Сенбі, 25 ақпан күні елді 22 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Назарбаевтың авторитарлық режиміне қарсы Қазақстанның төрт қаласында қарсылық шеруі өтті деп басталады шағын мақала. Бұл жолы 150-ге жуық шерушіні қаптаған полиция жасағы күзетіп тұрғанымен, халыққа қарсы көп күш қолданбаған.
«Соңғы үш айдың ішінде мұндай шеру осымен үшінші рет өтті. Алдыңғы шерулерге қарағанда соңғысында қысым күшейіп барады» дейді мақала авторы Кристофер Пала.
Ереуілге шыққан халықты резеңке сойылмен қаруланған полиция жасағы қоршап тұрды. Шерушілер (көбісі қартаң адамдар) бос алаң болмағандықтан тар тротуарларда тұрып сөйледі. Трибунаға шығып сөз алған кісілердің бәрін іле-шала тұтқындап әкетіп жатты деп жазады Wall Street Journal.
Мақала авторының айтуынша Қазақстан полициясы ЖСДП жетекшілері Болат Әбілов пен Әміржан Қосановты шеруден бұрын тұтқындап әкеткен. Сот оларды қаңтар айындағы шеруде бұқара халықты осы жолғы ереуілге шақырғаны үшін екі аптаға бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарған. Алайда оппозиция жетекшілер ол іс үшін 18 күн абақтыда жазаларын өтеп шыққандарын айтып, «енді аштық жариялаймыз» деп мәлімдеген.
Бұрынғы парламент спикері, қазір ЖСДП тең төрағасы Жармахан Тұяқбай соттың бұл әрекеті «толығымен заңсыз» екенін айтты деп жазады автор.
Қарапайым халықтың негізгі құқықтарын шектеу арқылы «Араб көктемін» биліктің өзі жасап жатыр.Балташ Тұрсымбаев.
Ал ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, қазір оппозициялық партияның мүшесі Балташ Тұрсымбаевтың ойынша, «билік қарапайым халықтың негізгі құқықтарын шектеу арқылы «Араб көктемін» өздері жасап жатыр».
Мақала авторы, ресми есеп бойынша 16 адамның ажалына себеп болған Жаңаөзен оқиғасынан бері Қазақстанда оннан аса белсенді мен журналистер қамалып, тағы бірнеше белсенді тергеліп жатқанын жазады.
Сенбі, 25 ақпан күні Жаңаөзендегі орталық алаңға оншақты адам жиналып, журналистерге сұқбат берген еді. Мақала авторы қамалған мұнайшылардың жұбайларымен телефон арқылы сөйлескенін айтады.
- Жаңаөзендік 10-15 әйел қамаудағы жұбайлары мен туыстарын босатуды талап етіп, алаңға шыққан екен. Олардың біреуі: «Кеше маған бір полицей телефон шалып, «ертең шеруге шықсаң, екі аптаға түрмеге қамаласың» деп қорқытты. Мен сонда да шеруге шықтым, - дейді Wall Street Journal тілшісіне сұқбат берген әйелдердің бірі.