Accessibility links

Бейжің Қашқардағы ұйғыр-қытай жанжалына «кінәлілерді» іздей бастады


Қытайдың арнайы әскері Қашқар қаласына кірді. 1 тамыз 2011 жыл
Қытайдың арнайы әскері Қашқар қаласына кірді. 1 тамыз 2011 жыл

Шілденің соңғы екі күнінде Қашқар қаласында болған шабуылдардан кемінде 19 адам қаза тапты деп жазады батыс ақпарат құралдары. Қытай билігі бұл жолғы шабуылды Пәкістанмен шекаралас аймақтағы ислам лагерлерінде жаттыққан жергілікті ұйғырлар жасады деп отыр.


«Қытай билігі мен ұйғырлар жағдайдың өрбуін екі түрлі түсіндіргенмен, екі тарап та тексеруді қажет етеді» деп жазады Los Angeles Times («Лос-Анджелес Таймс») басылымы тамыздың 1-і күнгі мақаласында. Сенбінің түні басталған алғашқы шабуылда кінәлілер бағдаршамға тоқтап тұрған жүк көлігінің жүргізушісін өлтіріп, оны айдап әкеткен. Сосын ары-бері өтіп жатқан жүргіншілерді басып жүре берген. Шабуыл жасаушылар бұдан ары көліктен түсе сала адамдарды пышақтай бастаған. Жүргізушіні қосқанда сегіз адам қайтыс болды дейді басылым.

ШАБУЫЛДЫ КІМДЕР ҰЙЫМДАСТЫРҒАН?

Ал жексенбі, шілденің 31-і түс ауа Қашқар қаласының орталығында мейрамханада бомба жарылады. Жергілікті билік орындары «Полицейлер өрт сөндірушілер келгенде күдікті бес адам шыға келіп, адамдарға шабуыл жасай бастады» деп хабарлаған.

Ресми ақпаратқа сәйкес алты бейбіт тұрғынның және күдікті бес адамның қаза тапқан, оның біреуі өлерінің алдында қылмысын мойындаған. «Күдіктілердің бірінің айтуына қарағанда, топтың жетекшісі шекарадан Пәкістан аумағына өтіп кетіп, сол жақтағы Шығыс Түркістан ислам қозғалысынан қару-жарақ пен жарылғыш заттарды жасауды үйренген. Топ мүшелерінің барлығы экстремистік діни сенімді ұстанады және «жиһад» жүргізуді көздеп жүргендер. Олар жарылғыш заттар жасап, террористік әрекеттер жасауды жоспарлаған» деген хабар таратқан жергілікті билік өкілдері.
Қалалық мешіттердің бірі. Қашқар, 10 шілде 2009 жыл

Los Angeles Times хабарласқан ұйғырлардың дүниежүзілік конгресінің өкілі Дилхат Рахит Қытай билігінің жоғарыдай пікірімен келіспейді. Швецияда қуғында жүрген ол қақтығыс жергілікті ұйғырлар мен муниципалды полицияның арасындағы төбелестен басталғанын және жазым болғандардың көпшілігі полицейлер екендігін айтады. «Қақтығыстың негізгі себебі Қытайдың жазалаушы қатаң билік жүргізуі болып отыр» дейді Дилхат Рахит.



ҚЫТАЙ ӨЗІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН АЗ ҰЛТТАРДЫ МОЙЫНДАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Ал The New York Times («Нью-Йорк Таймс») басылымы тамыздың 2-і Пәкістанның Қытай үкіметінің айыптауына орай Шығыс Түркістан ислам қозғалысына қарсы күресте Бейжіңмен барынша ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдегенін жазады. Исламабад «Қытай террористер, экстремистер және сепаратистердің арам пиғылына тосқауыл қоюда табысқа жетеді» деп сенім білдірген. Дегенмен, басылым «Жергілікті Қашқар билігінің мәліметі Бейжіңдегі орталық биліктің мәлімдемесімен сәйкес келетіні, я келмейтіні белгісіз. Қытайдағы жергілікті және аймақтық билік үлкен және ұсақ мәселелерде көп жағдайда орталық биліктің мақұлдауынсыз әрекет ете береді» дегенді алға тартады.

The New York Times Қытайдың ресми билігі Шыңжаң аймағындағы этникалық шиеленістердің себебін ішкі наразылықтан іздемей, көбінесе сыртқы күштердің араласуына сілтей салатынын да айтыпты. Кейбір сарапшылар Шығыс Түркістан ислам қозғалысы ұйымы қазір мұндай шабуыл жасайтындай қауқарда емес деп санайды. Ал басқалары соңғы екі шабуылға шетелдік күштердің араласу ықтималдылығы аз екендігін айтады, себебі екі шабуыл кезінде де тек пышақ қолданылған.
Ашынған ұйғыр әйел қытай полицейінің қолынан ұстап жібермей тұр. Үрімші, 7 шілде 2009 жыл

«Әңгіме Қытай билігінің өзіне қарсы шыққандар - ұйғыр ұйымдары мен топтары екендігін мойындағысы келмей отырғандығында. Себебі Бейжің елдегі барлық ұлттар тату-тәтті өмір сүреді деп айтып келеді. Зорлық-зомбылықтың себебі Қытайдың өз ішінен туындап отыр және Қытайды тұрақсыздандыруды көздейтін қандай да бір террористік ұйымды таба алмаймыз» дейді Human Rights Watch ұйымының Гонконгтағы қызметкері және Шыңжаң мәселесі бойынша сарапшысы Николас Бекуелин.

Дегенмен Вашингтонда орналасқан Вудро Вильсон атындағы халықаралық орталықтың қызметкері Майкл Кюгльмэн Шыңжаңдағы шиеленісте Пәкістанда орналасқан содырлардың белгілі бір рөл атқарғандығына бірқатар айғақтар бар екендігін және Қашқардағы жергілікті үкіметтің орталық биліктің құптауынсыз Пәкістанға айып таға алмайтынын жеткізді.

ҰЙҒЫРЛАРДЫҢ АМАЛЫ ҚҰРЫП БАРАДЫ

Қашқар – Қытайдың Ауғанстан және Пәкістанмен шекарасынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан саяст тұрғыдан алғанда ең тұрақсыз қалаларының бірі. «Бір кездері бұл аймақта халықтың басым көпшілігін құраған ұйғырлар қытайлық жұмысшы-мигранттар мен инвесторлардың көптеп келуіне наразы» дейді Los Angeles Times. Көптеген жұмыс орындары тек қытайлықтарға тиесілі. Бір кездері ұйғырлардың беткеұстар мәдени қаласы болған Қашқардағы ескі қала қабырғалары заманауи үйлер салу кезінде бұзылып жатыр.
Екі үйғыр әйелі Қытай әскері күзетіп тұрған маңнан өтіп барады. Үрімші, 14 шілде 2009 жыл

«Ұйғырлардың бейбіт түрде қарсылық көрсетулеріне ешқандай жол қалмады, енді батылырақ қарсылық көрсетіп, полицейлермен жанжалдаса бастады» дейді Дилхат Рахит басылымға. Ол қақтығыстар жақын күндері мұсылмандардың рамазан айы басталысымен ушыға түседі деп санайды.
Қашқардағы жанжал осыдан екі апта бұрын Шыңжаң аймағының тағы бір қаласы – Хотандағы қақтығыстардан кейін туып отыр. Ұйғырлар ол кезде полиция кеңсесіне қолдан жасалған жарылғыш заттармен шабуыл ұйымдастырған еді. Ол қақтығыста 20 адам құрбан болған. Қақтығыс қытайлардың ұйғыр әйелдеріне мұсылмандық шартымен орамал тағынып жүруіне тыйым салған соң тұтанған еді. Ұйғырлардың жанжал бұдан ары өрши түседі деген қаупін Помона колледжінің Шыңжаң мәселелері бойынша сарапшысы Дрю Гладни де растап отыр. «Бұл оқиға аймақтағы жалпы наразы көңіл-күйге әсер етеді. Кез-келген болмашы оқиға үлкен проблемаға айналып кетеді» дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG