Accessibility links

Қытай мұсылман әлемімен одақтаса ма?


Египетте тұратын сириялықтар Араб лигасы кеңсесінің алдында Башар Асад үкіметін жақтаған Ресей мен Қытайдың туын өртеп жатыр. Каир, 16 қазан 2011 жыл
Египетте тұратын сириялықтар Араб лигасы кеңсесінің алдында Башар Асад үкіметін жақтаған Ресей мен Қытайдың туын өртеп жатыр. Каир, 16 қазан 2011 жыл

National Interest («Нэшнл интерест») басылымы сәуірдің 11-і күні Қытайдың Таяу Шығыстағы болашақ ықпалы жайында мақала басты. Басылым Бейжіңнің Парсы шығанағына қатысты саясатын сараптап, «Қытай-Ислам бірлігі» деген ұғым «Ислам фашизмі» сияқты миф деп тұжырымдайды.


Басылымның жазуынша Таяу Шығыс мәселелерін талқылау жиындары Батыс пен Қытайда екі түрлі өтеді.

Қытай өкілдері мұндай мәселе қозғалса, Батыс дипломаттары сияқты «Еуропа империализмі», «антисемитизм», «Крест жорығы», «Холокост», «исламафобия», «демократия» сияқты тақырыптарды көтеріп қызылкеңірдек болып айтыспайды.

Әңгіме негізінен аймақтағы елдердің энергия көздері, олардың стратегиялық позициялары, бір-бірімен қарым-қатынасы, сыртқы елдердің аймақтағы ықпалы төңірегінде өрбиді. Израиль мен Палестина арасындағы соңғы қақтығыс туралы аз ғана ақпарат айтылуы мүмкін.

ҚЫТАЙДЫҢ «БАТЫС АЗИЯСЫ»

Мақала авторы АҚШ-тың сыртқы саясат бойынша сарапшы мамандарының Бейжіңнің Таяу Шығысқа қатысты даму жоспарлары мен сараптамаларын көріп таң қалатынын жазады. Қытайлықтар Таяу Шығысты Батыс Азия деп те атай береді.
Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Судан президенті Омар әл-Баширді қабылдап тұр. Қытай, 29 маусым 2011 жыл
Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Судан президенті Омар әл-Баширді қабылдап тұр. Қытай, 29 маусым 2011 жыл

Оның ойынша Қытай болашақта әлемдік саясаттан АҚШ-ты ығыстыруға талпынады. Вашингтонның Таяу Шығыстағы ықпалының әлсіреуін пайдаланып, Қытайдың аймақтағы ең басты реттеушіге айналғысы келетін ойы бар деп пайымдайды автор. Ол Қытайдың қазіргі стратегиясын екінші дүниежүзілік соғыстан соң АҚШ-тың Таяу Шығыстан Ұлыбританияны тықсыруымен, я «Қырғи қабақ» соғыс кезіндегі АҚШ-ты әлсіретпек болған СССР-дің әрекетімен салыстырады.

ҚЫТАЙДЫҢ ӨЗ ІШІНДЕГІ «ИСЛАМ ФАКТОРЫ»

Басылым «Қырғи қабақ» соғыс аяқталған соң Батыс сарапшылары Ислам әлемі мен Қытайдың одақтасуы мүмкін деп қауіптенген еді деп жазады. Себебі алып экономикалы Қытай қуат көзіне мұқтаж болғандықтан, Парсы шығанағындағы мұнайлы өлкемен тіл табысуға тырысады. Мұндай өзгеріс Парсы шығанағындағы мұнай қорларын бақылап отырған АҚШ-қа қиындық туғызады деп болжаған.

National Interest-тегі мақала авторы Самюэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» кітабындағы Қытай-Ислам одағына қатысты айтқан болжамдардын еске салады. Бірақ автор Бейжің өз ішіндегі түркі нәсілді ұйғыр мұсылмандарын Қытайдың тұтастығын бұзатын сепаратистер деп қарайтын болғандықтан Ислам әлемі мен Қытайды мүдделес деу қисынсыз деп санайды.
Қытайдың арнайы жасақтары Үрімші көшелерін бақылап жүр. 13 шілде 2011 жыл
Қытайдың арнайы жасақтары Үрімші көшелерін бақылап жүр. 13 шілде 2011 жыл

Қайта керісінше 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан соң Қытай мен АҚШ-тың мүддесі бір нүктеде тоғысты. Екі держава да исламшыл терроризмге қарсы күресті. Әрі соңғы сегіз жылда екі державаның қарым-қатынасы тұрақты. АҚШ-тың Таяу Шығыста жүргізген соғыс қимылдарына Қытай кедергі келтірген емес дейді автор.

Бірақ соңғы оқиғалар Бейжіңнің Вашингтонға үнемі иліге бермейтінін көрсетті деп пайымдайды басылым авторы. Таяуда Иран мен Сирия мәселесі көтерілгенде Қытай Ресеймен одақтаса кетті. Былтыр «тарихта тұңғыш рет» Қытайдың әскери кемесі Ливиядағы отандастарын алып кету үшін Жерорта теңізіне жүзіп кірген. Автор сол кезде америкалық бір сарапшының Бейжің бүйте берсе жақын арада Триполиден әскери теңіз базасын ашуға ұмтылады деп қауіп айтқанын келтіреді.

«ҚЫТАЙДЫҢ МҰҢЫ - МҰНАЙ»

Автордың ойынша, «Қытай–Ислам бірлігі» деген идея бір кездегі Таяу Шығыстағы діни және этникалық ерекшеліктерді білмеуден туған «Ислам фашизмі» деген байбаламды еске салады. 2003 жылғы Иракпен соғыста да осы байбалам радикал Усама бин Ладен мен секулярист Саддам Хусейн сияқты екі басқа саясаткерді мүдделес етіп көрсеткен.

Мақала авторы ойын «Қытай Таяу Шығыстағы елдермен мұнайға мұқтаж болғандықтан ғана мүдделес» деп қорытады. Өйткені Бейжіңнің сырттан импорттайтын тауарларының 40 пайызы осы аймақтан тасымалданады. Бір ғана мұнайының 80 пайызын Таяу Шығыстан сатып алатын Қытай Батыстың кесірінен мұнайсыз қалудан қауіптенеді. Халықаралық энергетика агенттігінің есебі бойынша, Қытай 2025 жылы әлемдегі ең көп мұнай импорттаушы елге айналмақ.
XS
SM
MD
LG