Accessibility links

Батыс Сириядағы журналистер қазасын айыптады


Сирияда қаза тапқан Ұлыбритания және Франция журналистері - Мэри Колвин (сол жақта) мен Реми Очлик (оң жақта).
Сирияда қаза тапқан Ұлыбритания және Франция журналистері - Мэри Колвин (сол жақта) мен Реми Очлик (оң жақта).
Батыс елдері Сирия билігін Хомс қаласында Ұлыбритания мен Франция журналистері - Мэри Колвин мен Реми Ошликтің қаза тапқаны үшін айыптап жатыр. Сирия үкіметі әскерінің қаладағы медиа орталықты атқылауы салдарынан тағы үш шетелдік журналист, оның ішінде француздық әйел Эдит Бувье де жараланған болатын.

Франция сыртқы істер министрі Ален Жюппе Сирия билігі ел аумағындағы француз азаматтарының өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретінін айтты.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг оқиғаны айыптап, "Әлем елдері президент Башар әл-Асад режимінің террорлық әрекетін тоқтатуға күш салу керек" деді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Виктория Нуланд "Асад режимінің тым қатыгездігінің тағы бір көрінісі" деп бағалады.

Ал Сирия үкіметі елге келген барлық шетел журналистерін үкімет органдарында тіркеуге тұруға шақырды.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының хабарлауынша, Сирияның түрлі аймақтарында үкімет әскерінің шабуылдарынан кеше 56 адам қаза тапқан.

Сирияның ұлттық оппозициялық кеңесі халықаралық қауымдастықты Хомс, Идлиб және Дераа қалаларына жедел түрде гуманитарлық көмек беруге шақырды.
XS
SM
MD
LG