Accessibility links

Батыс басылымында Назарбаевтың "Иранды жөнге шақыратын" мақаласы шықты


АҚШ президенті Барак Обама мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық ядролық қауіпсіздік саммитінде. Сеул, 27 наурыз 2012 жыл
АҚШ президенті Барак Обама мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық ядролық қауіпсіздік саммитінде. Сеул, 27 наурыз 2012 жыл

Наурыздың 26-сы New York Times басылымында жарияланып, авторы Нұрсұлтан Назарбаев деп көрсетілген мақалада ядролық терроризмнің қаупі туралы жазылған. Қазақстан президенті Иранды өзіне қатысты туған күдіктен арылып, бейбітшілік жолына түсуге үндейді.


26-27 наурыз күндері Сеул қаласында өтіп жатқан халықаралық ядролық қауіпсіздік саммиті қарсаңында жарияланған мақаласын Нұрсұлтан Назарбаев жойқын қару террористік топтардың қолына түссе, одан зардап шегетін адамның қисабы болмайды деген ескертуден бастайды.

Ары қарай Назарбаев 2010 жылы осы мәселе бойынша Вашингтонда өткен саммиттің шешімдерін атап өтіп, Сеул саммитінде ядролық қару-жарақ саудасын тоқтату бойынша жасалатын іс-шаралар күшейтіле түседі деген үміт білдіреді.

Автор совет кезеңіндегі жаппай қарулану бәсекесі тұсында Қазақстанның қандай зиян шеккенін сипаттайды. Семей полигонында 460 жерүсті, 116 жерасты ядролық сынағы жасалғанын, полигон 20 жыл бұрын жабылса да жергілікті халық әлі оның зардабын шегіп отырғанын қайталап өтеді.
Есі-ақылы кем, мүгедек болып туып жатқан балалар әлі бар. Дәл осы трагедияны бастан кешіп отырғандықтан халқымыздың ядролық қаруды жер бетінен жоқ қылуға деген ұмтылысы зор.
"Есі-ақылы кем, мүгедек болып туып жатқан балалар әлі бар. Дәл осы трагедияны бастан кешіп отырғандықтан халқымыздың ядролық қаруды жер бетінен жоқ қылуға деген ұмтылысы зор" деп жазады Назарбаев.

Оның сөзінше, Қазақстан СССР құлағанда әлемдегі төртінші ядролық державаға айналып шыға келген. Сөйте тұра егемендік алған бетте өз еркімен ядролық қаруынан бас тартқан және осы әрекетін үлгі ретінде насихаттап келеді.

ҮШ КОМПОНЕНТ

Нұрсұлтан Назарбаевтың жазуынша, ядролық қауіпсіздік үш біріктіруші компоненттен тұрады: адамзатты ядролық қарудан қорғау, ядролық терроризммен күресу және ядролық қуат өндіру ісін қауіпсіз қылу.

"Сол себепті біз қарусыздану шараларын белсенді түрде қолдап келеміз. Ядролық қару таратпау келісімін күшейтіп, басқа мемлекеттерді Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы келісімді бекітуге үндеп келеміз. Қазақстан соңғы жылдары территориясындағы барлық ядролық материалдарды қауіпсіздендіріп, Вашингтонда ерікті түрде мойнына алған міндеттемелерін түгел орындап шықты" деп жазады автор.
Көршілерімен ашық, әрі бейбіт қарым-қатынас орнату Тегеранның мәртебесін арттырмаса, кемітпейді.
Назарбаевтың сөзі бойынша қандай да бір ел жойқын қаруға ие болып отырғанда, басқаларға ядролық қару иелену ниетінен бас тартқызу қиын шаруа. Бұл тұрғыда автор Иранды Қазақстанның үлгісімен жүруге шақырғанын ескертіп өтеді. Көршілерімен ашық, әрі бейбіт қарым-қатынас орнату Тегеранның мәртебесін арттырмаса, кемітпейді деген пікір білдіреді.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ АЙМАҚ ПЕН ЯДРОЛЫҚ ОТЫН БАНКІН ҚҰРУ

Назарбаевтың жазуынша, Орталық Азия жетекшілері осы аймақты ядролық қарудан ада зонаға айналдыру идеясын жүзеге асырмақшы. Автор осы бастаманы Таяу Шығыс елдері іліп әкетсе, құба-құп деген ойда. Автор ондай жағдайда ядролық қару иеленуден бас тартқан мемлекеттерге ядролық державалар заңды түрде кепілдік беруі тиіс екенін де атап өтеді.

Мақала авторының ойынша, әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан бірінші халықаралық ядролық отын банкін құру үшін таптырмас жер. Мұндай қор Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің қарамағында болар еді және бұл қордан материал алатын елдердің бәрі осы агенттіктің талаптарын орындауға міндеттелер еді деген ұсыныс айтады Назарбаев.
Ядролық қаруды таратпаудың бір жолы - мұндай қаруы жоқ елдердің өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.
Оның ойынша, ядролық қаруды таратпаудың бір жолы - мұндай қаруы жоқ елдердің өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.

"Біз қорқыныш пен күдіктен арылып, бейбітсүйгіш одақтар мен бақуатты ел құру жолын таңдадық. Иран да қазір осы таңдаудың алдында тұр. Біз басқа елдерде дұрыс шешім қабылдайтындай дұрыс алғышарттар қалыптастыру үшін аянбай еңбек етуіміз керек" деп бітіреді мақаласын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
XS
SM
MD
LG