Accessibility links

Маңғыстау мұнайшылары жұртшылықтан көмек сұрады


«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)
«Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

Әлеуметтік құқықтарын талап еткен Қаражанбас мұнайшылары ақпарат құралдарынан көмек сұрады. «Соттан да, мемлекеттік органдардан үміт үздік – олар компания жаққа шығып кетті» дейді мұнайшылар.


Жарты айдан бері ереуіл жасап жатқан Қаражанбас мұнайшылары өздерінің мәселелеріне ешкімнің назар аудармағанын айтып шағымданды. Олар мамырдың 30-ы күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ереуілшілерге қатысты соңғы оқиғалар туралы айтты.

ҚАМАУДАҒЫ ЗАҢГЕР

Өткен аптада Қаражанбастағы мұнайшылар кәсіподағының жетекшісі Наталья Соколова «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыппен сегіз тәулікке қамалған болатын. Оның ері Василий Чепурнойдың айтуынша, қазір Натальяның жағдайы ауыр.

– Ол қазір арнайы қабылдау бөлімінде қамауда отыр, ас-судан толығымен бас тартты. Оған ешкімді жолықтыртпайды. Сондықтан ешбір хабарын ала алмай отырмыз. Кодекс, заңдарды да бергізбей отыр. Яғни оның қолында ешқандай құқықтық әдебиеттер жоқ, – дейді Василий Чепурной.

Оның айтуынша, жұмысшылардың жоғары жалақы алуға құқылы екенін заңмен дәлелдеген Наталья Соколованың үстінен үш әкімшілік, бір қылмыстық іс қозғалыпты. «Басшылық бір жағынан Соколованың сағын сындырғысы келсе, екінші жағынан қарапайым жұмысшыларды құқықтық кеңестерден айырып отыр» дейді мұнайшылар.

«ҚОЙ ҚҰРЛЫ ЖОҚПЫЗ БА?»

Мұнайшылардың айтуынша, «Қаражанбасмұнай» компаниясының басшылығы осыған дейін ереуіл жасағандарды тегіс «жұмыстан шығаратындарын» айтып қорқытқан. Осы күнге дейін компания 11
«Қаражанбасмұнай» компаниясының бұрынғы жұмысшысы Наурызәлі Төлебаев. Алматы, 30 мамыр 2011 жыл.

мұнайшыны жұмыстан шығарып жіберген. «Ол аздай жергілікті мемлекеттік органдар да компанияның сөзін сөйлеп, жұмысшылардың ереуіліне кедергі келтіріп отыр» дейді ереуілге шыққан азаматтар.

– Жазбаған жеріміз жоқ. Тіпті президентке дейін жаздық. Мәселемізге ешкім назар аударар емес. Халық ашулы. «Біз қара қой құрлы жоқпыз ба?» дейді. Үкімет те, жұмыс берушілер де қаперіне алар емес, – деді мұнайшылардың бірі Наурызәлі Төлебаев.

ӘЛЕУМЕТТІК ТАЛАП

Қаражанбас мұнайшылары мамырдың 12-сінен бері ереуілге шығып, кейбірі, тіпті, аштық жариялағанын Азаттық радиосы жазған болатын. Жұмысшылар әлеуметтік құқықтарын (жалақыны өсіру, зиянды жұмыс үшін қосымша төлем, тәуелсіз кәсіподақты мойындау) талап етіп отыр. Мұнайшылардың сөзіне қарағанда, қазір төрт жарым мың адам ереуілді жалғастырып жатыр, жүздеген жұмысшы аштық жариялаған.

«Ал компания бұл талаптардың ешқайсысын мойындамай келеді. Тіпті олар зиянды жұмыстың салдарынан жыл сайын тоғыз адам көз жұматынын да қоғамнан жасырады» дейді мұнайшылар.

– Күн сайын десек те болады, жаңадан ұңғымалар пайда болып жатады. Жаңадан станоктар орнатылып жатады. Негізі, станоктар саны көбейсе, онда жұмыс істейтін адамдар саны да көбеюі керек. Бірақ жұмыс күші қосылып жатқан жоқ. Сондықтан адамдарға салмақ түсіп, қайтыс болып жатады, – дейді Василий Чепурной.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» «ӘДЕТІ»

Ақпараттарға қарағанда, «Қаражанбасмұнай» компаниясының 50 пайыз акциясы Қытайдың CNPC (China National Petroleum Corporation)
Василий Чепурной - «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыппен сегіз тәулікке қамалған Наталья Соколованың ері. Алматы, 30 мамыр 2011 жыл.

компаниясына, 50 пайыз акциясы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына тиесілі. Дүйсенбілік жиынға қатысушылар бұл мәселені де сөз етті.

– Кімнің кімге қалай сатқаны, әрине, үлкен құпия. Бір ақпараттарға сүйенсек, қытайлықтар нарыққа келген кезде канадалықтардан «Қаражанбасмұнайды» тұтастай сатып алған. Бірақ белгілі бір кезеңде «Қазмұнайгаз» әдетіне басып, рейдерлік жасайды. Осының салдарынан қытайлар «Қазмұнайгазға» 50 пайыз акцияны сатып алу үшін өздері несие береді. Енді «Қазмұнайгаз» «несиені» өндірілген мұнаймен өтеп жатыр, – дейді Василий Чепурной.

«Қаражанбасмұнайға» хабарласып, ереуілге қатысты қазіргі пікірлерін білмек болып едік, компанияның бұқарамен байланыс бөлімінің өкілі осыған дейін ақпарат құралдарына таратқан ресми жауабын қайталады. Ол жауапта жұмысшылардың талабы заңсыз екені, компанияға елеулі шығын келтіріп жатқаны айтылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG