Сәуірдің ортасында Владимир Путиннің партиясы «Единая Россияның» ең жас идеологы Алексей Чадаев орнынан түсті. Екі апта өте, осы партияда аты жиі аталып жүрген және көбінесе Кремль арқа сүйейтін «Фонд эффективной политики» талдау және сараптау орталығының басшысы Глеб Павловский президент Дмитрий Медведевтің саяси кеңесшісі қызметінен өз еркімен бас тартты. «Бұл не, Үкімет үйі мен Кремль арасындағы «есеп айырысу» емес пе» деген сауал тастайды журнал авторы Юлия Иоффе мамырдың 25-і күні жарық көрген мақаласында.
ТАНДЕМНІҢ ЕСЕП АЙЫРЫСУЫ
Шамамен сол уақыттарда Ресей сенатының спикері және «Справедливая Россия» партиясының басшысы Сергей Миронов өзінің туған қаласы Санкт-Петебургты Ресейдегі сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан қалалардың бірі деп атағаны үшін басы дауға қалды. Ал мамыр айында ол парламенттегі қызметінен алынды, артынша ел ішінде оның партиясының тарайтыны туралы әңгіме тарап кетті. Путин жаңа Бүкілресейлік халықтық майданының құрылғанын да осы кезде жариялады. Бұл Кремль жасақтаған жаңа бір оппозициялық партия болуы мүмкін деген ой айтады автор.
Мамырдың 16-ы ресейлік миллиардер және «New Jersey Nets» баскетбол командасының иесі Михаил Прохоров Кремль құрған тағы бір «Правое дело» партиясына басшылыққа келді. Екі партияның атауы ұқсас, оның үстіне екеуі де Кремльдің басшылығымен оппозициялық көңіл-күйдегі сайлаушыларды шынайы оппозициялық күштерден бұрып әкету үшін құрылған партия болып келген. Айырмашылықтары тек өздеріне әртекті сайлаушылардың назарын аудару мақсаттарында еді деген ой айтады басылым. «Справедливая Россия» партиясы «Единая Россияға» бір кездері елеулі қауіп тудырған партиялар – коммунистік және ұлтшыл-популистік либерал-демократтардың партиясына бүйрегі бұратын адамдардың назарын өзіне аудару үшін құрылған еді. Алайда соңғы уақыттары «Единая Россияның» көлеңкесінен шыға алмай, Кремльге тәуелділігі анық көрініп қалғандықтан «Справедливая Россия» керексіз құрылымға айналғандай.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚ
Автор: «Бұл күндері Кремль нарықтық экономикада табыстарға қол жеткізген, жас, экономикалық тұрғыда либералды ұстанымдағы орта тапты шеттетіп тастады. Ресейдегі ең бай үшінші адам, халықаралық деңгейдегі бизнесмен Михаил Прохоровтың халықтың осы бөлігін қамту мақсатында қайта сахнаға шыққан «Правое дело» партиясы (нарыққа бейімделген, оңшыл бағыттағы) Мироновтың «Спарведливая Россия» партиясын алмастыратын сияқты» деген болжамын келтіреді.
Прохоровтың бұл жаңалығынан екі күннен кейінгі Дмитрий Медведев президенттік баспасөз жиынын өткізді. Алдын-ала дүркін-дүркін хабарланған жиында журналистер президенттің не айтатынын асыға күтті. Баспасөз өкілдері «Президент жұмбақ ойынға нүкте қойып, өзінің кандидатурасын ұсынатынын мәлімдей ме? Путин «тұтандырған отты» «өшіреді» ме?» деген сұрақтарға жауап алғысы келді. Алайда президент ағымдағы мәселелер жайында сөйлеп, «баспасөз жиыны мұндай сұрақтарға жауап беруге арналмаған» деген сыңаймен қойылған сауалдарды айналып өтті дейді автор.
Басылым бірнеше ай бойы Дмитрий Медведевтің кандидатурасын алға тартып жүрген Глеб Павловский Үкімет үйіндегілердің шыдамы таусыла бастағанын айтыпты. Павловский Foreign Policy-ге Ресей президенті болуға Дмитрий Медведевтің лайық екендігі жайлы өзінің пікірі президент кеңсесі бастығының орынбасары Владислав Сурковпен әңгімелескеннен кейін қалыптасқанын білдірген.
Павловский жоғарыдағы екі оқиғаның арасында пәлендей бір байланыстың бар екендігін жоққа шығарады. Бірақ "Единая Россия" партиясының сенімді мәлімет көздері бойынша, Глеб Павловский Владимир Путинге «тіл тигізіп», "жазасын алса", Путиннің жақтасы Чадаев Дмитрий Медведевке "құрбан" болып кете барған. Бірақ бұл түсіндірме тек сырт көз үшін ғана айтылып отыр. Іс жүзінде, Чадаев наурыз айында аймақтық сайлауларда "Единая Россия" партиясының төмен дауыс алғаны үшін орнынан алынса, Павловский белгілі бір тұлғаларға ұнамағандықтан қызметінен кеткен деген ой айтады автор.
ҚОЛЖАУЛЫҚ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ
Алайда, бұдан гөрі маңыздысы - Сергей Мироновтың орнынан алынуы болды. 2006 жылдан бастап Миронов пен оның партиясы "жүйелік оппозиция" ролін жақсы атқарып шыққанын жазады журнал. Мәселен, "Справедливая Россия" партиясы "Единая Россияға" дауыс бергісі келмейтін халықтың дауысын жинап, оны "Единая Россия" партиясы сияқты Думада пайдаланып кетті.
Жас, білімді, ғаламдық деңгейде ойлайтын орта таптың айналадағы жемқорлыққа, көпірме сөздерге деген наразылығы артып, олардың Twitter-де Кремльдік Ресейді әжуа жасауы, я болмаса Алексей Навальскийдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеті сияқты сәтті шыққан жаппай бұқаралық жобалар пайда бола бастаған. "Справедливая Россия" партиясы әлеуеті жоғары бұл топтың "қызуын" баса алмағандықтан Сергей Миронов қызметінен кетті дейді журнал. Ол партияны әлі де басқарып отырғанымен, Федерация кеңесіндегі қызметінен және мемлекет тарапынан берілетін барлық артықшылықтардан айырылды.
Жаңа "оппозициялық" тұлғаға айналған Прохоров бизнесте тасы өрге домалап тұрған, өзін Батыста да, Ресейде де жайлы сезінетін адам. Оның өзгерістер жайлы жиі сөз қозғауы - Алексей Навальский сияқтыларды қолдайтын халыққа тікелей бағытталған. Бірақ оның айтып жүргендері өзінің идеясы емес дейді автор. Прохоровтың "Онексим" тобындағы өкілі Андрей Беляк: "Прохоров бұған дейін ешқандай партияда болмаған. Саясатқа да араласпаған" дейді. Андрей Беляктың айтуынша, Мәскеу тарапынан Прохоровқа бас тарта алмайтын ұсыныс жасалған. Ал ресейлік социолог Денис Волков New York Times газетіне берген пікірінде: "Бетке ұстар бизнесмендерді билік бақылауында ұстап отыр. Егер билік оларға "партияны басқаруың керек" деп айтса, олар айтқанын істейді" депті.
БОЛАШАҚ РЕСЕЙДІҢ САЯСИ БЕЙНЕСІ
Ал бұған дейін Егор Гайдар және Анатолий Чубайстің саяси кеңесшісі болған бұрынғы психиатр, ұзақ жылдардан бері саяси сахнада саяси кеңесші қызметін атқарып кел жатқан Леонид Гозман қазір "Правое дело" партиясының тең төрағасы болып сайланды. Ол болашақ Ресейдің саясаты туралы өз ойын былай жеткізіпті: «Ресей саясатындағы қаһармандық кезең артта қалды. Енді бізге "5 пайыз ана партияға, 5 пайыз мына партияға дауыс берді" деген сияқты бір сарынды, іш пыстыратын саяси бәсеке қажет. Ең басты міндет басқарушы элитадағы бөлінушілікті институт ретінде жүйелеу болып табылады.
Қазір біздің үкіметте саяси көзқарастары Обамадан, не болмаса Сара Пэйлиндікінен өзгеше, әртүрлі пікірдегі адамдар жұмыс істейді. Яғни, үкіметте либерал қаржы министрі Алексей Кудрин мен бұрынғы темірдей тәртіп саясатының жақтаушысы Игор Сечин сияқтылар қатар отыр. Әдетте, бұл коалициялық үкімет деп аталады. Одан өзге, бұл фракциялардың артында бір-бір партиядан тұр".
Ендігі мәселе, екінші партия құру болып отыр. Егер ол жүзеге асса, либералдар мен "тұйғындар" бір ұйымға бірікпейтін болады.
Прохоровтың өзі "Правое дело" партиясының алдағы күзде өтетін парламент сайлауында екінші орынды иеленгенін қалайтынын айтқан. Ресейдегі сайлаулардың қалай өтетіндігін білетін автор бизнесменнің арманы орындалып қалуы мүмкін деп болжам жасайды.
ЖАҚЫН АРАДА ӨЗГЕРІС БОЛА ҚОЙМАЙДЫ
Ал бұл саяси мазасыздықтан тек көңіл-күй ауаны өзгермесе, Мәскеуге келетін өзгерістер шамалы. Ауқымды өзгерістерді күтіп отырған халық түрлі саяси қитұрқы жүрістерден жалыққандықтан саяси науқан қарсаңындағы көңіл-күй шиеленісті және өткір сипат алып барады. Михаил Ходорковскийдің күні кеше жаза мерзімін азайтуды сұраған арызының қабылданбауы болмашы жайттың да маңызы бар екенін көрсетеді дейді автор.
"Бұл үлкен мәселе, бизнес бұның жауабын жарты жылдан артық күте алмайды" деген Павловский Путин-Медведев тандемінің елді саяси дағдарысқа апара жатқанын атап өтті. «Бұл бизнес, қоғам үшін, тіпті қарапайым мәселенің өзін шеше алмайтын президентке қысым жасай бастаған Путиннің айналасындағылар үшін де төзбейтін жағдай» деп ашынған Павловскийді де түсінуге болады. Алайда, мүлдем пайдасыз, жұмбақ ойынды жалғастыра бергеннен, болмаса алдағы тамызды күткеннен басқа істейтін ешнәрсе жоқ деп аяқтайды автор өз ойын.