Accessibility links

Келесі президентті Тимур Құлыбаевтың өзі «тағайындауы» мүмкін


Сауат Мыңбаев, Қазақстанның мұнай министрі "Самұрық-Қазына" қорының төрағасы Тимур Құлыбавты (сол жақта) тыңдап отыр. Астана, 4 қазан 2011 жыл
Сауат Мыңбаев, Қазақстанның мұнай министрі "Самұрық-Қазына" қорының төрағасы Тимур Құлыбавты (сол жақта) тыңдап отыр. Астана, 4 қазан 2011 жыл

Ағылшын баспасөзі қазақ экономикасының өсуі туралы жылы пікір білдіре отырып, минералды қазба байлықтарын уысынан шығарғысы келмейтін президент отбасындағы аса ықпалды адам туралы қызық мәліметтер келтіреді.


Financial Times («Файнэншл Таймз») газеті қазанның 16-ы жариялаған мақалада Тимур Құлыбаев Ұлыбританиядан аса қымбат зәулім сарай сатып ала салуға қиналмайтын дәулетті адам һәм экономиканың бар саласына ықпал етуші бюджеті 80 миллиард АҚШ долларына тең тәуелсіз қордың төрағасы ретінде сипатталады.

"ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ" МІНЕЗ КӨРСЕТУІ

«Ол журналистермен өте сирек кездеседі. Жеке күзетінің жабдығы мен жарағы президенттің жеке күзет қызметінен бір мысқал да кем түспейді» деп жазады автор. Оның байқауынша, Құлыбаев мырзаны сыртынан шетелдік инвесторлар «ТК» деп атайды екен.

Басылым Орталық Азия елдерінің ішінде қазір Қазақстанның экономикасы біршама тәуір деген пікір айтады. Әлемдік деңгейдегі беделді мұнай компаниялары да осы елге инвестиция салуға асық. Халықаралық энергетика агенттіктері Қазақстанның тексерілген мұнай қоры 40 миллиард баррель десе, ақша салған шетелдік инвесторлар мұндағы қара алтынның қоры 100 миллиардтан асады деп сенеді.
Қазақстан өз мүддесіне жету үшін қазба байлығын саудаға салып отырады.

Солай бола тұрса да шетелдік инвесторлар оп-оңай бизнес жасап жүрген жоқ деп жазады автор. 2008 жылы батыстың бірнеше мұнай-газ компанияларының консорциумы Қазақстанның ең үлкен мұнай кеніші Қарашығанаққа қатысты тартыс кезінде мәселені «ҚазМұнайГаз» компаниясына сұраған үлесін беріп шешкен болатын. Бұл күндері BG Group пен ENI компаниялары да Қарашығанақ газ кешеніне қатысты дәл осындай талапқа тап болды. «ҚазМұнайГаз» Құлыбаев басқаратын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарайды деп ескертеді басылым. Қазақстан өз мүддесіне жету үшін қазба байлығын саудаға салып отырады деген пікір айтады тілші.

«Қарашығанаққа қатысты мәселенің бәрін жақын күндері реттейміз. Үлкен жобалардың бәрі өте мол инвестиция талап ететіні белгілі. Ары қарай жылжу үшін бізге инвесторлармен келіскеннен басқа жол жоқ» деген Financial Times басылымына берген сұхбатында Құлыбаев мырза.

Келіссөз туралы таратып айтуға Құлабаев мырзаның құлқы болмаған. «Бірақ» дейді 45 жасар бизнесмен «Қарашығанақ болашағы бар жоба. Сондықтан да оның бай қоры инвесторларды қызықтырып, өзіне баурап отыр. Дәл қазірдің өзінде инвесторлар мұнда қайта оралып жатыр. Алдыңғылары салған ақшаларынан пайда тауып та үлгерді» деп мақтанып та алды.
«Қарашығанақ – жергілікті мемлекет араласпаған Қазақстандағы жалғыз шетелдік инвесторлар тартылған мұнай жобасы.

Компаниялар Қарашығанаққа қатысты көп нәрсені бәске тігуге бар. JP Morgan Cazenove инвестициялық банкінің сарапшылары BG («Бритиш Газ») компаниясының Қарашығанақ жобасындағы 32.5 пайыз үлесін 7,6 миллиард АҚШ долларына тең деп бағалады. «Қарашығанақ – жергілікті мемлекет араласпаған Қазақстандағы жалғыз шетелдік инвесторлар тартылған мұнай жобасы. Бірақ, «ҚазМұнайГаздың» күндердің бір күнінде жобаға кіргісі келетіні анық еді» дейді PFC Energy компаниясының бас директоры Джулия Нанай.

МҰНАЙЛЫ ЕЛДІҢ ШҮЛЕН МЫРЗАСЫ

Қалай болғанда да қазақ үкіметінің өзінің табиғи қазба ресурстарын игеруге араласуға ұмтылуы инвестиция ахуалының құбылуына қатысты алаң туғызды. Осы айдың басында Астанадағы жыл сайын өтетін энергетика форумында АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілі Дэниел Стейн Қазақстан үкіметінің шетелдік мұнай компанияларына ыңғайлы инвестициялық климат қалыптастырғанын мақтап өтті. Бірақ, сөзінің соңын «Әйткенмен өткен жылдан бері біз Қазақстанның келісім-шартты бұзбауға күш салатын дәстүріне нұқсан келтіретіндей кейбір әрекеттерді көріп, алаңдап отырмыз» деп бітірді.
Өткен жылдан бері біз Қазақстанның келісім-шартты бұзбауға күш салатын дәстүріне нұқсан келтіретіндей кейбір әрекеттерді көріп, алаңдап отырмыз

Құлыбаев мырза FT басылымының журналисімен болған әңгімеде «Келісім шарттардың күшінде қалдырып отырдық. Біз барлық қиындықтарды өзіміздің шетелдік әріптестермен бірлесе отырып шешуге күш салып жатырмыз. Оның үстіне соңғы уақытта табылған басқа да мұнай кеніштері қосымша инвестиция тартып жатыр» деп қоса кеткен.

Автордың ойынша, шетелдік инвесторлардың көңілін үнемі күпті қып тұрған нәрсе осы үлкен жобалардың болашағы бар ма жоқ па деген сауал. Президент Нұрсұлтан Назарбаев шілде айында 71 жасқа толды. Осы жасқа келсе де саяси мұрагер туралы жақ ашқан жоқ. Бірақ қызметін күтпеген жерден біреуге қалдырып кетуі мүмкін деген қобалжу бар да бар. Соңғы сәуір айындағы сайлауда оның тағы да 95 пайыз «дауыс жинауы» бұл мәселені талқылаудың әлі тым ерте екендігін анық көрсетіп берді. Осы мәселеге қатысты «Сондықтан да алдағы бес жылда мұрагер мәселесін қозғау қисынсыз» деген пікір айтыпты Тимур Құлыбаев. Президенттің күйеу баласы келесі патша болғысы келмейді-ау, патшаны тағайындайтын тұлғаға айналғысы бар-ау деген болжам жасайды басылым.
XS
SM
MD
LG