Accessibility links

Пуштундар танымал әншісінен тірідей айрылды


Назия Иқбал, Пәкістанның танымал әншісі
Назия Иқбал, Пәкістанның танымал әншісі

Пәкістанның Суат аймағынан шығып, әлемдік деңгейге дейін өскен атақты әнші Назия тақуалық жолын таңдап, сахнадағы карьерасынан бас тартатынын мәлімдеді. Поп музыка жұлдызының бұл шешіміне мыңдаған тыңдарманы сенер-сенбесін білмейді. Кейбір мамандар Назияның сахнадан кетуін «ұлттық трагедия» деп атады.


Шартараптағы пуштундардың көпшілігі үшін ең сүйікті әншілердің бірі болған поп музыка жұлдызы дін ұстану үшін музыканы тәрк етемін деп жариялағанда бұл жаңалық оның фанаттары мен жақтаушыларына төбелерінен жай түскендей әсер етті. Кейбіреулері бұл оқиғаны ұлттық трагедияға теңеді.

Әнші қаңтар айының 21-і күні Дубай қаласындағы концертте: «Сіздер бүгін менің ең соңғы концертімді тамашалап отырсыздар» деп көрермендерді аһ ұрғызды.

Концерт соңына қарай Пәкістанның атақты әншісі Назия Иқбал:

- Тақуа мұсылман әйел боп өмір сүру үшін музыканы тастап бара жатырмын. Бұдан былай жүзімді көрмейсіздер. Себебі Исламның пәренжесін киемін, - деп мәлімдеді.

Әнсүйер пуштун қауымына Назия деген атпен белгілі әнші Пәкістанның батысындағы Суат аймағында туса да, 2005 жылдан бері Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып жатыр.

Оның пушту, урду, парсы және пенджаб тілдерінде жазылған ән жинақтары Ауғанстан мен Пәкістанның пуштун тілді аймақтарында тұратын халық арасында өте кең тараған.

Назия енді Пәкістанда медресе ашуды жоспарлап жүр, бірақ оның отанына қайта оралуы елдегі фанаттары үшін музыкада жоғалтқан жоғының орнын толтыра алмайтын сияқты.

Өзін Шабана деп қана таныстырған кветталық фанат қыз бұл хабардан есеңгіреп қалғанын айтады.

- Назия Иқбалдың бұл шешімі көңіл-күйімді тас-талқан қылды. Қатты қайғыратыным сонша тіпті жылап алғым келеді, - дейді ол.

Пәкістанның танымал ақыны, әрі радио продюсері Лайық Зада Лайық бұл жаңалықты одан да зор қайғы деп санайды. Ол Назияның сахнадан кетуін пуштундар үшін «ұлттық трагедия» деп атады.



Соңғы жылдары пушту тілінде өнер көрсеткен бірнеше атақты әншілердің карьерасы күтпеген жерден кілт үзіліп жатыр. Кейбіреулері тіпті өлім құшқан.
Пәкістандық әнші Айман Удасты 2009 жылы пәтерінде өз ағасы атып өлтірді. Айман бұған дейін радикалды ислам топтарынан бірнеше мәрте қоқан-лоқы ескертулер алған. Айманның теледидардан ең соңғы шырқағаны - «Мен өлдім. Бірақ тірілердің арасындамын. Себебі ғашығымның қиялында қалып қойдым» деген ән болатын.

2009 жылы Суатта болған әскери қақтығыста атақты әнші, әрі биші Шабана да Талибанның қолынан қаза тапты.

Шаханша Бача есімді ер әнші де 2010 жылы өнерін тастап, «тақуа мұсылманша жаңа өмір» бастады. Шакила Наз, Фарзана және Фарида Хан есімді әншілер де тұрмысқа шыққан соң өнерлерінен бас тартты.
XS
SM
MD
LG