Accessibility links

Прокуратура: "Атыраудағы жарылыста Бауыржан Сұлтанғалиев қаза болған"


Атырау облыстық прокуратурасы. 26 мамыр 2009 жыл.
Атырау облыстық прокуратурасы. 26 мамыр 2009 жыл.
Бүгін Атырау облыстық прокуратурасы қазанның 31-і күнгі жарылыста мерт болған адамның анықталғанын хабарлап, оның аты-жөнін жариялады.

"Қаза тапқан адамның аты-жөні анықталды. Ол Атырау қаласында туған және осы қала тұрғыны, 20 желтоқсан 1987 жылы туған Сұлтанғалиев Бауыржан Қанатұлы болып шықты", - деп жазылған Қазақстан бас прокуратурасының сайтында жарияланған ақпаратта.

Прокуратураның хабарлауынша, оны туыстары таныған және саусақ іздері бойынша идентификация жасалған.

Прокуратура "Бауыржан Сұлтанғалиевтің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту жұмыстарының нәтижесінде қолдан жасалған жарылғыш құрал, жарылғыш жасауға қажетті компоненттер, сондай-ақ қолдан жарылғыш зат жасаудың нұсқаулығы табылды. Тінту барысында табылған қолдан жасалған жарылғыш құрал қауіпсіз аймаққа шығарылып, жойылды" деп хабарлады.

Бұл іс бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінің «Жарылғыш зат қолдану арқылы террорлық акт жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Атырау қаласында кеше таңертең екі жарылыс болып, одан бір адамның қаза болғаны хабарланған еді.
XS
SM
MD
LG