71 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы елдегі шымылдықтың ар жағында болып жатқан саяси күресті сәуір айында жеделдетіп сайлау өткізіп жіберу арқылы шешкендей болған. Сөйтіп, билігін тағы бір бес жылға ұзартқан президенттің жеңісін шетелдік инвесторлар да қолдаған. «Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік инвесторларды енді «президенттің орнын кім басады?» деген үлкен сұрақ мазалайды» деп жазады Reuters («Рейтерс») агенттігі шілденің 26-күнгі материалында.
"ЕРТІСБАЕВ АЙТСА, ЕЛ ДҮРЛІГІП КЕТЕДІ"
Bild атты неміс басылымы таратқан ақпаратқа қатысты Қазақстанда ресми билік тарапынан алғаш болып пікір білдірген президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев агенттікке: «Президент толықтай өз күш-қуатында, ал мұрагерлік мәселесі 2016 жылдың желтоқсанына дейін жауып қойылған сұрақ» депті.
Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда ағымдағы тексеруден өзге шет елде жыл сайынғы әдеті бойынша қосымша медициналық бақылаудан өткенін жеткізген. Бірақ президенттің ауырған-ауырмағанын айтпапты.
Ертісбаев ресейлік «Коммерсант» басылымына берген сұхбатында президент олай-бұлай бола қалған жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызына үйленген Тимур Құлыбаевты президент жүргізген саясатты ары қарай жалғастырып кете алатын адам деп санайтынын айтқан болатын. Бірақ ол агенттікке президенттің күйеу баласын «мұрагер» ретінде атамағанын білдіріп: «Мен тек қысылтаяң, аяқ асты болатын жағдай турасында ғана айтып отырмын. Ондай жағдайда мен Тимур Құлыбаевтың кандидатурасын лайықты деп санар едім. Мұрагер жайындағы мәліметті бірінші болып мен бермеймін. Тек фамилиям Ертісбаев болғандықтан, мен бірнәрсе айтсам болды, ол үлкен әңгімеге айналады» депті.
«МҰРАГЕРДІҢ» МӘЛІМДЕМЕСІ
Ал мұндай екіұдай күй Қазақстанның экономикасына 120 миллиард АҚШ долларынан артық қаржы салған шетелдік инвесторлар үшін басты қауіпке айналып отыр. «Мысалы, қайта жанданған мұрагерлік мәселесі Қазақстанның сақтандыру активтерінің құнын өсіріп жіберді» дейді Reuters .
Президент сәуірде қайта сайлана салысымен Тимур Құлыбаевты елдің 80 миллиард АҚШ доллары шамасындағы активтеріне ие «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығына тағайындады. Ол Ресейдің газ алпауыты «Газпром» компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады.
Шілденің 25-і күні жасаған мәлімдемесінде Тимур Құлыбаев өзінің ешқандай саяси амбициясы жоқ екендігін білдірді. «Мен экономикалық мәселелермен және бизнесті дамытумен айналысып жүрмін, бұл өзіме ұнайды. Мен ешқашан өзімді саясаткер ретінде көрсеткен емеспін. Нұрсұлтан Әбішұлы сәуірде президент болып сайланды. Енді мұрагерлік мәселесін талқылап жату орынсыз» дейді ол «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының сайтындағы мәлімдемесінде.
Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік мұнай қорының 3 пайызына ие Қазақстанда демократия аясында ұзақ мерзімдегі экономикалық өсімге қол жеткізгені туралы, жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемінің 2004 жылдан бері 12 есеге өскені жайында айта кетіпті.
РЕСЕЙЛІК САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Бірақ Мәскеудегі шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері және Орталық Азия бойынша сарапшы Александр Князев Құлыбаев өзінің көптеген іскерлік мақсаттарына қолайлы болатын шымылдықтың артындағы рөлді ойнағанды дұрыс санайды деген пікірде. «Меніңше, ол түбінде Назарбаевтың орнын басатын және өзінің ықпалында болатын тұлғаны алға шығарғанды артық көреді, әрі өзі иеленіп отырған барлық қызметін сақтап қалуды да ұмытпайды» дейді ресейлік сарапшы Reuters агенттігіне.
Тимур Құлыбаев президент аяқ астынан қызметінен кеткен жағдайда оның өкілеттігін атқарып кетпейді. Президенттің қалған өкілетті мерзімдегі қызметін атқару сенат спикері, бұрынғы жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмиге жүктеледі.
Осыған байланысты Мәскеудегі Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов мынадай бір болжам ұсынады. Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев Құлыбаевты сенаттың өзі тағайындайтын 15 сенатордың бірі етіп бекітуі арқылы өз жоспарын іске асыруы мүмкін.
Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаев әлі де қызметте қала беретін түрі бар. Бұл жөнінде саясаттанушы Айдос Сарым Reuters-ке былай деген: «Мен билікті дәл қазір өткізіп беретіндей ешқандай дайындықты көріп отырған жоқпын. Президенттің жағдайы жақсы. Ол өз-өзіне берік және ел басқаруға жарап тұр».
Ертісбаевтың мәлімдемесі шамасы, президенттің денсаулық жағдайынан кейінгі қоғамның пікірін бір салмақтап алуға жасалған соңғы қадам болуы мүмкін дейді Александр Князев. «Қалай болғанда да, Назарбаевтың мұрагері кім болады деген мәселе әлі шешілген жоқ. Менің ойымша, бұл әлі жұмбақ күйінде қалып отыр» депті ресейлік сарапшы.