Интернетті ашсаң болды, Муаммар Каддафи туралы ақпараттарды еріксіз кездестіресің. Бүкіл әлем бейне оның жақсы әрекеттері мен жаман әрекеттерін таразыға салып, өлшеп жатқандай.
Бірі оның тірі кезінде мұнайдан түскен қаржыны шашауын шығармай, халқына бөліп бергенін, қанша арбаса да Батыстың илеуіне түспей, «ат үстінде» қасарысып өлгенін ерлікке баласа, бірі оны халықты уысында ұстап, білгенін істеген, ақыр соңында қаңғыған иттей өлген қаһарлы диктатор ретінде көрсетіп отыр.
Мен Ливия туралы өте аз білем. Бірақ соңғы шыққан деректерге қарап, ондағы жайттар мен елімізде болып жатқан жағдайлар арасында біраз ұқсастықтар бар екенін аңғардым. Ол қандай ұқсастықтар?
1. 1969 жылы Муаммар Каддафи билікке алғаш келіп, басқарған жылдары халқы үшін көп жақсылық істеген деседі. Халықтың жағдайы мұнайдан түскен қаржы есебінен біраз жақсарып, ел еңсесін түзеген екен. Тек 2000 жылдарға келгенде билік пен байлық, айналадағы қошаметтен басы айналған Каддафидің мінезі құбылып, дүниенің арбауына түбегейлі түскен екен.
2. Каддафи «басқарудың үшінші түрі» немесе «жамахирия» (аударғанда «көптің басқаруы») теориясын ойлап тапқанмен, мамандардың айтуынша, шын мәнінде практикада бәрі де бұған қарама-қайшы болған. Ливияда қатаң иерархиялық жүйе орнап, оның басында тек Каддафи мен оның туыстары отырған. Ол өзінің ұлдарын мұрагер ретінде дайындап, билікті жақындарына бөліп бермекші болған.
3. Елде азаматтық қоғамның дамуына кедергі жасалып, қоғамда «өзгеше ойлайтын» адамдар ылғи қуғынға ұшырап отырған. Кез-келген балама идея тұншылықтырылып, идея авторларына қысым жасалған. Осының салдарынан білімді элитаның бір бөлігі шетелге көшіп кеткен.
4. Ол оның отставкасын талап етіп, суретін жыртқан азаматтарды аяусыз жазалаған.
5. Адамдардың сөз бостандығын, т.б құқықтарын шектейтін заңдар қабылдаған.
Енді осы айтылғандарды біздің елмен салыстырып көріңіз. Келе ме екен? Ұқсас па? Айдалада тұрған Африка мемлекеті мен Қазақстанды салыстыру келмейді дегенмен, диктатураның табиғаты бір.
Билік пен байлыққа мастанған адам миллиондаған адамның пікірімен санаспай, халықтың тағдырын ойыншық көреді. Өзінің «ұлылығы» туралы «мифтерге» өзі сеніп, өлімге байлаулы әлжуаз пенде екенін ұмытып қалады. Қайткенде ондайлардың түбіне билік жетеді.
Қалай болғанда әлем мамандары диктаторлар заманының келмеске кетіп бара жатқанын айтады. Мұны сол диктаторлардың өздері-ақ сөзсіз сезіп отыр. Барған сайын әр нәрсені сылтауратып, интернетке шектеу салуға тырысуы батып бара жатқан кеме құйрығына жармасу сияқты тырмысқан әрекет. Бірақ «өгізге туған күн бұзауға неге келмесін».
ПыСы: Кеше бір пікір оқып қалдым: «қанша жерден диктатор болса да, ибалы қазақ Назарбаевты мұншалықты ту-талақай етпейді деп ойлаймын» депті бір қазақ. Кім біледі...