Accessibility links

Нарымбаев мерзімінен бұрын босатылмайтын болды


Ермек Нарымбаев, оппозиция белсендісі. Алматы, 21 маусым 2010 жыл
Ермек Нарымбаев, оппозиция белсендісі. Алматы, 21 маусым 2010 жыл

«Назарбаев, кет!» деп ұрандап, қылмыстық жазаға тартылған Ермек Нарымбаев мерзімінен бұрын босатылмайтын болды. Себептердің бірі - түрме ауласын белсенді түрде сыпырмайды.


Төрт жылға бас бостандығынан айрылған Нарымбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қыркүйектің 20-ы күні қаралған. Бұл туралы Азаттыққа оның әкесі Ерсайын Нарымбаев хабарлады. Оның сөзінше, қамаудағы ұлының өтінішін қараған комиссия «оның аса белсенді емес» екендігін айтқан екен.

«ТҮЗЕЛУГЕ ӘРЕКЕТ ЖАСАМАҒАН»

- Комиссияның шешімі бойынша, Ермек «Колония территориясын жинастыруға шығады, бірақ белсенділік танытпайды». Бұдан бөлек, ол «теріспиғылды сотталғандармен араласатын» көрінеді. Оның «колония ішіндегі ерікті ұйымдарға кіруден үзілді-кесілді бас тартуы да оның түзелуге ықыласы жоқтығын көрсетеді» екен, - деді Азаттыққа қазанның 4-і күні түсініктеме берген Ерсайын Нарымбаев.

Бұдан бөлек, комиссияның шешімінде «сот шешімі бойынша мемлекетке 24 мың теңге» берешігінің бар екендігін, және Нарымбаевтың бір ескерту алғандығы жазылған.
Өткенде бір сөгіс жариялапты оған. Кітап оқиды деп. Кітапханаға барып кітап оқиды екен, ал оған жазбаша түрде рұқсат керек екен.

- Өткенде бір сөгіс жариялапты оған. Кітап оқиды деп. Кітапханаға барып кітап оқиды екен, ал оған жазбаша түрде рұқсат керек екен. Ермек тек ол рұқсатты ауызша ғана алған. Ермек өзі отырғалы бері 100-ге жуық кітап оқыдым деп айтқан еді. Енді кітап оқу- олардың ойынша дұрыс дүние болмай тұр ғой, - дейді сұхбаттасымыз.

Осылайша, Нарымбаевтың өтінішін қараған комиссия оның «түзелуге әркет жасамағандығы себебінен, мерзімінен бұрын босауға рұқсат етілмейтіндігі» жайлы шешім шығарған.

«НАЗАРБАЕВ КЕТ!» ҮШІН ТӨРТ ЖЫЛ

Ермек Нарымбаев қазір Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Солнечный елді мекенінде ОВ 156/18 жалпы тәртіптегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Жақындары оны рақымшылық шарасына іліне ме деп үміттеніп отыр.

Ол өткен жылы өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс пен сот процестеріне наразылық ретінде түрмеде 80 күннен артық аштық жариялаған болатын.

Сот шешімімен жабылған «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев былтыр маусым айында «полицияға күш көрсетті» және «сотты қорлады» деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

Осыған дейін Алматы қалалық соты мен бас прокуратураның қадағалау алқасында қайта қаралған сот шешімі өзгеріссіз қалды.

Қазақстандағы оппозициялық күштер Ермек Нарымбаевты «билікке қарсы наразылық іс-әрекеттері үшін жазаланған саяси тұтқын» деп санайды. Ол - демократия күрескерлеріне берілетін «Азаттық» сыйлығының 2011 жылғы иегерлерінің бірі.
XS
SM
MD
LG