Accessibility links

HRW: «Қазақстан адам құқы мен заңды сыйлауы керек»


Human Rights Watch ұйымының белгісі.
Human Rights Watch ұйымының белгісі.
Human Rights Watch (Хьюман Райтс Вотч) ұйымы Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігін еске алу шарасы өтетін 24 наурызды «Қазақстан билігі үшін өзінің жазалаушы әдісін қайта қарауға аса маңызды мүмкіндік» деп мәлімдеді.

Ұйым сарапшысы Михра Риттманның айтуынша, «билік Қазақстан азаматтарының бейбіт жиын еркі мен сөз бостандығы құқын қорғай алатынын, сын айтушылар мен мен саяси оппозицияны жазаламайтынын көрсетуі керек».

16 адам мерт болған (ресми мәлімет бойынша) Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай қоғамдық белсенділер Қазақстанның бірнеше қаласында 24 наурызда еске алу шарасын өткізуді жоспарлаған еді.

Ұйымның айтуынша, 21 наурыз күні кешке ЖСДП президиумы мүшесі Маржан Аспандияроваға прокуратура өкілдері келіп, 24 наурыз күні өтетін шараға қатысса, «әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапқа тартылатынын» ескертіп кеткен. Маржан Аспандиярова Алматыда бейбіт жиын өткізуге прокуратурадан рұқсат сұрағанын, бірақ ол өтініші орындалмағанын айтады.

Бұдан бұрын, ақпанның 25-і күні өткен оппозиция жиынына қатысқан азаматтардың кейбірін қауіпсіздік күштері қамап, айыппұл салған еді.

Human Rights Watch өкілі Михра Риттманның айтуынша, «алдын-ала жоспарланған қарсылық акциясына қатысушыларды қамау – азаматтардың жиын құқын бұзады. Ең сорақысы, рұқсат етілмеген шеруге қатысты деп айыппұл төлеген адамдар ол шараға қатыспаған – күні бойы полицияның қамауында отырған».

«Лауазымды тұлғаларды жұрт алдында сынау, оппозиция белсенділерін түрмеден шығаруды талап ету қылмыс емес» екенін айтқан Михра Риттман «қазақ билігі қарсылық шараларын өткізуші белсенділерді қудалағанша адам құқы мен заң билігін сыйлауы керек» дейді.
XS
SM
MD
LG