Accessibility links

Қоғамдық қор: ҰҚК журналистерге қысымды тоқтатсын


Бүгін "Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық қоры мен Stan.kz бейнепорталының редакциясы ҰҚК-ден Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты журналистерге қысым көрсеткенді тоқтатуды талап етті.

Алматыда баспасөз жиынын өткізген қор президенті Рамазан Есіргепов пен қор мүшесі Розлана Таукина ҰҚК-нің үш аптадан астам уақыт бойы Stan.kz бейнепорталының журналистерін тергеуге шақырып, Жаңаөзен оқиғасына қатысты жауап алғанына алаңдайтындарын айтты. Олар журналистердің мұнайшылар ереуілі басталған кезден бастап ереуілдер жайында хабар тарата бастағанын сөз етті.

Бейнепорталдың бас директоры Бауыржан Мүсіровтің айтуынша, ҰҚК порталдың 15 қызметкерін түгел жауапқа шақырып, бейнепорталдың видеоматериалдарын әкеліп беруді талап еткен. Мүсіров жауапқа шақырылғандардың арасында Жаңаөзенге бармаған қызметкерлердің де болғанын айтты.

Stan.kz бейнепорталы бұған дейін де президент Нұрсұлтан Назарбаевтан құқық қорғау органдарының журналистерге қатысты қудалау жасауын тоқтатуды сұрап, хат жазған.
XS
SM
MD
LG