Accessibility links

Еуропарламент Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз тексеруге шақырады


Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның қарусыз адамдарды қуалап жүріп, атып жатқан сәті бейнеленген әуесқой түсірілімнен көрініс.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның қарусыз адамдарды қуалап жүріп, атып жатқан сәті бейнеленген әуесқой түсірілімнен көрініс.
Еуропарламент депутаттары Жаңаөзен қаласында өткен аптада болған оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, жергілікті билікті оқиғаны жан-жақты, ашық тергеп-тексеруге шақырып отыр жексенбіде таратылған ашық хатында.

«Мемлекеттік күш құрылымдарының Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында «Қазмұнайгаз» компаниясының мұнайшылары мен олардың отбасы, туған туыстарына қолданылған қатыгез шаралар жөніндегі хабарламаны біз өте алаң көңілмен тыңдадық»,- деп атап көрсетілген Еуропарламенттің 47 депутаты қол қойып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбавқа жолдаған ашық хатында.

Ашық хатта депутаттардың қазақ полициясының әрекеттеріне қайран қалып отырғандары айтылады.

«Арнайы жасақтардың ереуілдегілерге қару қолданып, шабуыл жасағаны, қарусыз жандарға қаратып оқ жаудырғаны біздің жағамызды ұстатты. Ресми мәліметтерде 11 адамның қазасы турасында айтылғанына қарамастан, мұнайшылар кәсіподақтары құрбан болғандар саны 50-70 адам аралығында екенін, жаралылардың 500-дей болатынын хабарлап отьр»,- деп жазылған хатта.

Мұнымен қатар Еуропарламент депутаттары аймақта әлеуметтік желілерге тосқауыл қойылғанына, Жаңаөзен қаласында коменданттық сағат енгізілгеніне наразы.

Хатта Жаңаөзен мен Ақтау қалаларының ауруханалары «атыс салдарынан жарақат алғандарға толы» деп жазылған.

Депутаттар күш қолданылғанын айыптап, «барлық әскерді (Жаңаөзеннен) дереу шығаруды және асқан қатыгездік әрекеттеріне шынайы тәуелсіз тергеу жасап, айыптыларды әділ сот жазасына тарту керек» деп талап етеді.

Сондай-ақ Еуропарламент өкілдері қамауға алынғандардың барлығын және мұнайшылар кәсіподағының өкілі - 6 жылға бас бостандығынан айрылып, түрмеде отырған Наталья Соколованы тез арада босату талабын қойған.

Еуропарлмент депутаттарының пікірінше, Қазақстан үкіметі «жұмыс берушілермен және ереуілдеуші мұнайшылармен келіссөздерді бастағаны жөн».

«Мұнайшылар 7 айдан бері наразылық акциясына қатысуда, дауды шешудің ақылға сыйымды қандай да бір қадамдары жасалмады» деп атап көрсетілген ашық хатта.

Өткен аптада Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында жаппай тәртіпсіздіктер, қирату, бүлдіру әрекеттері орын алды. Барлығы 16 адам опат болып, 100-ден астам кісі жараланған. Президент Жарлығымен Жаңаөзенде төтенше жағдай енгізілді.

Өткен апта барысында Қазақстан президенті Маңғыстау облысы мен «Қазмұнайгаз» басшыларын алмастырды, «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының төрағасы Тимур Құлыбаевты отставкаға жіберді.

Жаңаөзенде жалақыны көбейтіп, жергілікті коэффициенттің қосылуын талап еткен мұнайшылардың наразылығы мамыр айының аяқ кезінде басталған болатын.
Рұқсат етілмеген митингілерге қатысқан 2 мыңға тарта мұнайшы жұмыстан шығарылған.
XS
SM
MD
LG