Мақала авторы Филип Уолкердің айтуына қарағанда, әлемде екі мемлекет арасындағы шекара дауынан туындайтын қауіпті он үш шекаралы аймақ бар екен. Оның сегізі - Азия құрлығында (екеуі Таяу Шығыста), үшеуі – Африкада, қалған екеуі Оңтүстік және Солтүстік Америкада орын тепкен.
ОҢТҮСТІК ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС АЗИЯДАҒЫ ШИЕЛЕНІС
Оңтүстік Азияда орналасқан Үндістанның Пәкістанмен арада 1947 жылдан бері жалғасып келе жатқан Кашмир аймағына қатысты дауы бар. Екі ел арасындағы жанжалдан тұтанған соғыста 15000 адам, ал бір ғана Кашмир аймағының өзінен 10000 адам қаза тапқан. Соңғы келіссөз жүргізу талпынысы Мумбайдағы шабуылдан кейін үзіліп, енді жанданғалы отыр. Дегенмен, автор Пәкістан әскерінің саны жағынан әлемде жетінші орынға ие екенін, әрі ел бюджетінің алтыдан бір бөлігі қорғанысқа бөлінетінін айтады. Бұған қоса сәуір айында Исламабадтың жаңа алыс қашықтықты көздейтін зымыран түрін сынақтан өткізетіндігін мәлімдегенін ескерсек, шиеленістің ушыға түсетінін болжау қиын емес.
Автордың жазуынша, 1971 жылы Үндістанның қолдауымен сол кездегі біртұтас Пәкістаннан бөлініп шыққан Бангладеш енді Делидің өзіне қауіп тудырып отырған көрінеді. Себебі 1971 жылғы азамат соғысынан экономикасы тұралап қалған Бангладештен босып кеткен 10 мен 20 миллионның аралығындағы босқын Үндістанда заңсыз тұрып жатыр. Үндістан өзін терроризм қаупі, заңсыз мигранттар мен босқындардан қорғау үшін 25 жыл бұрын Бангладешпен арадағы шекараны дуалмен қоршауға кіріскен. Оны 2012 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Human Rights Watch ұйымының мәліметі бойынша, 2000 жылдан бері үнді шекарашылары елге заңсыз өтпек болған бангладештік мыңға жуық адамды атып тастаған.
Аймақтағы тағы бір қауіпті жер – «Әл-Қаида» мен өзге де террористік ұйымдар орналасқан Пәкістан мен Ауғанстанның арасындағы шекара. Ауғанстан Пәкістанмен арадағы 1500 мильге созылатын Дюранд сызығын мойындамай, Пәкістанның солтүстік-батысындағы пуштун территорияларын және Хайбер-Пахтунхва провинциясының бір бөлігін өзінікі деп жариялағысы келеді. Ауғанстан халқының 40 пайызын, Пәкістанның осы аймақтағы халқының 20 пайызға дейінгі тұрғындарын пуштундар құрайды. Екі елдегі Дюранд сызығы бойындағы ұлтшыл пуштундар тәуелсіз Пуштун республикасын құруды талап ететінін келтіріпті басылым. Ақ үй Ауғанстанда әскери операцияларын бастағалы бері бұл аймақ АҚШ пен Пәкістанға бірдей қарсы күресіп жүрген қарулы топтар паналайтын мекенге айналған. Екі жақ та бірін-бірі бұл қарулы топтармен күресе алмайды деп айыптайды. Автордың пайымдауынша, АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығаратын уақытта шиеленістің шешілмеген күйінде қалуы аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіреді.
Оңтүстік-шығыс Азиядағы тағы бір қауіпті аймақ – Камбоджа мен Тайландтың шекарасы болып отыр. Отарлық кезеңнен «мұраға» қалған Пра Вихеа ғибадатханасына қатысты даулы аймақ небәрі 1.8 шаршы шақырымды құраса да, талай адам өмірі қиылып, біразы босқынға айналды. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған дау ғибадатхана ЮНЕСКО-ның қорғауына алынса да бәсеңдемей, екі ел арасында қақтығыс туындау қаупі күшейіп тұр.
Солтүстік кореялық (дүрбі ұстаған) және оңтүстік кореялық шекарашы қатар тұр. Панмуниом, 20 қазан 2010 жыл
Қос корей мемлекеті арасындағы 38-параллель сызық та әлемдегі ең қауіпті аймаққа жатады. 1953 жылы екі ел 38-параллельден әскерін алып кетіп, соғысты тоқтатуға келіскенімен, өзара ешқандай бейбіт келісімге қол қойылмады. Корей соғысы аяқталғалы алпыс жылдай қарусызданған аймақта бүгінде екі елден 2 миллион әскер шоғырланғанын жазыпты басылым. Ал бір жарым жылдан бері екі ел арасы қайта ушыға түсті. Ақпан айында аймақта 28 мың әскері бар АҚШ-пен бірлесе жаттығу өткізген Оңтүстік Кореяны Пхеньян «АҚШ-пен бірігіп Солтүстік Корея режимін құлатпақ» деп айыптап, егер арандатушылық әрекеттер жалғаса берсе, оған қарсы тұрып, кең көлемде соғыс қимылдарын бастайтынын және Сеулге соққы беретінін айтып сес көрсетті.
«Ал Солтүстік Корей мемлекетіндегі тұрақсыздық Қытайдың тынышын алып тұр» дейді автор мақаласында. 1990 жылдардың ортасы мен соңына қарай елді жайлаған аштықтан Қытай шекарасынан 100 мыңнан 300 мыңға дейін солтүстік корейлік заңсыз өтіп кеткен. Осыдан бастап Пекин 2006 жылы шекараны сым темір және бетонмен қоршау бастайды. Шетелдік қайырымдылық ұйымдары картоп, астық сияқты өнімдері шықпай қалғандықтан 6 миллион солтүстік корейлік азық-түлік жетіспеушілігіне ұшырайды деп мәлімдеген соң, 2010 жылдың қарашасынан Пекиннің мазасы қаша түскен.
ТАЯУ ШЫҒЫСТЫҢ ТҮЙТКІЛДІ АЙМАҚТАРЫ
Автор Таяу Шығыста Сауд Арабиясы мен Йеменнің және Израиль мен Сирия мемлекеттерінің арасында да түйіні шешілмеген қауіпті аймақтардың бар екенін айтады. Йеменнің солтүстігіндегі Хути көтерілісшілері, Араб түбегіндегі «Әл-Қаида» ұйымы мен Йемендегі бүкілхалықтық толқулардан босқындар легінің пайда болуы мүмкін. Эр-Рияд корольдікті Хути көтерілісшілерінен өзге Африкадан келетін заңсыз мигранттар мен контрабандалық есірткі және қару-жарақтың жолын кесу үшін шекара бойымен қорған салмақшы.
Ал Сириядағы тұрақсыздық, Израильмен шекарадағы дау-дамай Дамаскінің өз ішіндегі мәселелерге назар аударуына кедергі келтіреді деген қауіп туғызып отыр. Израиль мен Сирияның арасындағы іс жүзіндегі шиеленісті шекара 37 жыл бойына қауіпсіз болып келген. Тель-Авив Сирияны өз ішіндегі қарсылық танытушыларды аяусыз қуып таратып жатқандығына назар аудартпау үшін толқуға шыққандарды Израиль шекарасынан өтуге дем беріп отыр деп айыптады. Израиль соңғы отыз жыл бойына Египетпен және Ливанмен арадағы шекараға қырағылық танытып келген. «Сириядағы тұрақсыздықтардан қашқан сириялықтар Израиль шекарасынан өтпекші болып, аяғы адам өліміне соқтырғандықтан, Тель-Авивтің Дамаскімен арадағы шекараға назар аударуына тура келіп отыр» дейді басылым .
"ҚАРА ҚҰРЛЫҚТАҒЫ" ҚАУІПТІ МЕМЛЕКЕТТЕР
Автор Африка құрлығында да аса қауіпті шекараларды атап өтеді. Олардың қатарына Суданның оңтүстігінде жаңадан құрылған Оңтүстік Судан мемлекетімен арадағы даулы Абьей аймағы, және Чад мемлекетімен шекаралас өңір және Конго мен Ангола арасындағы жаңа шиеленіс жатады.
Шілде айында Судан мемлекетінен басыбүтін бөлінейін деп отырған Оңтүстік Судан мемлекеті Суданның Оңтүстік Кордофан аймағына жататын Абьей жеріне таласып отыр. Ал маусымның 5-і Оңтүстік Судан Оңтүстік Кордофан аймағында әскери операция бастады. БҰҰ мәліметтері бойынша, Хартумның Абьей аймағын бомбалап, басып алу кезінде 113 мың адам босып кеткен. Келіссөздерге қарамастан Судан Көгілдір Ніл мемлекеті мен Оңтүстік Кордофан аймағына шабуыл жасауын тоқтатар емес.
Суданның Дарфур аймағындағы қақтығыс пен Чад мемлекетіндегі азаматтық соғыстың кесірінен екі елдің арасы шиеленісіп, 2010 жылдың соңында 262 мың судандық босқын Чад территориясын паналауға мәжбүр болды. Ал 180 мың адам үй-күйсіз жүр. Amnesty International ұйымы өзінің жылдық есебінде екі ел шектесетін аймақта адам құқықтарының бұзылуы, әйелдер мен қыздарды зорлау, балаларды соғысқа тарту, гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлерін ұрлап кету мен азаматтарды өлтіріп кету әлі жалғасып отырғанын келтіріпті. Ал сарапшылар бұл аймақта кез-келген сәт қақтығыс тұтануы мүмкін дейді.
Конго мен Ангола арасында теңіздегі мұнай кен орындарын иелену, шекара сызығын белгілеу мен Конгоның Уганда және Руандамен жақындасуы екі ел қарым-қатынасын ушықтырып отыр дейді басылым авторы. Қақтығыс кезінде 2009 жылы 211 мың адам Анголаға өтіп кеткен. Ал Анголадан шығарылған мыңдаған конголық қыздар мен әйелдер конголық және анголалық арнаулы қызмет тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған. БҰҰ-ның қақтығыстар кезіндегі жыныстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша арнайы өкілі Анголадан шығарылатын әйелдер өздерін анголалық және конголық қауіпсіздік органдары адамдарының зорлағанын жеткізген.
ОҢТҮСТІК ЖӘНЕ СОЛТҮСТІК АМЕРИКАНЫҢ ҚАТЕРЛІ АЙМАҚТАРЫ
Басылым Венесуэла президенті Уго Чавестің Колумбияның революциялық қарулы күштерін және ұлт-азаттық армиясын қолдап отыруы екі ел арасына сызат түсіргенін айтыпты. Колумбия тарапы ымыраластыққа емеурін танытып, қарым-қатынас қалыпқа келгендей болған. Алайда ұлт-азаттық армиясы Колумбияның мұнай-газ құбырларын жарып, темір жолдарға және қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасай бергендіктен, Колумбиямен шекаралас Араука аймағы ең қатерлі жер күйінде қалып отыр.
Мексиканың 2006 жылы сайланған президенті Филип Калдерон елдегі есірткі картелімен күресуге он мыңдаған әскер жұмылдырды. Басылым «содан бері Мексиканың бірнеше штатында есірткі бизнесімен айналысатындар мен үкімет тарапынан болған қақтығыстарда 40 мыңға жуық адам қаза тапты» дейді. Тамаулипас пен Чиуауа штаттарында 230 мың адам үйлерін тастап кеткен. Біраз тұрғын АҚШ-қа кетіп қалған. Автордың айтуынша, есірткі картелімен күрес негізінен Мексика территориясында болып жатқанымен, оның әсері АҚШ-тың Мексикамен шектес Техас, Эль-Пасо штаттарына да тиіп отыр. Мысалы, 2010 жылы ұйымдасқан қылмыстың құрбаны болған 15 мыңнан аса адамның 3100-і Техас және Эль-Пасомен шектес Сьюдад-Хуарес қаласында зәбір шеккен.