Accessibility links

Назарбаев Жаңаөзен оқиғасын тексеруді тапсырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласында өткізген жиында бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысты қылмыстық істер бойынша қажетті барлық шараларды жасауды тапсырды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

«Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен оған кінәлілерді іздестіру, анықтау жұмыстарын күшейту керек» делінген баспасөз хабарында. Назарбаев бұл тұста тергеу жұмыстары Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бастаған қоғамдық комиссияның қатысуымен ашық және жария түрде өткізілу керектігін айтқан.

Президент бұған қоса вице премьер Өмірзақ Шүкеев бастаған үкімет комиссиясына екі апта ішінде «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмыстан шығарылған мұнайшылары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарының наразылығын тудырған себептерді анықтауды тапсырғаны айтылады.

Кеше түстен кейін Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, облыстық әкімшілікте Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру мәселесі бойынша облыс басшыларымен жиналыс өткізді. Жиында Назарбаев Маңғыстау облысының әкімі етіп Бауыржан Мұхамеджановты тағайындаған Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаевты орнынан алды.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 15 адамның қаза болғаны расталды. Жаңаөзендегі жағдайға қатысты наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланған. Прокуратура "полиция бұзақылардан қорғану үшін оқ атқан" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG