Accessibility links

Араб елдеріндегі көтерілісшілер рамазан айына қарар емес


Сирия үкіметіне қарсы наразылық шеру. Латакия, 8 тамыз 2011 жыл
Сирия үкіметіне қарсы наразылық шеру. Латакия, 8 тамыз 2011 жыл

Батыстық басылымдар 1979 жылы рамазан айында Иранда революция болғанын тілге тиек етіп, бүгін де араб-мұсылман елдеріндегі көптеген саяси оқиғалар дәл осы айда өршіп кетуі мүмкін деген болжам айтады.


Foreign Policy журналы тамыздың 8-і күні жариялаған «Революциялы рамазан айы» атты мақаласында 1979 жылы дәл осы айда болған төңкерістен соң Иранның діни жетекшісі имам Хомейнидің мейрамханада көңіл көтеруге тыйым салып, эфирден музыка таратуды тоқтатқанын жазады. Бұл - елдегі билікті исламшылардың өз қолдарына алғанының белгісі еді.

РАМАЗАН МЫСЫРДА МҮБӘРӘКТІҢ СОТЫНАН БАСТАЛДЫ

Журналдың жазуынша, 2001 жылы НАТО күштерінің Ауғанстандағы әскери операцияларының көпшілігі де рамазан айында жасалған. Басылым бұдан ары бірқатар араб мемлекеттерінде биылғы жылдың көктемінде басталған төңкерістердің қазір қай шамаға барып қалғанына талдау жасапты.

«Ақпан айының ауыр күндерінен бері араб белсенділері Таяу Шығыстың «мызғымас автократтарынан» естен кетпестей сабақ алды. Сирия, Бахрейн, Катар сияқты кейбір елдердегі халық толқулары жөргегінде тұншықтырылса, Ливия сияқты елдерде ол азамат соғысына ұласты. Ал
Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк сотта жауап беріп жатыр. Каир, 3 тамыз 2011 жыл.

Тунис пен Египет, Алжир, Иордания, Оман сияқты елдерде наразылық танытушылар бірлі-жарым жеңіске жетті. Сонда да болса, аймақтағы көтерілісшілер рамазан айында да күресін жалғастырып отыр» дейді Foreign Policy.

Ақпан айында биліктен кеткен Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәктің соты осы рамазан айының басында басталды. «Жемқорлық жасады, наразылық танытушыларды өлтіруге бұйрық берді» деген айыптар бойынша бұрынғы президент өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Ақпанның 11-інде Хосни Мүбәрәк орнынан кеткен соң елді басқару Әскери күштердің жоғарғы кеңесінің (ӘКЖК) қолына өткен. Кейін Египеттің жастар ұйымдары реформалардың баяу жүруіне, елді әскерилердің басқарып отырғанына қайта наразылық көрсете бастаған. Алайда әскери күштердің жоғарғы кеңесі рамазан айында өздерінің билігіне қауіп төнбес үшін қолдан келгенін жасады. Полиция мен әскерилер тамыздың 1-інде Тахрир алаңында қалған наразылық танытушыларды күшпен қуып тарату үшін ондаған танк енгізді.

СОМАЛИДЕГІ АХУАЛ ЙЕМЕНДЕ ДЕ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН

Йемендіктер Тунис пен Египеттегі наразылық шараларын жіті бақылап, ондағы халық толқулары табысқа жеткен соң, 33 жыл ел басқарған Әли Абдолла Салех режимін құлатпақ болған. Ел бойынша наразылық танытушылар қатары қалыңдаған соң президент Әли Абдолла Салех биліктен кетуге келісім бергенімен, оны орындамады. Сондықтан оны қолдаушылар мен наразылық танытушылар арасында қақтығыстар бұрқ ете түскен.

Президент сарайындағы жарылыстан жарақат алған Абдолла Салех Сауд Арабиясына айығуға кетті. Ақыры ол биліктен бас тартып, ел ішінде дүрбелең туды. Йемендік көтерілісшілер елдің оңтүстігін басып алу
Сирия президенті Башар әл-Асад, Ливия басшысы Муаммар Каддафи, Йемен президенті Әли Абдолла Салех, Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк пен оның ұлы Гамал бейнеленген плакат. Каир, 15 шілде 2011 жыл.

үшін бей-берекетсіздік орнатпақ. Олар үкімет әскерлері мен аймақ тұрғындарын қарсы шабуыл жасауға арандатып отыр. Дипломаттар енді елде Сомалидегідей жағдай қайталанып, аштық басталуы мүмкін деп алаңдайды. Ал аз уақыт бұрын Абдолла Салех Парсы шығанағы елдерінің арағайындығымен өтетін тығырықтан шығу кездесуінен бас тартып, оны рамазан айына ауыстыруға шақырды.

Сауд Арабиясы саяси тұрақты ел саналғанымен, биыл корольдіктің шығысындағы шииттер мекендейтін аймақта және Эр-Риядтың орталығында кішігірім наразылықтар өтті. «Наразылық танытушылардың көңілін табу үшін король Абдолла дереу 130 миллиард АҚШ долларын бөлді. Содан бері Сауд Арабиясы әлдеқайда деспоттық кейіп танытып жүр. Соның бір мысалы – терроризмді «мемлекеттің бет-бейнесіне нұқсан келтіретін, ұлттық бірлікке қауіп төндіретін және король отбасының тұтастығына кедергі келтіретін нәрсе» деп бағалаған заң жобасын қабылдауы болды» дейді Foreign Policy.

Басылым Сириядағы толқулар басталғалы бес айда басып-жаныштау шаралары барынша қатайып келе жатқанын айтады. Адам құқығын қорғаушы белсенділердің мәліметтеріне қарағанда, президент Башар әл-Асадтың наразылық танытушыларды басып-жаныштауынан шамамен 2 мыңдай сириялық қаза тапқан.

«Қарсылық танытушылар өздеріне кең көлемдегі наразылық шараларын өткізуге рұқсат береді деп үміттеніп отырған рамазан айында зорлық-зомбылық тіпті үдеп кетті. Тамыз айымен тұспа-тұс келген рамазанның
Хама қаласында жұма намазы кезінде үкіметке қарсы шеруге жиналған халық. Сирия, 29 шілде 2011 жыл.

басында Сирия әскерилері Хама мен Дэйр әл-Зор қаласына артиллерия мен мергендер кіргізіп, халық толқуын әскери жолмен басуға кірісті» дегенді алға тартады Foreign Policy. Халық толқуын қатал түрде басып-жаныштау 30-дан аса адамның өмірін қиып, көрші елдердің ашуын оятты.

Сириядан тек Парсы шығанағы елдері ғана елшілерін кері қайтарып алып қойған жоқ, Дамаскінің ең жақын одақтасы Түркия да сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглыны әскери шараларды тоқтатуға шақыру үшін Дамаскіге аттандырды. Сириядағы халық толқуының табысқа жетуі немесе сәтсіздікке ұшырауы қазір негізінен оқтын-оқтын қарсылық танытып жатқан, бірақ әлі де үкіметтің бақылауында отырған Дамаск мен Алеппо қалаларына байланысты.

«БАШАР ӘЛ-АСАДТЫ РАМАЗАН АЙЫ ДА ТОҚТАТА АЛМАДЫ»

Ал New York Times басылымы тамыздың 8-і күнгі санында Сауд Арабиясының королі Абдолла жасаған мәлімдеменің Араб лигасы мен Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесінің сындарынан әлдеқайда маңызды екенін жазады. «Дүйсенбі күні Сауд Арабиясымен қоса Кувейт пен Бахрейннің Сириядан өз елшілерін кері шақырып алуы Башар әл-Асадтың сунниттік араб мемлекеттерінің қолдауынан айырыла бастағанын көрсетеді. Елдегі мұсылмандар арасында азшылық боп саналатын әлишіл
Стамбулда шеруге шыққан жұрт Сирия президенті Башар әл-Асадтың суретін өртеп жіберді. Түркия, 24 маусым 2011 жыл.

(алевид) бағыттың өкілі Башар әл-Асад наразылық танытушыларға әскер мен танк қолданудан, тіпті, рамазан айында да тайынбайды» дейді басылым.

Король Сирия басшылығын «қантөгіс пен өлім машинасын тоқтатуға» шақырып, «ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман және араб жазықсыз адамдардың қанын төгу арқылы аймақта бейбітшілік орнаудан үміт етуге болмайтынын біледі» деген.

Басында араб елдерінің басшылары Сирияны кедергі келтіруге тым қуатты және маңызды деп санады. Алайда біраз уақыттан соң Дамаскінің саясаты тұтас аймақты тұрақсыздандырып, соңында құлдырауға соқтыруы мүмкін екені белгілі болды. Бұған қоса Башар әл-Асад - араб елдерінің біразы қырын қарайтын Иранның ең жақын одақтасы. АҚШ пен Еуроодақтың санкциясына қарамастан, Башар әл-Асад пен оның қолдаушылары әскери шабуылды тоқтатар емес. Халықаралық қауымдастыққа енді дипломатиялық қысым жасауды жалғастыра беріп, Башар әл-Асадтың иі жұмсарғанша энергетикалық сектордан бастап, әскери және іскер топтарды да кең көлемді санкция енгізуге көндіру керек деп түйіндейді New York Times.
XS
SM
MD
LG