Қазанның 31-күні Алмазбек Атамбаев BBC телеарнасына «АҚШ-тың «Манас» әскери базасын 2014 жылдан кейін пайдалана алмайтынын» айтты.
– «Манастағы» АҚШ-тың әскери базасы жабылуы керек. Егер Иран мен АҚШ арасында соғыс тұтана қалса, сосын Иран АҚШ-қа жауап ретінде Манасты бомбаласа не болмақ? – деді ол телеарнаға.
МАНАС ӘУЕЖАЙЫНЫҢ МАҢЫЗЫ
«Манас» әскери базасынан айырылу Ауғанстанға жүк тасымалдап, әскерін аялдататын АҚШ үшін ең басты сәтсіздік болмақ» деп жазады Financial Times. Себебі Пәкістаннан Ауғанстанға өтіп жатқан бүлікшіл топтардың НАТО-ның Ауғанстандағы әскерилеріне жиі шабуылдай бастауы Қырғызстанның маңызын арттырып отыр.
Ал Ресей Орталық Азиядағы мемлекеттерді өзінің ерекше ықпал аймағы ретінде көреді және АҚШ әскери базасының Қырғызстанда орналасқанына қарсы. Өзбекстан болса АҚШ-ты 2006 жылы елден шығарып жіберген. Сарапшылар «Ташкент мұны Мәскеудің айтуымен істеп отыр» деп бағалаған болатын.
АҚШ «Манас» әуежайын алғаш 2001 жылы Нью-Йоркке террористік шабуыл жасалғаннан кейін пайдалана бастаған.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев 2009 жылы АҚШ-тан Манас әуежайын босатуды сұраған, бірақ Вашингтон жалдау құнын үш есеге арттырғанда ол райынан қайтқан. Құрманбек Бакиев өткен жылы биліктен қуылған соң қырғыз құқық қорғау орындары оның туыстарын «Манас» әуежайындағы жанар-жағармайға қатысты күмәнді келісім-шарттардан пайда көрді» деп айыптады.
Бішкек пен Вашингтонның байланысы «Ақ үй Құрманбек Бакиевтің президенттігі кезіндегі коррупцияға көз жұма қарады» деген айыптаулардан кейін шиеленісіп кеткенін айтады басылым.
ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ АЛДАҒЫ САЯСИ БАҒЫТЫ
Лондонда орналасқан GPW бизнеске талдау жасау консалтингінің аға сарапшысы Кейт Маллинсон Атамбаевтың Манас әуежайын жабу туралы талабын «әдеттегі және орынды сөз» деп атады. «Әскери базаның жабылмағаны жөн. Оның жабылуы Ресей мен Қырғызстан арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа байланысты болады» дейді сарапшы.
Алмазбек Атамбаев премьер-министр болып сайланғалы бері Қырғызстанды Ресейдің ыңғайына бұрып келді.
Ресей парламентінің спикері және биліктегі «Единая Россия» партиясының басшысы Борис Грызлов Алмазбек Атамбаевтың сайлаудағы жеңісін жылы қабылдап, «Оның (Ресеймен) интеграцияны қолдайтыны шүбәсіз маңызды» деді.
Алмазбек Атамбаев өткен айда Владимир Путинмен болған әңгімеде Қырғызстанның Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы кедендік одаққа кіруге мүдделі екендігін айтқан. Алайда Атамбаев қазанның 31-і күні «Қырғызстан кеден одағына қатысты келісімдерінің әрбір тармағына ерекше назар аударатын болады» деп, шиеленістің ұшығын шығарды дейді Financial Times.
Қырғызстандық саяси сарапшы Марс Сариевтің ойынша, Қырғызстан саудагерлері Қытайдың контрабандалық тауарларына тәуелді, бұл Кеден одағына кіруге кедергі болады. Оның айтуынша, Бішкек Кеден одағына қосылса, Ресей Қырғызстанның шекарасын бақылауда ұстайды, содан кейін бұл елде де баға қымбаттайды.