Accessibility links

Астанадағы жарылыста екі адам мерт болған


Автокөлік жарылған маңға жақын тұрғын үй. Астана, 24 мамыр 2011 жыл.
Автокөлік жарылған маңға жақын тұрғын үй. Астана, 24 мамыр 2011 жыл.

Астанада Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысы жанында бүгін түнде көлікте болған жарылыстан екі адам қаза болған. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі таратқан баспасөз баянында айтылған.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, түтінсіз жарылғыш құралы өздігінен іске қосылған. Министрлік бұл оқиға «террорлық акция емес» дейді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Бұған дейін баспасөзге берген сұқбатында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров та «машина әуелі өртеніп, онан соң жарылған; бұл - қатардағы оқиға, оны террорлық акциямен байланыстырудың қажеті жоқ» деген еді.

Бұл - Қазақстанда соңғы бір аптаның ішінде болған екінші жарылыс. Мамырдың 17-сінде Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратына келген бір адам бомба жарып, өзін-өзі мерт қылған еді.

Тағы үш адамды жаралаған ол жарылысты Ақтөбедегі мұсылмандардың бейресми шағын тобының мүшесі болған Рахымжан Махатов есімді азамат жасаған деп мәлімдеді Қазақстан билік орындары.
XS
SM
MD
LG