Accessibility links

Мұнайшылар үкіметтік комиссиямен кездесе алмады


"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілдген мұнайшылары үкіметтің өздерін басқа өңірлерге жұмысқа жіберу ұсынысына келіспейтіндіктерін білдіретін хатқа қол қойып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл
"Қаражанбасмұнай" компаниясының ереуілдген мұнайшылары үкіметтің өздерін басқа өңірлерге жұмысқа жіберу ұсынысына келіспейтіндіктерін білдіретін хатқа қол қойып жатыр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл
"Қаражанбасмұнай" компаниясының жұмыстан босатылған 500-ге тарта мұнайшысы "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының жаңа тағайындалған басшысы Ләззат Қиыновпен және үкіметтік комиссия төрағасы Өмірзақ Шүкеевпен кездесе алмады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

"Қаражанбасмұнай" компаниясының мұнайшысы Берекет Амангелдіұлының айтуынша, "Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы мұнайшыларын жұмысқа алу мәселесі бойынша Жаңаөзенде мұнайшылармен келіссөздер өткізіп жатқан Ләззат Қиынов пен үкіметтік комиссия мүшелері әлі келісімге ала алмаған. Үкіметтік комиссия түскен кейін мұнайшылар өкілдерімен келіссөздерді одан ары жалғастырады" дейді Берекет Амангелдіұлы.

Азаттық тілшісінің айтуынша, оқыс оқиға болып қалмауы үшін мұнайшылар түстен кейін бейбіт түрде тарап кеткен. Олар ертең таңертеңнен бастап компания кеңсесіне өздерінің талаптарын білдіруге тағы да жиналмақ.

"Қаражанбасмұнайдың" өздерін жұмыстан заңсыз шығарылдық деп санайтын мұнайшылары бүгін таңертеңнен бері компания ғимараты алдына еңбек дауын шешу үшін жиналған болатын.

Мұнайшылар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің атына өздеріне Қазақстанның басқа өңірлерінен ұсынылған жұмыстарға баруға үзілді-кесілді қарсы екендігін білдіріп, хат жолдағалы жатқандарын айтты. Мұнайшылар министрліктен тек өздерінің бұрынғы жұмыс орындарына қайта алуды талап етеді.

20 желтоқсанда үкіметтік комиссия төрағасы Өмірзақ Шүкеев жұмыстан босатылған мұнайшыларға Қазақстанның басқа өңірлерінен мұнай-газ және тау-кен саласындағы компанияларға жалақысы бұрынғыдан 80-90 пайызға артық жұмысқа тұру туралы ұсыныс айтқан болатын. Ал кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтік комиссияға «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшылары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарының наразылығын тудырған барлық себепті анықтап, оны жою жөніндегі ұсыныстарды екі апта мерзімде енгізуді тапсырды.
XS
SM
MD
LG