Шәкерімді атқан ГПУ тобының жетекшісі Абзал Қарасартов 1958 жылы ақынның есімі ақталып, шығармалары жариялана бастағанда бұл үрдіске қарсы шығады. Ал «қайта құру» саясатынан кейін Шәкерім есімі ақталғанда, енді Қарасартовтың ұрпақтары наразылық білдіруге көшеді.
Тарихшы ғалымдар сталиндік саяси-қуғын сүргінге үлес қосқандардың КГБ архивінде құжатқа түскен әрекеттері ашық айтылатын болса, олардың бүгінгі ұрпақтары арасында да араздық басталатынын айтады.
«БІЛМЕДІМ ШӘКЕРІМДІ КІМ АТҚАНЫН»
Жаппай тәркілеу науқанынан кейін, қолдағы малынан айырылып аштыққа ұшыраған Шыңғыстау жұртының бас көтеруі 1931 жылғы қыркүйектің 3-і аудан орталығы Қарауыл ауылын шауып, әсіре белсенділерді жазалауға ұласты.
Кейбір деректерге қарағанда толқыған жұрттың жетекшілері әуелі ақылдасып алмаққа елден жырақта, саят қорасында жалғыз жатқан Шәкерім қажының алдына келеді. Бірақ ол Қарауыл құласа да кіндік өкімет құламайтынын, халықты бекерге қырып алатынын айтып көтерілісшілерді райынан қайтуға шақырады.
Алайда көтеріліс күшпен басылғаннан кейін Шәкерімнің өзі де жергілікті НКВД қызметкерлерінің қолынан оққа ұшады.
Абзал Қарасартов жасағының Шәкерім қажыны қалай кездестіріп, қалай атқаны сол кездің өзінде-ақ ел ішіне түрліше айтылды. Шәкерімді атқанын өз көздерімен көрген жасақ ішіндегі жергілікті адамдар таратқан сөздер де әрқилы болып шықты.
Кейбірінде Шәкерім Қытайға қашуға бет алған топпен бірге жүріп Абзал Қарасартов бастаған милиция жасағымен кездейсоқ кездесіп қалады. Топ ішінен бөлініп, ГПУ жасағына қарай жалғыз шыққан Шәкерімді олар қалың тұманда танымай атып тастайды. Бұл версия бойынша бұйрық берген – Абзал Қарасартов, атқан – Абай ауылының мұғалімі, ұлты татар Халитов болып шығады. Оқ тиген Шәкерім қажы «Атпаңдар! Мен сендерге керек адаммын» деп айғайлаған-мыс.
Кейінгі зерттеушілер осы және осыған ұқсас нұсқаларды жасақ құрамында болған адамдардың алдын-ала келісуінен кейін, яғни Абзал Қарасартовтың айтуымен тараған сөз деп санайды. Олар ел ішіндегі басқа да деректерді алға тартып, Шәкерімнің ешбір топ ішінде емес, өзінің саят қорасында, атқа мінгелі тұрған жерінде қапыда атылғанын, атқан Абзал Қарасартовтың өзі екенін жазады.
Ал кейбір нұсқаларға қарағанда Абзал Қарасартов тобы Шәкерімді аң аулап келіп, саят қорасында аттан түсіп жатқан жерінен кездестіріп, тұтқынға алған. Кейін басқа жерге апарып әуелі азаптап, содан соң атып, денесін құр құдыққа көміп кеткен-міс.
1931 жылы басталған осындай кереғар болжамдар әлі күнге жалғасып келеді (Шәкәрімді кім атты? Не үшін атты? // «Қазақ әдебиеті» 9.06.1989; Шәкәрім қалай атылды? // «Өркен», 27.01.1990; Үшінші оқ кімдікі?// «Түркістан» 2.10. 2008; Қажыны атқан Қарасартов емес // «Жас қазақ», 26.09.2008; Шәкәрімге қатысты үш дерек // «Жұлдыз», 2010).
«ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ДАНТЕС» АТАНҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ!»
1988 жылы Шәкерім есімі ақталғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің үш нөмірінде Абзал Қарасартов пен ғалым Евней Бөкетов арасындағы ұзақ әңгіме-диалогтың жарық көруі Шәкерім өлімі туралы ел ішіндегі көптеген жорамалдарды қайта шығарды.
Осы газетте «Біз білеміз Шәкәрімді кім атқанын» деп аталатын қарсы мақалада «Қарасартов естелігі біз білген шындықпен мүлде жанаспайды» деген жазушы Хамит Ерғалиев Шәкерімді атқан Абзал Қарасартов деген тұжырым жасап қана қоймай, оның кейінгі «әрекеттерін» де атап көрсетеді.
«1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті» газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. Абзал Қарасартовтың ақынға қаншалықты жаны ашитынын біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өшіртіп тастаған. Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банды бастығын ақтамақшы болған адамдардың өздерін жауапқа тарту керек» деп столды соға даурыққанын өз құлағыммен есітіп, өз көзіммен көргенім де бар» деп жазады Хамит Ерғалиев.
1985 жылы басталған Михаил Горбачевтің «қайта құру саясатының» саяси жылымығынан кейін іле-шала Алматыда болған желтоқсан оқиғасы Шәкерім есімінің аталуына қарсы адамдар үшін жаңа мүмкіндік туғызды. Бұл жолы Қарағанды облысының тұрғыны Мәз Қарасартов қарсылық білдіріп, 1987 жылы 3 ақпанда жазушы Мұхтар Мағауинге хат жолдады.
Ол Мұхтар Мағауиннен 1978 жылы Ленинградтан шығарған «Поэты Казахстана» деп аталатын кітапқа Шәкерім өлеңдерін ғұмырнамасымен қоса жазып, ғылыми түсінік беруіне не себеп болғанын сұрайды.
«Бұл сұрақты тірі болса, менің ағам, Совет өкіметінің жауларына қарсы күрескен қарт чекист Абзал Қарасартов қойған болар еді. Өйткені Шәкерім Құдайбердіұлын менен гөрі ол кісі жақсы білетін. Бірақ Шәкерім туралы бар дерек Қарасартовтар ұрпағының бәрінде бар. Марқұм ағамыз өсиет етіп айтып кеткен. Ол кісі 1979 жылы қайтыс болды. Әйтпесе 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәкерімнің бір топ өлеңдері жарияланғанда, қайтадан жарық көрмеуі де осы кісіге байланысты» деп жазады хат авторы.
Мәз Қарасартовтың хаты «Егер осы хатқа жауап жазбасаң, мәселенің анық-қанығын түбегейлі ашу үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне және КГБ-ның алдына қоюыма тура келеді. Өйткені Қарасартовтар фамилиясы кейбір солақайлардың жорамалдауынша «Қазақ тарихындағы Дантес» атанғысы келмейді, атанбайды да» деген қоқан-лоққымен аяқталған еді.
Мәз Қарасартовтың 1988 жылы 17 ақпандағы екінші хаты Жайық Бектұровтың «Ақын және арамза» дастанын басқан «Қазақ әдебиеті» газеті мен бас редакторы Шерхан Мұртазаға арналды.
«Қайта құру кезінде жаламен қапыда кеткендер еңбегіне жарық көрсету керек делінген, бұған қаламынан еріксіз айырылғандар жатады. Қаламын қайқы қылышқа айырбастап Совет өкіметіне қарсы қарулы банды басқарушылары жатпайды, ол – Шәкәрім Құдайбердиев. ...Шындықты біле отырып, неге әрбір отыз жылда жаңалауға жандарың құмар?» деп жазған Мәз Қарасартов «бар білетінін ортақ тілге (орыс тіліне – авт.) аудартып, әділ қазылығын сұрайтынын айтып» қорқытады.
«АЛАШОРДАШЫЛСЫҢ, ХАЛЫҚ ЖАУЫСЫҢ!»
Абзал Қарасартовтың інісі «Ақын мен арамза» атты дастанын жазған Жайық Бектұровты да тыныш қалдырмайды.
«Мәз Қарасартов дейтін кісі үйіме телефон соғып: «Көрдегі адамдарымызға да тыныштық бермедіңдер ғой», – деп мені сөкті. «Көкек өз атын өзі шақырады» деген, өздеріңізді өздеріңіз танып тұрсаңыздар мейілдеріңіз», –деп жауап бердім, - дейді Жайық Бектұров 1988 жылы қарашада Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы Қуаныш Сұлтановқа жазған хатында.
Жайық Бектұров сонымен қатар, 1988 жылдың жазында Қарағандыда өткен ақындар айтысына Ульянов ауданынан қатысқан Мейрам Қарасартовтың жұрт көзінше сөзбен жәбірлегенін айтады.
«...Әзірлік кезінде: «Атам Абзал Қарасартов – Совет өкіметін орнатқан аяулы азамат, тамаша қайраткер, қысқасы, бүкіл халық басына ту етіп ұстайтын адам еді деп көрсеткісі келіп, сахнаны басына көтерді. Төрешілер алқасының жетекшісі ретінде қасыма шақырып алып: «Аталарың жайлы айтылып, жазылып жатқан сөздерді жақсы білесің. Сондықтан атаңды айтпай-ақ, ауданыңның атынан сөйле», - деп тоқтау салдым. Ал ол зал тола жұрттың көзінше «Сен алашордашылсың, халық жауысың! Көшеде атып өлтіріп кетемін!» деп тарпа бас салды», – дейді Жайық Бектұров.
«АТЫ-ЖӨНІМІЗДІ АША АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ»
1988 жылы «Арай» журналында кезінде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа жазылған авторы жоқ «домалақ хат» жарияланды.
«Сырттай естуімізге қарағанда Қазақ академиясы Шәкерім Құдайбердіұлының аруағын көтеріп, кітабын шығармақшы көрінеді. Партиялық тап көзімен қарағанда осы дұрыс емес. Біз Совет өкіметін орнатушылардың алғашқыларының біріміз. Біз сол кезде кім ел, кім жау болғанын жақсы білеміз және ұмытпаймыз» деп бастайды хат авторлары.
«1931 жылы «көкқасқа» сойып, ақ ту көтеріп Совет үкіметіне қарсы күрес ұйымдастырғанын, РайРКИ-дің бастығы Олжабайдың басын кесіп, Рамазан деген комсомол мұғалімді әйелі екеуін сүйретіп өлтірткенін білеміз. Компартия мен аудан Совет кеңесіне 360 кісімен шабуыл жасап, бірнеше коммунист пен комсомолды өлтіріп, кеңсені өртеп, банк пен кооперативті талап алғаны да елге мәлім» деп, хат авторлары Шәкерімнің «қылмыстарын» тізіп шығады.
«Домалақ хатқа» қарағанда, «Шәкерімнің өлеңі деп жүрген бірсыпыра тәуір сөздер тікелей Абайдан, Мағауиядан ұрланған. Кезінде Шәкерім біздің партиямыз бен үкіметіміздің заң орындарының әділ шешімдері бойынша халық жауы деп танылып, қарғыс айтылуын бүкіл халық құптаған. Мұхтар Әуезов те Шәкерімге өмір бойы жиіркене қарап өткен».
Солайша Шәкерімнің болыстық пен тәркідүниеліктің, рационалды пайымдау мен мұсылмандық мистиканың, «ескішіл, реакцияшыл» алашордашылар мен «жаңашыл, прогресшіл» большевиктердің арасында өткен өмірі әлі жұмбаққа толы күйі қалды.
«ШЫНДЫҚ ТА АРАЗДАСТЫРА МА?»
Тарихшы ғалымдардың кейбірі КГБ архивінде сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттардың әлі күнге толық ашылмады, ашылғандарының өзі егжей-тегжейлі айтылмады деп санайды.
Азаттық радиосының тілшісіне осы мәселе жөнінде өз ойын жеткізген тарих ғылымының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары Қайдар Алдажұманов «сол кездегі тергеу хаттамаларынан көптеген адамдардың атын кездестіруге болатынын» айтады.
– 1990 жылдары сондай материалдардың шеті шыға бастағанда көптеген қарсылықтар болған. «Сенің атаң менің атамды ұстап беріпті» дейтін араздықтар басталған еді. Сондықтан мұның этикалық жағын да ұмытпаған жөн. Шындықты ашық айтуымыз керек деп жұртшылықты араздастырып қоюға болмайды, – дейді тарихшы.
– Мәселен, Сталинге хат жазып, 1930 жылдары қазақ халқын тек сол ғана құтқарып қалғандай көрсетіліп жүрген бір қайраткер бар. Бірақ коллективтендірудің тез арада жүргізілуіне Сталинге құпия хат жазып, себепкер болған адам – сол. Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» деген кітабын, «Вопросы истории КПСС» журналының 1964 жылғы 4-ші нөміріндегі мақаланы оқыған адам оның кім екенін біледі, – дейді Қайдар Алдажұманов.
Ал «барлық кінәні сталиндік саясатқа жаба бермей, сол саясаттың қолшоқпарына айналған, тіпті білек түріп екілене кіріскендердің әрекеттері де ашық айтылуы тиіс» дейтін де қоғамдық пікірлер бар. Мысалы, тарих ғылымының докторы Хазірет Тұрсын:
– Қылмыстық әрекеттер біреулердің жанына батса да, айтылуы керек. Ол тарих үшін, тарихтан тағылым алу үшін қажет. Аталарының қылмысына бүгінгі ұрпақтың қатысы жоқ,– дейді.