Қарашаның 16-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төртінші шақырылған Қазақстан парламентінің мәжілісін тарату және парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жарлығы ресми баспасөзде жарияланды.
ЖАРЛЫҚ
Президенттің ресми сайтында жарияланған жарлық мәтінінде:
«1. Төртінші шақырылған Қазақстан республикасы парламентінің мәжілісі таратылсын.
2. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан республикасы парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындалсын.
3. Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын Қазақстан республикасы парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2012 жылғы 16 қаңтарға тағайындалсын» делінген.
Президент мәжілістің кезектен тыс сайлауына дайындық жасап, ұйымдастырып өткізуді орталық сайлау комиссиясына жүктеп, үкіметке, Астана, Алматы қалаларының әкімдеріне және облыс әкімдеріне кезектен тыс сайлауды ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырды.
53 ДЕПУТАТТЫҢ БАСТАМАСЫ
Сейсенбі күні Ақордада парламент палаталарының спикерлері және премьер-министрмен мәжілісті таратып, елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы мәселе бойынша кеңескен президент Назарбаев Қазақстан қоғамы көппартиялы парламентке мұқтаж екендігін алға тартқан еді.
Палата спикерлері мен премьер-министр елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы ұсынысқа қолдау білдірді.
Жаңарған парламент елдегі ауқымды модернизация үшін қажет деген Назарбаев, егер келесі жылы дағдарыс бола қалған жағдайда сайлау өткізу ел басшылығының, үкімет пен аймақтардың жұмысын қиындататындығын атап айтқан.
Өткен бейсенбіде Астанада Қазақстан парламенті мәжілісінің 53 депутаты атынан мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды таратып, елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуді сұрап президент Назарбаевқа жазылған үндеуді мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов жария еткен болатын.
Қазірге дейін тек жалғыз саяси партия – «Нұр Отан» мүшелерінен құралған Қазақстан парламентінің мәжілісі 2007 жылы тамыздың 18-і күні бес жыл мерзімге сайланған еді.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бергі 20 жылға жуық уақыттың ішінде парламентті төртінші мәрте таратып отыр.