Ақпанның 3-і күні Қазақстан ауылының әкімшілігінде дәл осы мәселеге орай жиналыс өтуі тиіс еді. Бірақ жиналыс өткізбекші болған ауылдың ақсақалдары, бірқатар ата-аналар Азаттық радиосы тілшісінің жиынға қатысатынын білгенде:
– Біз журналистерді шақырған жоқпыз. Бұл – ауылдың ішіндегі өзара жеке әңгіме. Сіздің қатысуға құқыңыз жоқ. Рұқсат қағазыңыз қайда? – деп жиналысты бастамай қойды.
ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН ЖИНАЛЫС
Ата-аналардың бірі «жиналысты бұзғаны үшін сотқа береміз» деп журналистке шүйлікті.
Бұл жиынға хиджаб киген үш оқушының ата-аналары да келген еді. Ашулы топ
«журналистерді неге шақырасыңдар» деп оларға да ұрысты.
Үш оқушының ата-аналары «осыған дейін мектеп басшылығының оларды балағаттап, ар-намыстарына тигенін», балаларының моральдық тұрғыда зардап шеккендіктерін айтты. Олардың айтуынша, орамалдарын тастауды талап етіп отырған мектеп басшылығының талабы – заңсыз.
Шамамен 10-15 минутқа созылған кикілжіңнен кейін «онда жиналыс болмайды» деп ауыл ақсақалдары мен ата-аналар тарап кетті.
Сәлден кейін ауыл әкімі Ұлбосын Тасырова келіп, үйлеріне қайтпай, өзін күткен хиджаб киген оқушылардың ата-аналарымен сөйлесті. Үш ана мектеп басшылығына да арыз-шағымдарын айтты.
Әңгімеден бүгінгі жиналысты әкімнің өзі ұйымдастырмағанын, оның бұл даудан хабарсыз екенін ұқтық. Ол шағымданушы ата-аналарды сабырға шақырып, «хиджаб мәселесі ойыншық емес екенін» айтып, «мәселені келесі аптада бірлесіп шешуге» уәде етті.
Ауыл әкімі Азаттық тілшісіне Қайыпов атындағы орта мектептің директоры Марат Сүгірбековке жолығуға кеңес берді.
Орта мектепке барғанымызда кіреберіс залда отырған бірнеше кісі директордың да, орынбасарының да жоқ екенін айтты. Ішке енбек болғанда «директор бөтен адамдарды кіргізуге тыйым салған» деп, кіруге рұқсат берген жоқ.
«ДІНИ ЖОРАЛҒЫ» МЕН ХИДЖАБ
Осы аптада Азаттық радиосына Қазақстан ауылының бірнеше тұрғыны хабарласып, «мектеп басшылығының орамал тағатын оқушыларды сұрақтың астына алып, күн бермей жатқанын» айтқан еді.
Олардың айтуынша, мектеп басшылығы өткен жылы қазан айында қабылданған
заңды айтып, «заңда хиджаб киюге рұқсат етілмегенін, сондықтан қыздарының басындағы орамалдарын тастауды» талап еткен.
Ата-аналардың бірі – Жанар Закированың айтуынша, «қыздардың бастарына орамал таққаны болмаса, мектеп формасын киген өзге оқушылардан еш айырмашылығы жоқ».
– «Діни жоралғы» дегенде олар бұған хиджаб кіреді деп ойлап отыр. Ал біз орамал тағудың діни жоралғыларға жатпайтынын айттық. Діни жоралғыларға «сүндетке отырғызу», «балаға ат қою», «ауызашар беру», т.б. сондайлар жатады ғой, – дейді Жанар Закирова.
Ата-аналардың сөзіне қарағанда, мектеп басшылары бұған дейін 5 және 7-сыныптарда оқитын үш оқушы қызды жеке шақырып алып, «діни сұрақтар қойып тергеген». Тіпті біріне «құбыжыққа ұқсайсың» деген сөз айтқан.
– Қызым келіп, тамақ ішпей жылап... Екі сағат діни сұрақтар қойып, балалардың миын қатырған: «Сендердің шешелерің миларыңды улаған», «Сендерді улап тастаған» деген. Біз дінмен, Аллаһтың үкімімен жүргізсек, сонда біз улаған боламыз ба? – дейді аналардың бірі.
Олардың айтуынша, мұндай дау өткен жылы да болған. Алайда ол кезде ата-аналар Есіктегі аудандық білім басқармасына барып, басқарма рұқсатын бергеннен кейін бұл дау тыншыған. Бірақ өткен жылы қабылданған дін туралы жаңа заңнан кейін дау қайта өршіген.
«БІЗГЕ НҰСҚАУ КЕЛГЕН»
Бұдан бұрын, ақпанның 2-сі күні телефон арқылы хабарласқанымызда, директордың Сіләмжан есімді орынбасары «мектептің ішкі тәртіп ережесі мен жаңа қабылданған дін туралы заңға сүйене отырып, оқушылардан орамалдарын тастауды талап етіп отырғанын» айтты. Ол «жоғарыдан нұсқау келгенін» де қосып қойды.
– Ішкі саясат бөлімінен, қауіпсіздік комитетінен, министрліктен «мектеп
оқушыларының мектеп формасын қатаң сақтауы талап етілсін» деген нұсқау келген бізге. Сонан кейін заңды көрсетіп, оның көшірмесін жіберді, – деді мектеп директорының орынбасары.
Ол сөз арасында орамалға қатысты пікірін де айтты.
– Біріншіден, бұл біздің бүкіл ата-бабамыздың әдет-ғұрпында жоқ нәрсе. Екіншіден, мектепішілік оқушылардың формасына жат элемент, – деді мектеп директорының орынбасары.
Азаттық радиосы бұл дауға орай бас прокуратура мен дін істері агенттігіне хат жолдап, заңға қатысты арнайы түсініктеме беруін сұраған еді – әзірше жауап жоқ.
ЗАҢ МЕН ІШКІ ЕРЕЖЕ
Дәл осындай «орамал дауы» осыған дейін Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында да шыққан еді.
Құқық қорғаушы Андрей Гришиннің айтуынша, дін туралы жаңа заңда хиджаб, орамал тағуға тыйым салынбаған. Әйтсе де, кез-келген білім мекемесінің өзінің ішкі ереже тәртібі болады. Мәселе – сол ішкі тәртіп пен заңның сәйкес болмау мүмкіндігінде.
– Ішкі тәртіптер, ережелер заңға сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл бәрібір де заңнан туындаған акт. Сондықтан жалпы мектеп «оқушылар бірдей киінсін» деп талап қоя алады. Бұл жерде ең дұрысы – жай ғана Ақтөбедегідей өзара келісімге келу. Яғни онда хиджабқа тыйым салып келген екі жоғары оқу орны ақырында киімде ештеңе тұрмағанын түсініп, өздерінің шешімдерін өзгертіп, рұқсат берген, – дейді Андрей Гришин.
Құқық қорғаушының пікірінше, егер балаларға ауыр сөз айтылғаны рас болып шықса, онда бұл – мектеп басшылығының қателігі. «Өйткені, қандай себеп болмасын, мектеп басшылығы балалардың ар-намысына тимеуі керек. Бұл айдан анық нәрсе» деді құқық қорғаушы.