Accessibility links

Қазақ полициясы «терроризм» деген сөзді қолдана бастады


Кеңқияқ ауылындағы полиция бөлімшесі атыстан кейін. Ақтөбе облысы, 1 шілде 2011 жыл
Кеңқияқ ауылындағы полиция бөлімшесі атыстан кейін. Ақтөбе облысы, 1 шілде 2011 жыл

EurasiaNet.org вебсайтының хабарлауынша, «исламдық радикализм ошағы» атала бастаған батыс Қазақстанда Атырау полициясы «экстремисті жою» бойынша өткізген соңғы операциясы кезінде бірінші мәрте "терроризм" деген сөз қолдануға мәжбүр болған.


Құқық қорғау органдары тамыздың 29-ы күні «Атырау облысы мен көрші аймақтарда зорлық-зомбылықпен айналысты» деп күдік келтірген 20 адамды қоршауға алған, атыс кезінде біреуін өлтіріп, қалғанын тұтқындаған. Олардан қару-жарақ пен жарылғыш заттар да табылған деп хабарланды.

EurasiaNet.org өткен айда Ақтөбеде болған оқиғаны да атап өтеді. Ол кезде күдіктілердің тоғызы, ал құқық қорғаушылардың төртеуі мерт болып еді. Басылым, неге екені белгісіз, ол кезде полиция күдіктілерді «дінді жамылған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері» деп сипаттағанына назар аударады.

Ал шілденің аяғында Ақтөбеде тағы бір полиция қызметкері оққа ұшады. Ал оны атқан адам кейін өзін-өзі жарып жіберді.

Қазірге дейін Қазақстан билігі елге террористік қауіп төніп тұрған жоқ деген ұстанымда болған. Мамыр айында Ақтөбеде ел тарихында алғашқы рет жанкештінің өзін-өзі жару әрекетін полиция терроршыларға емес, мафияға жапқан. Ал Астанадағы болған жарылыс әлі күнге дейін құпия күйінде қалып тұр.

Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық аралы болып есептеліп келген еді. Бұндай имиджді сақтап қалу Қазақстанға шетелдік инвесторлардың ақша салуы үшін ауадай қажет. Ал терактіге ұқсас әрекеттердің мұнай мен газға бай Батыс Қазақстанда жиілеп кетуі Астана үшін қиындықтар туғызады деп санайды EurasiaNet.org. Басылым маусым айында Қазақстанда исламдық радикализмнің күш алуы мүмкін деп хабарлаған.

Тамыздың 30-ы күні Қазақстан билігі ақырында батыс аймағында болып жатқан оқиғаларға баға беру кезінде «терроризм» сөзін қолдануға мәжбүр болды. «Бұл үкіметтің осы оқиғалардың шын мән-жайын ашығырақ хабарлауындағы алғашқы қадамдары шығар» деп аяқтайды мақаланы EurasiaNet.org.
XS
SM
MD
LG