Accessibility links

Атырауда «хиджаб дауы» қайта жанданды


Атырау медициналық колледжінде оқитын қыздар мұсылман үлгісіндегі киімдері үшін сабаққа кіре алмай тұр. Атырау, 22 қыркүйек 2011 жыл.
Атырау медициналық колледжінде оқитын қыздар мұсылман үлгісіндегі киімдері үшін сабаққа кіре алмай тұр. Атырау, 22 қыркүйек 2011 жыл.

Атыраудағы «діни экстремизммен күрес» кезінде жергілікті студенттерді арнайы тізімге алып, сыртқы киім үлгісіне шектеу қою жалғасып жатыр. Облыс әкімі аймақтағы діни ахуалдың шиеленісуіне «имамдардың қорқақтығы» себеп болды деп санайтынын мәлімдеді.


Қыркүйек айында облыста болған төтенше оқиғалардан соң хиджаб мәселесі Атырауда қайта көтерілді. Азаттық радиосына хабарласқан Атырау медициналық колледжінің бір топ студент қыздары бастарына орамал таққандары үшін оқу орнына кіре алмай қалғандарын айтады.

«ҚАҚПАНЫҢ СЫРТЫНАН КИІМ АУЫСТЫРЫП КЕЛІҢДЕР»

- Орамалдарыңмен оқу орнының территориясына жақындамаңдар деген талап қойылып отыр. Анам келіп оқу ісі меңгерушісімен сөйлесіп еді, ол кісі оқу орны жарғысында жазылғанын айтты, бірақ оны бізге көрсеткен жоқ. Біздің ішкі тәртіпке бағынбай жүрген дәнеңеміз жоқ, ақ халат пен қалпақ киіп жүрміз дейді,- Гүлфия Бисенғалиева.

Гүлфия – Атырау медициналық колледжінің 2 курс студенті. Енді бірнеше жылдан соң акушер мамандығын игеріп шықпақ. Өзінің айтуынша, грантпен білім алып алып жатқан үздік студенттердің бірі. Гүлфия былтыр мекеменің аяқ киім шешетін жерінде киім ауыстыруға рұқсат берсе, биылғы қыркүйектен бастап жағдай өзгерді дегенді көлденең тартқан оқу ісі меңгерушісі ақ халатты қақпаның сыртынан киюді немесе орамалды шешіп, «ел қатарлы» киініп келуді талап етіп отырғанын айтады.

Атырау медициналық колледжінде оқитын қыздар мұсылман үлгісіндегі киімдері үшін сабаққа кіре алмай тұр. Атырау, 22 қыркүйек 2011 жыл.


- Колледждегі вахтер мұғалімдер тапсырмасы бойынша осымен екінші рет бүкіл студенттің көзінше ішке кіргізбеді. Мен колледж сыртында киім ауыстыруға мәжбүр болдым. Қазір күн жылы болғанымен, ертең қыстың суығында көшеде қалай киімімізді шешеміз, - дейді ол.

Оның айтқанын құптайтынын білдірген тағы бір хиджаб киген студент Айзада Оңғарқызы да сырт киімдерін мекеменің ішіне кіріп ауыстыруға рұқсат берілсе екен дегенді ғана өтініп отырмыз дейді.

Орамал таққан студент қыздар өздерінің «дін жолына» соңғы бір-екі жылда түсе бастағандарын айтады.

- Мені үгіттеген ешкім болған жоқ. Намаз әр мұсылманға парыз екенін түсіндім. Інім екеуміз оқимыз. Ата-анамыз қадағалап отырады. Мешітке бару әйел адамға міндет болмағандықтан бармаймын, тіпті үйден шықпаймын. Анамның жұмсауымен тек дүкенге барамын. Әбу Ханифа мазхабын ұстанамын, - деп түсінідіреді өз жайын Гүлфия.

Мұсылманша киімдері үшін қағажу көріп отырмыз деген қыздар ұстаздар көлденең тартатын ішкі тәртіп дегеннің колледжде сақталып жатқаны шамалы дейді.

Биік өкше мен қысқа юбка кимеңдер делінген еді. Алайда былтыр ұзын юбкамызды шешуді талап еткен соң мекеме ішінде біз шалбарға көштік. Ал қысқа юбка киген қыздарға ондай ескерту неге айтылмайды?


- Биік өкше мен қысқа юбка кимеңдер делінген еді. Алайда былтыр ұзын юбкамызды шешуді талап еткен соң мекеме ішінде біз шалбарға көштік. Ал қысқа юбка киген қыздарға ондай ескерту неге айтылмайды? - дейді Гүлфия Бисенғалиева.

Оның айтуынша колледж басшылығы мұсылмандық үлгідегі киім киетін қыздар мен намаз оқитын балалардың ата-аналарын шақыртып әлдебір қолхат жаздырып алған. Бұған қоса олар өздерін ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын атап қорқытатындарын да айтып қалды.

- Бізге сендердің тізімдеріңді ҰҚК-не береміз, тексереді деп қорқытады. Тексере берсін деп ойлаймын. Мен ешқандай заң бұзушылықпен айналысып жүргенім жоқ, сабағым мен намазымды оқығанан басқа, - дейді Гүлфия Бейсенғалиева.

Себепсіз қудаланып отырмыз деп санайтындықтарын айтқан хиджаб киген Атырау медициналық колледжінің студент қыздары құқықтарын қорғауды сұрап Атырау қалалық прокуратурасына арызданатындарын да мәлімдеді.

«ҮЙІНЕН ДҰРЫСТАП КИІНІП КЕЛСІН»

Атырау медициналық колледжі оқу ісі меңгерушісі Гүлбарам Әбдірахманова өздерін ҰҚК мен прокуратурадан күнде тексеріп отырғандықтан осындай жұмыс жүргізуге мәжбүр екендіктерін айтты.

- Өткен жұмада 4 баланың тізімін бердік. Қанша бала қашаннан бері [намаз] оқып жатыр, кіммен араласады деген мәліметтер сұрайды. Бұған дейін намаз оқитын балалардың барлығының ата-аналарын шақырып, жағдайды түсіндірдік, - дейді ол.

Наталья Войтенкова, хиджабқа қарсы науқанды айыптаушы белсенділердің бірі. Астана, 11 наурыз 2011 жылгода.


Сонымен қатар мұғалім өзінің егер студенттерге мұндай қатаң талап қойылмаса, намазға жығылғандар қатары көбейіп, басқаларды да үгіттеуі, я болмаса діни әдебиетер таратуы мүмкін деп қауіптенеді.

- Оқу орнында түрлі тәрбие бағыттары қолданылады. Мен мұны педагог ретінде айтып отырмын. Біз ислам республикасы емеспіз, біз демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Олар конституцияны айтады, бірақ ол жаңа еркіндік алып жатқан 1995 жылдары жазылған нәрсе. Қазір «Хабар» арнасынан көп заңдарға өзгерту енетіні жайлы айтылып жатыр, - деген уәж келтіреді Гүлбарам Әбдірахманова.

Оның айтуынша мұсылмандық киім үлгісімен киінетін қыздардың жұмыс табуы да екіталай.

Былтыр орамал таққан түлекті жұмысқа алмаған жағдай да болды. Емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері неге дұрыс тәрбие бермегенсіңдер деп бізге талап қояды.


- Былтыр орамал таққан түлекті жұмысқа алмаған жағдай да болды. Емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері неге дұрыс тәрбие бермегенсіңдер деп бізге талап қояды, - дейді оқу ісінің меңгерушісі.

Бұл әңгімеге қосылған колледждің тағы бір мұғалімі Маусымжан Оразғалиева:

- Расында да, мен егер басына орамал таққан бала дәрігері отырса, оған баламды қаратпас едім. Себебі ол ине салуға болмайды деген сияқты үгіт жұмыстарын жүргізуі мүмкін, - деп қоштап қойды.

Даудың соңғы нүктесін оқу ісі меңгерушісі Гүлбарам Әбдіраманова қойды. «Біздің талабымыз «үйінен дұрыстап киініп келсін» деді колледж мұғалімі.

«БҰЛ – ТАЗА ДИСКРИМИНАЦИЯ»

«Демос» құқық қорғау қоғамдық ұйымының жетекшісі Тоғжан Қизатова бұл жағдайды «таза дискрминация» деп бағалап отыр.

- Хиджаб киген қыздарды тек діни көзқарастарына бола оқу орны есігінен қаратпауға тырысу – барып тұрған алалау. Сонда басқа киім киген адамдарға медициналық колледжге кіруге болады да, орамал таққандарға болмайды екен. Оқу орнының ұстаздары олардың басқа құқықтарынан өзге, ең бастысы, білім алуға конституциямен берілген құқықтарын да бұзып отыр ,- дейді Тоғжан Қизатова.

«ИМАМДАР БАС САУҒАЛАП, ҚОРҚЫП ОТЫР»

Қыркүйектің 21-і облыс активінің алдында есеп беру баяндамасын оқыған Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев «ушығып кеткен діни ахуалдың» себебін имамдардан іздеді.

Атырау медициналық колледжінде оқитын қыздар мұсылман үлгісіндегі киімдері үшін сабаққа кіре алмай тұр. Атырау, 22 қыркүйек 2011 жыл.


- Жағдайдың алдын алуда өңірде үлкен жұмыстар атқарылуда. Дінді бұрмалап, халыққа теріс уағыздап жүрген адамдар ұсталды. Дінді ұстанушылар бұны дұрыс түсінулері тиіс. Бәрін бірдей жабайын деген ой жоқ. Біз дәстүрлі дінге кедергі жасап жатқанымыз жоқ, діннің атын жамылып, елге іріткі салып, үрей туғызып, тыныштықты бұзып жүргендермен күресетін боламыз. Ал, имамдар, осындай болып жатқан жағдайларды естіп отырса да, селт етпейді. Ешқандай реакция, лебіз-пікір жоқ, бірде-бір ұсыныс, идея бермеді, - деді әкім.

Бұдан әрі Бергей Рысқалиев болып жатқан оқиғаларға қатысты өз көзқарасын ашық білдіре алмаған имамдарды «қорқақтық танытып отыр» деп санайтынын айтты.

- Неғылған жауапсыздық? Бұл «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дейтін жер емес. Осындай жағдайда өз позициясын білдірмеген, араласқысы келмеген дін басшылары, қызметкерлері я оларды үнсіз қолдайды, я олардан қорқады деген сөз. Немесе білігі жетпейді. Менің ойымша олар бас сауғалап, қорқып отыр. Болып жатқан оқиғаларға ешқандай үн қоспауы осыны білдіреді, - деп түйіндеді сөзін әкім.

XS
SM
MD
LG