Қытай халық республикасы құрылғаннан бері, міне, 60 жылдан асып, Қытайдың төртінші көсемі биліктен кетіп (өте қысқа мерзім аралығында билікте болған екеуді қоспағанда), бесіншісі үзеңгіге аяқ салу алдында тұр.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деп қазақ атамыз айтқандай, сол 60 жылда расында да, Қытай елі мүлде жаңарып, түлеп келеді. Елі дамып, экономикалық қуаты жағынан әлемнің алдыңғы қатарына ұмтылуымен қатар, бұрын «жартылай отар, жартылай феодалдық» қоғамда батыстың езгісі мен қорлығын, сондай-ақ Мао замандағы итшілеген қиын өмірді көрген қарапайым да кішіпейіл аға ұрпақ келмеске кетіп, енді кеуделеріне нан пісетін, өздерінен басқаны менсінбейтін қытай ұлтшылдары өсіп келеді.
Билік – қашан да халықтың ішкі жане сыртқы бет-бейнесінің көрінісі. 60 жылда Қытай елін билеген көсемдерінің өмірі мен жүрген жолына үңіліп көрсек, Қытай елінің бет-бейнесінің өзгерумен қатар, халқының да пиғыл-мақсаты өзгеріп келе жатқанын байқаймыз. Қазір, шынын айтар болсақ, Қытайда қытай ұлтшылдығы асқынып келеді. «Билік – халықтың туындысы» десек те, халық ел бастаған көсемдеріне қарап бой түзеп, көсемінің саясатына үн қосатыны айтпаса да белгілі. Олай болса, қытай көсемдеріне үңіліп көрейік.
МАУ ЗЫДЫҢ (МАО ЦЗЕДУН)
Мау Зыдұң (1893-1976) Хунан өлкесінің Шаушан ауылында біршама бай шаруа отбасында дүниеге келген. Хунан педагогикалық мектебін бітірген.
Ол 1911 жылғы қытай демократиялық-ұлттық төңкерісіне қатысты. Кейін бірте-бірте коммунизм идеясын қабылдап, Қытай коммунистік партиясына кірді. Ол сол жылдары Францияға барып, оқу орайынан бас тарта тұрып, Қытайдағы қарапайым шаруалардың өмірін зерттеп, өзін Қытай төңкерісіне, коммунизм ісіне арнады.
Ол марксизм-ленинизм идеясын беріліп үйреніп, өзін нағыз интернационал көшбасшы етіп шыңдап шығарды. Кейін қытай коммунистік партиясы Қытай Халық Республикасын құрғаннан кейін де коммунизм ісіне адал болып, ұлттар теңдігін дәріптеп, «ұлттық бөлшектенуге қарсы тұру, зор қытай ұлтшылдығына қарсы тұру» деген ұранды бүкіл елге дәріптеді.
Осы ұранды өздеріне құбыла қылған қытайлар азшылық ұлттар жерінде, өтірік болса да, бетегеден биік, жусаннан аласа болды. Қытайдың азшылық ұлттар қоныстанған өлкелерге жіберген басшылары «аз ұлттардың салт- дәстүріне, тіліне, дініне құрмет ету» бағытын ұстанды. (Алайда бұл жерде осындай сырттай ізгі саясат ұстанғандай бола отырып, «жергілікті ұлтшылдарға қарсы тұру» деген ұранмен азшылық ұлттардың азаттық аңсаған игі жақсыларын қырып тастағанын ақтай алмаймыз).
Қалай десек те, 1976 жылы Мао өлгенге дейін қарапайым қытай халқы бас көтеріп, аз ұлттарға тіс-тырнағын ашық батыра алмады. Тіпті азшылық ұлттар тұрған өңірде баяғыдай жергілікті ұлт өз үстемдігін сақтап қалды.
ДЫҢ ШЯУПИҢ (ДЭН СЯОПИН)
Дың Шяупиң (1904-1997) Сычуан өлкесінде бай шаруа отбасында дүниеге келді. 1920 жылы Францияға оқуға кетіп, екі жылдан кейін осында құрылған Қытай коммунистік жастар одағына мүше болады.
1926 жылы саяси қызметі үшін Франциядан қуылып, Мәскеуге келіп, Сунь Ятсен атындағы университетте оқыды. Дың Шяупиң сонау жастық шағынан коммунизм идеясына беріле сенді. Ол да төраға Маомен бірге марксизм-ленинизм идеясын беріле үйреніп, өзін нағыз интернационал санады. Қытайда қызыл үкіметі құрылғаннан кейін де ол саяси күрестен экономикалық ілгерілеуді артық санады.
Ол саяси күрес барысында «бай – кедей», «қытай – басқа ұлт» болып бөлінгенді құп көрмеді. Ол ұлт, табына қарамай социализм ісіне үлес қосқан кез-келген адамды бауырына тартуға тырысты. Оның «ақ мысық, қара мысық, тышқан алса – бәрі де жақсы мысық» деген әйгілі сөзі ұлтшыл қытай емес, интернационал болғанын дәлелдейді. Мао өлгесін ел билеген (1978-1993) Дың Шяупиң есі шыққан Қытай еліне советтік догмалық қателіктен ірге бөліп, бағыт-бағдар сілтеп, «Жуңгоша (қытайша) ерекшелікке ие социализм құру» идеясын іске асыру арқылы Қытайды дамудың даңғыл жолына салды.
1978 жылдан кейінгі Дың Шяупиң жасаған оң бұрылыстан кейін есін жиған Қытайдың қарапайым халқы сол Мао заманындағы маубастықтан сәл де болса, етек-жеңін жинаса да, азшылық ұлттарға қарата тіс-тырнағын ашық батыратын саясат жүргізе қоймады. Өйткені ол кездегі қытай билігіндегілердің негізі Дың Шяупиң сияқты «интернационал» болатын. Дың Шяупиң тұсында да Мао заманындағы «ұлттық бөлшектенуге қарсы тұру, зор қытай ұлтшылдығына қарсы тұру» деген үлкен ұрандар еш өзгеріссіз ілініп тұрды...
ЖЯҢ ЗЫМИН (ЦЗЯН ЦЗЭМИНЬ)
Жяң Зымин 1926 жылы Жиянсу өлкесінің Янчжу қаласында дүниеге келді. Шаңхай Көлік университетінің электрқозғалтқыштар факультетін бітірген инженер.
1955-56 жылдары Мәскеу қаласындағы Сталин атындағы машина жасау зауытында мамандығын жетілдірді. Жастайынан комсомол болып, кейін комунистік партияның қызметіне белсене араласқан Жяң Зымин сол кездегі төраға Мао идеясын өзіне бағыт тұтып, Совет одағында «интернационалшыл» идеясын шыңдап қайтты. Алайда «коммунистік интернационализм» дегенді көбіне сөз жүзінде пайдаланып, іс жүзінде «сабан астынан су жүгіртіп», өз ұлтына басым бағыт берді.
Жяң Зымин биліккте болған жылдары (1993-2002) Қытай елі етек-жеңін жиып қана қоймай, айқұлақтана бастаған болатын. Ішкі Қытайдан ағылған миллиондаған жұмыссыз қытайлар азшылық ұлттар қоныстанған өңірлерге келе бастады. Қытай билігі де осы кезде «қол ішке илігеді» дегендей, қытай кәсіпкерлеріне экономикалық жақтан үздіксіз көмек беріп, азшылық ұлттар жеріне мысықтабандап кіре бастады.
Алайда аз ұлт өңіріне келген ақпа қытайлардың заңдық құқы жеткілікті қорғалмады. Олар жергілікті жерде кемсітуге ұшырап, үнемі кедергілерге тап болып отырды. Десе де сол өңіріндегі халықтың әрекет ету кеңістігі тарыла бастады. Қытайға қарсы идея мен пиғылдар дер кезінде ауыздықталып, асып бара жатқандары түрмеге тоғытылды.
Мао, Дың Шяупиң тұсындағы «ұлттық бөлшектенуге қарсы тұру, зор қытай ұлтшылдығына қарсы тұру» деген ұранға да өзгеріс енгізіп «жергілікті ұлтшылдыққа, қытай ұлтшылдығына қарсы тұру» деген үлкен ұрандар әр жерде желбіреп тұрды.
ХУ ЖИНТАУ (ХУ ЦЗИНЬТАО)
Ху Жинтау 1942 Аньхуэй өлкесі Чжиши қаласында туылды. Пекиндегі Цинхуа университетін бітірген.
Ол Қытайдың өзінен ғана оқып, совет интернационализмін көрмеген, қызметке араласқан кезінде Дың Шяупиңның жаңа реформасы заманына тура келген «комунистік интернационал» деген идеяға бой алдырмаған, таза қытайлық идеямен өсіп жетілген қытайшыл көсем болды. Ол өз мақсаттарын Жяң Зымин сыяқты майдалап, жасырын жүргізбей, ашық, Қытайды зор санау саясатын жүргізе бастады.
Алдымен Жяң Зымин тұсындағы ақпа қытайлардың заңдық мәртебесін жоғарылатып, олардың құқығын қатаң қорғады. Сондай-ақ, жергілікті халықтың билігін мүлде әлсіретіп, экономикалық жақтан маңызды саналатын салалардың бәрін қытай азаматтарының қолына беріп, Қытай елінің нақты иесі кім екенін басқа ұлттарға ашық танытты.
«Мемлекет қажеті үшін» деген сылтаумен аз ұлттардың жерлерін ашықтан-ашық тартып алып, жергілікті шаруаларды жерсіз қалдырды. Жергілікті жерлердегі азшылық ұлттардың өз тіліндегі мектептерді тегіс жауып немесе аралас мектептерге айналдырып, аз ұлттарға бұрын болып көрмеген дәрежедегі қысым жасалды.
Мұның ақыры аз ұлттардың қытай билігіне қарсы жаппай халық наразылығына алып келді. Алайда ереуілдегі халықпен тепе-тең тұрып талдау жасап, келісімге келгеннің орнына Ху Жинтау билігі қарулы басып-жаншу саясатын қолданды. Бұл Қытайдың Шыңжаң өлкесі және Тибет өлкесінде жоғары шекке жетті.
Енді Жяң Зымин тұсындағы «жергілікті ұлтшылдыққа, зор қытай ұлтшылдығына қарсы тұру» ұраны алынып тасталып «заңсыз діни қимылдарға қарсы тұру», «жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру» деген ұран көтеріп, зор қытайшылдыққа дем берді.
Қорытып айтқанда, Қытайды билеген жарты ғасырдан астам уақытта төрт көсем ауысып, Қытай халқы төрт рет сілкініп, төрт рет түледі. Әр рет сілкінген сайын Күңзы айтқандай, «кішіпейілдігі, мүләйімдігі, ізеттілігі» жоғалған Қытай жаңа ұрпақтары қалыптасып, аталары сияқты «жылымық саясат» ұстанғысы келмейтін дәрежеге жетті.
Олар да кеудесін ұрғылап, елдік иесі кім екенін танытқысы келеді. Және де өздері басып алған азшылық ұлттар жерінде ғана кеудесін барабан етіп қоймай, ұлттық саясаты әлсіз, советтің шекпенінен шыққан Орта Азия елдерінде де мұрындарын шүйіріп, кеудесін кердең ұстайды. Орайы келсе ықтырып, бұқтырып алғысы келеді.
Енді келесі жылы базар (нарық) шаруашылығы мен «ұлы қытай» елінде өскен, Маркс пен Лениннің «ұлттар теңдігіне» пысқырып та қарамайтын, комунистік интернационализм иісі мұрнына да бармайтын, нағыз қытай ұлтшылы Ши Жиньпиң Қытай көсемі болуға алақанын ысқылап дайын отыр. Енді сол ысқылаған қытай алақанында сол елдегі азшылық ұлттар бордай үгіліп, қытайдың шексіз теңізіне еріп жоқ болады.
Сосын Қытайдың сумаң қолы Орта Азияға қарай созылмасына кім кепіл?