Accessibility links

Құқық қорғаушылар Есіргеповтің босатылуын күтті


"Алма-Ата Инфо" газетінің сотталған бұрынғы бас редакторы Рамазан Есіргепов Алматыдағы үйінде отыр. 24 қыркүйек 2011 жыл.
"Алма-Ата Инфо" газетінің сотталған бұрынғы бас редакторы Рамазан Есіргепов Алматыдағы үйінде отыр. 24 қыркүйек 2011 жыл.
Қазақстандық бір топ құқық қорғаушылар мен журналистер Тараз қаласының жалпы тәртіптегі УЖД 158/2 колониясының алдында үш жылға сотталған "Алма-Ата Инфо" газетінің бұрынғы бас редакторы Рамазан Есіргеповтің босап шығуын күтіп тұр деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

«Қатердегі журналистер» қорының президенті Розлана Таукина мен тәуелсіз журналист, баламалы саяси ұйымдарды зерттеуші Андрей Свиридовтың айтуынша, қылмыстық кодекстің 172 бабы, 2 тармағына сай Рамазан Есіргепов бүгін, қаңтардың 5-і күні жаза мерзімі аяқталып, бостандыққа шығуы тиіс.

Ал колония бастығының міндетін атқарушы Жандос Жанбаев қылмыстық кодекстің 173 бабы, 2 тармағына сілтеп, оның ертең босатылатынын жеткізді. Түрме басшылығы Есіргеповтың жаза мерзімі ол тұтқындалған 2009 жылдың 6 қаңтарынан басталып, 2012 жылдың 6 қаңтарында аяқталады деп отыр. Құқық қорғаушылар мұнымен келіспейді.

Рамазан Есіргеповтың абақтыдан босап шығуын қарсы алуға жиналғандар бұған наразылық ретінде аспанға сотталған журналистердің есімдері жазылған шарлар ұшырды.

2009 жылғы тамыздың 8-і Тараз қалалық 2-сотының үкімімен «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оған екі жыл мерзімге баспагерлік және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынып, «мемлекеттік құпияны заңсыз жинау және тарату», «қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану» баптары бойынша айып тағылды.
XS
SM
MD
LG