессель» марш музыкасымен аяқ сермеп, мұздай қаруланған неміс жауынгерлері дүниенің жартысын төңкеріп, миллиондаған адамдарды жазықсыз қырып салды.

Ұлттық намысы қорланған халықтың ашу-ызасы жаман болатынын осы тарихи оқиғадан көріп отырмыз. Сондықтан ғибратты тарихтан тағылым алғанымыз жөн болар.

«Назарбаев кетсе, бізді жаппай анархия күтіп тұр. Руаралық тартыс қатты күшейеді» деп долбар сөздер айтатын адамдар елімізде баршылық. Менің көріпкелдік қасиетім жоқ, сондықтан жаһан тарихын ақтарып отырып, өзімше пайымдаймын. Елбасы кетіп жатса, дүние тоқтап қалмайды – қайта айналамыз жаңарады. Президент қарашылары арасындағы бүкпе таластарына қосып руаралық тартыстармен қорқытқандарға айтарым – барлық қазақтың ұлттық намысы осынша жылдар бойы қорланған шақта халықтың ішінде руаралық тартыс еш уақытта болмайды. Керісінше қазақ елі бір тұтас болып жұмылып, басшыларының халқына қарсы ойлаған қитұрқы саясатына жол бермей, алдын кесіп отырады.

Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттар мемлекет құраушы қазақ ұлтының жанында ұйысып, бір тұтас болып жұмылады. «Ел қадірін ел баққан ерлер білер, зер қадірін зер соққан зергер білер» – халық ел басқаруға төбе тұлғаны әділ сайлау арқылы әлеумет ішінен өзі таңдап алады.
XS
SM
MD
LG