1995 жылдың күзінде Ақтөбе облысының әкімі қызметіне тағайындалғаннан бастап «тасы өрге домалаған» Аслан Мусинді «сөзден гөрі іске бейім шаруақор басшы, өз қызметіне лайықты мемлекетшіл тұлға» деушілер де, «террорлық жарылысты ұйымдастырушы, оппозицияны, еркін ойды тұншықтырушы» дейтіндер де табылады.
Әсіресе, оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдары оны «баспасөзден аулақ жүретін, сұраққа жауап беруді қаламайтын шенеунік» ретінде көбірек сипаттайтыны байқалады. Соңғы айларда өзіне қарата айтылған айыптау сарынындағы пікірлерге қоғамдық-саяси фигура ретінде ақ пен қараның жігін ашып жауап қайтармауы оның баспасөзден бойын аулақ салатынын көрсетті.
«ӘДІЛДІГІМЕ, ТАЗАЛЫҒЫМА СЕНЕМІН»
Дегенмен ақпарат құралдарында ара-кідік көзге шалынатын сұқбаттарында Аслан Мусин «ақпарат құралдарында өзі туралы жазылғандардың бәрін оқып, ой елегінен өткізіп отыратынын» айтады.
«Бірақ байбалам салу, оларды қудалау, қысым жасау маған жат қылық. Әділ сынды мойындаймын. Өзімнің әділдігіме, тазалығыма сенемін» дейді ол 2003 жылы «Парасат» журналындағы «сыр-сұқбатында».
«Басты мақсатым – қарапайымдылық пен имандылықты, қайырымдылықты ту етіп ұстау» депті Атырау облысының әкімі болған кезінде.
Ол «журналистерге есігі әр кез ашық екенін», «бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіз еркін болғаны жөн» екенін де осы сұқбатында айтып өткен еді.
«МУСИН ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ»
Қазақстан билік орындарындағы командалық тәсілді алға тартатын сарапшылар Аслан Мусинді «командасы» бар шенеуніктер қатарына жатқызады. Кейбір деректерде 2002 жылдың көктемінде Ақтөбе облысының әкімі қызметінен Атырау облысының әкімі болып ауысқанда «200 адам ерте келгені» туралы айтылады.
«200 адамның әрқайсысы 5-6 өз адамын тағайындады десек, аз дегенде 1000-1200 адамнан құралатын «қалың қол» болып шығады. ...Атырау облысында өздерін «билікпен біте қайнасып жатырмыз» дейтін адамдар пайда болды. Тендерлер де, мемлекеттік органдардағы лауазымдарды бөлу де солардың билігінде. Бюджет ақшасы мен қаржыландыру мәселелерін шешетін белгісіз тұлға да бар. Жемқорлықтың бұлай етек алуы Атырауда бұрын-соңды болып көрген емес» деп жазады «Ақ жол Қазақстан» газетіндегі «Асекең кетуге асықпайды» деген мақаланың авторы.
Алайда Аслан Мусиннің өзі «біздің елімізде бір ғана мақсат, жалғыз ғана идеология біріктіретін бір ғана команда – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасы жұмыс істеп жатыр» деп санайды.
« ...Мен сол команданың мүшесімін. ...біреулер даңғаза жасамақ болғанымен, «жаппай өз адамдарын отырғызу» немесе «өз командасын ертіп келу» еместігін дәлелдеуге тырысып ақталатындай жайым жоқ. Ақтөбеден бар болғаны жеті-ақ кісі Атырауға жұмысқа ауысты» деген еді ол қазақтілді газеттерге берген сұқбаттарының бірінде.
«СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА БОЛСА...»
Аслан Мусин Атырау облысына әкім болып кеткен соң көп ұзамай Ақтөбе облысының прокуроры Әсет Әділхан облыс әкімінің екі орынбасары - Серікжан Мұқашев пен Амангелді Есіргеповтің, тағы да бірнеше басқарма бастықтарының «мемлекеттік тапсырыс, жекешелендіру ісінде өрескел заңсыздықтарға жол бергенін» мәлімдеді.
Облыс прокурорының мәліметіне сүйенген «Жас Алаш» газеті «Мусин командасының бас «тендерщигі» Серікжан Мұқашев отбасымен бірге шетелге қоныс аударып, жауаптан құтылып кеткенін айтады.
«Орынбасары бастап, басқарма бастықтары қостап, жалған фирмалар арқылы бюджет ақшасын жымқырудың ең алаяқтық тәсілдерін ойлап тапқан. Сүттен ақ, судан таза болса, Мусин қарамағындағылардың қылмыстық әрекеттерін қалай байқамады?» дейді «Мусин көлеңкесіндегі «тендерщиктер» ісі мәлім болды» деген мақала авторы.
«МЕМЛЕКЕТКЕ СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН»
Ақтөбе облысы прокурорының мәлімдемесінде баспахана өнімердеріне қатысты тендерлерді жеңіп алып жүрген «үш фирма, бір қожайын» иесі Ерген Дошаев та аталды.
Дошаевтың аты-жөні бұл оқиғадан үш жыл бұрын, яғни 1999 жылы «жемқорлықпен күресте аяушылық болмайды» деп бірқатар «жемқорлардың» аты-жөнін жариялаған президент Назарбаевтың баяндамасына да іліккен еді. Ізінше-ақ Ақтөбе облысының әкімі Аслан Мусиннің орынбасары Ерген Дошаевты «қызмет бабын бас пайдасына пайдаланғаны» үшін орнынан босатқаны, оның ісімен құқық қорғау органдары шұғылданатыны хабарланды.
Бірақ арада бес жарым жыл өткенде, яғни 2005 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан халқы Ерген Дошаевтың «мемлекетке сіңірген еңбегі үшін» президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталғанына куә болды.
Бұл кезде Ерген Дошаев Аслан Мусин әкімдікке барған Атырау облысында «Атырау-ақпарат» мемлекеттік медиа холдингін басқарып, Атырау облыстық мәслихатының депутаты болып жүрген болатын.
Айта кетерлік жайт, Аслан Мусин 2007 жылы қыркүйекте Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы болып сайланғанда, Ерген Дошаев та сонымен бір мезгілде мәжіліс аппаратының жетекшісі болып тағайындалды.
Ол биыл, 2012 жылы 15 қаңтарда өткен сайлауда депутаттыққа өтіп, мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы төрағасының, яғни Нұрлан Нығматуллиннің орынбасары болып сайланды.
«50 ПАЙЫЗЫНДА МУСИННІҢ ҮЛЕСІ БАР»
Аслан Мусиннің Ақтөбе және Атырау облыстарын басқарған жылдары оппозиция өкілдерін қуғын-сүргінге салғаны жайында баспасөз бетінде аз айтылмаған еді. Сол ақпараттардың арасында ақтөбелік журналист, құқық қорғаушы Дулат Төлегеновтің қастандықпен өлтірілуіне орай түрліше жорамалдар да кездеседі.
Атыраудағы белгілі оппозиционер, «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов «үстінен ұзын-ырғасы 44 рет іс қозғалып, 41 миллион теңге айып салынғанын» айтады және «соның 50 пайызында Аслан Мусиннің үлесі бар» деп санайды.
«Кезінде президент оны Атырауға оппозицияны ауыздықтау үшін отырғызып еді. Сонда өзінің жекеменшік «идеологы» Ерген Дошаевтың қолымен біраз қысым жасаған. Бұл жерде Ерген Дошаевтың рөлі үлкен болды. Мусин істің бәрін Дошаев арқылы сұрап біліп, іске асырып отырды» деп мәлімдеген еді Доспанов. «Мусин Атырауда отырғанда БАҚ-тарға басшылық ететін ішкі саясат басқармасы бастықтары бірінен соң бірі алмасып, бәріне «Алтын ғасыр» газетін жаптырту, оппозицияны жою тапсырылды» -деген еді 2008 жылы Азаттық тілшісімен әңгімесінде.
«МЕМЛЕКЕТШІЛ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІРІ»
Азаттық тілшісі әуелі Ақтөбеде, кейін Атырауда жарық көрген, Ерген Дошаев пен Аслан Мусиннің ықпалындағы ақпарат құралы саналған республикалық «Алтын орда» газетінің бұрынғы бас редакторы, ақын Мейірхан Ақдәулетұлынан «Мусиннің тәуелсіз ақпарат құралдарымен қарым-қатынасы» жөнінде сұраған еді.
- Оның (Аслан Мусиннің – ред.) газетке шыға қояйын, ықпалымды жүргізейін» деген әрекеті болған жоқ. Сыни пікірлерді де жазып тұрдық, оған да қысым жасамады. Мен өтірік айта алмайтын адаммын. Ол кісі көп әңгімесі жоқ, мемлекетшіл қызметкерлердің бірі, - деді Азаттық тілшісіне.
Қазір «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің меншік иесі «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы «Алтын Орда» газетінің Ақтөбеден Атырауға көшуіне Аслан Мусиннің тікелей ықпалы болмағанын айтады.
2004 жылы қазақстандық электрондық БАҚ-тың бірі Ерген Дошаев пен Аслан Мусин «Алтын орда» газетін Атырауға апарып, мемлекеттік тапсырыс беру арқылы қомақты қаржыны өз «айналымдарына» түсірді» деген мазмұнда мақала жазған болатын.
«МЕН БЕРГЕЙДІ ЖАҚСЫ БІЛЕМІН»
Ресми ақпарат құралдары Аслан Мусинді «екі облыстың әл-ауқатын көтерген іскер әкім» деп жазса, тәуелсіз ақпарат құралдары әкім «екі облысты өзіне пайдалы бизнес көзі ретінде пайдаланды, тіпті қылмыстық әлеммен де байланыс орнатты» деген ақпараттар таратып жатты.
Бірқатар тәуелсіз басылымдар «Аслан Мусин өзі өсірген Атырау облысының қазіргі әкімі арқылы Қазақстанның батысындағы барша пайдалы бизнесті уысында ұстап, қарсыластарын астыртын топтар арқылы ықтырып отыр» дегенді айтады.
Дегенмен Бергей Рысқалиевті Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындағанда президент Нұрсұлтан Назарбав «Мен, жалпы, Бергейді жақсы білемін» деген еді.
«ЖАРЫЛЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН - МУСИН»
Саясаттанушылар 2006 жылы Астанаға ауысып, экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, вице-премьер, мәжіліс спикері сияқты жоғары лауазымды қызметтерді атқарған Аслан Мусин Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалғаннан кейін республикадағы кланаралық тартыста басым ықпалға ие бола бастады деген пікірлер айтады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту, президентке «елбасы» мәртебесін беру секілді республикада әрқилы пікір туғызған бастамалар, 2011 жылғы мерзімінен ерте өткен президент сайлауы Аслан Мусин президент әкімшілігіне жетекшілік еткенде жасалған шаралар еді.
2011 жылдың күзінде Ақтөбеде болған екі жарылысты билік «террористік акт» деп мәлімдегенімен, кейбір оппозициялық саясаткерлер оны «арнайы қызметтің ұйымдастырған әрекеті» деп бағалады.
Соның ішінде қуғындағы банкир Мұхтар Аблязов «бұл істі ұйымдастырып отырған президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин. ... ал бүгін Атырау облысын басқарып отырған әкім - Аслан Мусиннің адамы. Ол әкім қылмыстық топтармен жақсы қарым-қатынаста және белгілі бір беделге ие екені ешкімге құпия емес» деп мәлімдеді.
«МУСИННІҢ ИДЕАЛЫ - БЕРИЯ»
Желтоқсанның 16-сындағы Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі баспасөз-мәслихаттарының бірінде оппозициялық қайраткер, Терещенко үкіметінде вице-премьер қызметін атқарған Төлеген Жүкеев Қазақстан президенті аппаратының жетекшісі Аслан Мусинді «алаңдағыларды атуға бұйрық беруі мүмкін» деп айыптай сөйлеген еді.
- Мусиннің саяси және қылмыстық жауапкершілігін тіке айту керек, - деді ол. Бұл адамның өмірбаяны өте лас, президент әкімшілігі жетекшілерінің көпшілігін көрдім, бірақ дәл осындай үн-түнсіз шаруасын бітіретін, екіжүзді, қатігез адамды көрген емеспін. Назарбаевтың тарихи және саяси жауапкершілігінен бұрын жауапкершілікті ең әуелі осы адамнан сұрау керек, - деген болатын ол былтырғы желтоқсанның 28-і өткен баспасөз мәслихаты кезінде.
Оның алдында, яғни 2011 жылғы тамыздың 26-сы «АйтPARK-те» өткен кездесуінде Төлеген Жүкеев «Аслан Мусиннің идеалы - Лаврентий Берия» деген болатын. Бірақ, өзі туралы мұндай мәлімдемелерге қатысты Аслан Мусин соңғы қызметіне кіріскелі бері жауап берген жоқ.
Бір кездері оппозициялық қайраткер Заманбек Нұрқаділов «ұстанымдары мен демократиялық көзқарастары тұрғысынан алғанда Қазақстан президенті болуға лайықты адамдар» қатарында атаған Аслан Мусин осылайша мемлекетшіл тұлға мен Лаврентий Берия образының аралығындағы жұмбақ кейіпкер, жан-жақты шенеунікке айналды.