Accessibility links

Мұхамеджанов: Бұл - нағыз терроризм


Қақтығыс кезінде жартылай жанып кеткен плакат. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл.
Қақтығыс кезінде жартылай жанып кеткен плакат. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл.
Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов Жаңаөзен оқиғасының түп-төркіні қайдан шықты деген барлық болжам тергеп-тексеріледі дей келе, оның ішінде бұл оқиға шет елде дайындалуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды.

«Біз барлық қисынды, сонымен бірге шетелден шықты деген болжамды да тексереміз және айтылып жатқан адамдардың ықпалы жөнінде де тергеледі. Тергеу амалдары қисынды қорытындыға келеді. Бұл - нағыз терроризм» деген Бауыржан Мұхамеджановтың сөздері Қазақстан премьер-министрінің сайтында келтірілген.

Оның сөзіне қарағанда тәртіпсіздіктер алдын-ала әзірленген. Мұхамеджанов «біреудің қалтасында жанғыш затпен толтырылған бөтелке өзінен-өзі пайда болмайды» деп есептейді.

«Мен төрт жыл бойына ішкі істер министрі болдым, талай үлкен істерді тергеп-тексердім, кез келген қылмыс бүгін болмаса, ертең ашылады. Бұл - арнайы дайындалған процесс»,- деп атап көрсеткен Мұхамеджанов.

Премьер-министрдің сайтында жарияланған жазбада облыстың жаңа әкімі аймақта көптеген әлеуметтік мәселелерді шешу қолға алынатынын айтқан.

Желтоқсанның 16-17 күндері Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында жаппай тәртіпсіздіктер, ғимараттарды қирату, бүлдіру әрекеттері орын алды. Полиция қару қолданып, 16 адам опат болды, 100-ден астам кісі жараланған. Ресми емес деректерге қарағанда құрбан болғандар саны бұдан көп.
XS
SM
MD
LG