Accessibility links

Қазақ қашан, қандай супер-экспреске мінеді?


Бейжің мен Шанхай қалаларының арасында жүріп тұратын супер-экспресс.
Бейжің мен Шанхай қалаларының арасында жүріп тұратын супер-экспресс.
Осыдан он неше жыл бұрын қытайдың «Чаңчун» компаниясы Жапониядан жылдамдығы сағатына 250 километрге дейін жүретін болатын супер- экспресс сатып алған болатын. Көрген затын копияламай тыныш таппайтын Қытай араға бірнеше жыл салып жылдамдығы сағатына 350 километрге дейін болатын «Жарасымдылық» атты супер-экспресcын жасап шығып, Бейжіңмен Шанхай арасына жүйткітіп қойды.

Өткен жылы Қытайға барған қазақ президенті Қытайдың жасаған супер экспресіне отырып көріп, қызығып, Астана мен Алматы арасына осындай супер-экспресс қатынатуға келісіп қайтты. Ақпараттарға қарағанда жоба 2015 жылға дейін іске асады.

Супер-экспресс жолын салуға Қытай компаниялары тартылып, жұмыс бастайтын күн алыс емес. Несі бар, Азия мен Еуропа арасына қоңыраулы түйе керуенімен «жібек» жолымен салпылдаған кешегі қазақ ұрпағы бүгін супер-экспресспен жүйткісе керемет қой?!

Алайда бізге супер-экспрессін көрсетіп, президентке мақтанған қытайлар ұры болып шықты. Жапония жақ қытайдың «жарасымдылық» атты супер- экспрессі жапонның білім меншік құқығына қол сұқты деп айыптап, халықаралық меншік құқығын қорғайтын ұйымға шағымданып жатыр. Бір ғана супер-экспресс саласы емес, жапон елі осы білім меншік құқық саласында 600-ден астам меншік құқығы ұрланғанын айтып, сотқа беріп отыр.

Алайда қытай жағы «Меншік құқығы бізге тән!»деп безеріп отыр. «Жарлы болсаң, арлы болма!» дегенді бетке ұстаған Қытай бұл күндері шетелдің озық техникаларын ақша шығарып сатып емес, көбінесе ұрлап алып іске жаратып, сол арқылы шаш етектен пайда тауып отыр. Қазаққа «ұрлық түбі –қорлық» болса да, қытайға « ұрлық түбі -байлық» боп тұр. Енді ұрлаған техникасын бізге әкеліп, ақшаның астына қалатын болып, Қытай миығынан күліп отыр…

Қазақтар «ұрылардың» супер-экспресіне міне ме?

Алайда Қытай көшірмешілері коммерциялық құпия ретінде ме, жоқ өресі жетпей ме, ұрлаған дүниесінің сапасына кепілдік бермейді. Қытай супер- экспресі де солай. Қытай сайттарындағы пікірлерге қарағанда қытай супер- экспресі техникалық себептерге байланысты көбінесе кешігіп жатады…

Осы жағдайды ойлағанда қазақ үкіметі неге супер-экспресті сол техниканы ойлап тапқан жапон елінен алып, қымбат болса да, сапалы, қауіпсіз көлік қолданбайды деген ой келеді. Жапон техникасы мен қытай техникасының арасы жер мен көктей десек те, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаймыз» деп кейде ұтылып жатамыз. «Арзанның жілігі татымайды» дегендей тасымалға жақын, бағасы арзан болса да, қомақты қаржы талап ететін мұндай жобаға толық сараптама жасай отырып, қымбат болса да сапалы, ғұмыры ұзақ, қауіпсіздігі жоғары жапон супер-экспресін қолданған жөн болар еді. Ертеңгі күні осы саладағы мамандарға жоғары білікті болып шығуға, озық техниканы игеруге пайдасы тиер еді деген ой келеді.
XS
SM
MD
LG