Accessibility links

БҰҰ Сирияның Дераа қаласына гуманитарлық көмек жеткізе алмай отыр


БҰҰ Сирияда үкіметке қарсы жаппай наразылық толқуы жалғасып жатқан Дераа қаласына гуманитарлық көмек жөнелтуді кейінге қалдыруға мәжбүр болды.

Бұл туралы БҰҰ өкілі Валери Амос хабарлады. Оның айтуынша, әзірге халықаралық ұйым өз қызметкерлерінің Дерааға жетуін қамтамасыз етуге мүмкіндік таба алмай отыр. Өткен аптада БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен телефон арқылы сөйлескен Сирия президенті Башар әл-Асад БҰҰ миссиясының жұмысына көмектесуге дайын екенін айтқан деп хабарланды.

Құқық қорғаушылар наурыз айынан бері Сирияда қауіпсіздік күштерімен қақтығыстарда 600-ден 800-ге дейін адам қаза болған деген деректер келтіреді. Олардың көбі Дераа мен Хомс қалаларында мерт болған.

Еуропа одағы халық наразылығын күшпен басып-жаншыған Сирия билігіне қарсы бүгіннен бастап санкциялар енгізді.
XS
SM
MD
LG