Accessibility links

Асадтың режимі Саддам Хусейндікі құсап созылып кетуі мүмкін


Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) діни жетекшілермен кездесу кезінде олардың сыйлығын қабыл алып тұр. Дамаск, 11 сәуір 2012 жыл
Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) діни жетекшілермен кездесу кезінде олардың сыйлығын қабыл алып тұр. Дамаск, 11 сәуір 2012 жыл

Reuters сәуірдің 14-і Сирияның қазіргі ахуалы туралы сараптама материал жариялады. Агенттіктің жазуынша, Батыстың салған санкциялары Асадтың режимін әлсіретпейді, керісінше нығайта түседі.


Сараптама Сирия президенті Башар әл-Асадтың толқуды күшпен басуға тырысқанын және қазір халқының қантөгістен қалжырап, әбден мезі болғанын сипаттаудан басталған. Reuters ("Рейтерз"): «Асадтың қол астында Сирияның көретін күні осы болмақ па?» деген сұрақ қояды.

АЗАМАТТЫҚ СОҒЫС ҚАУПІ

Сараптама авторлары Саддам мен Башар билігін салыстырып: «Асад енді билікте ұзақ тұра алмайды. Себебі оның дұшпандары тым көбейіп кетті» дейтіндерге 1991 жылғы Парсы шығанағындағы соғыста жеңілген Саддамның одан кейін де 12 жыл биліктен айырылмай тұра алғанын мысал қып келтірген.

Reuters-тің пікірінше, БҰҰ мен Араб лигасының Сирия дағдарысы бойынша өкілі Кофи Аннанның Сирия ісіне араласуы ендігі 9 мың адам қаза болған бұл қантөгісті уақытша ғана тоқтата алады. Алайда Асадтың билігі мен оппозицияның мәмілеге келетін түрі жоқ. Мұншама көп адам қаза тапқан соң екі жақ та бітіспес жауға айналғандай.
Башар Асад. Мана Нейестанидің карикатурасы.
Башар Асад. Мана Нейестанидің карикатурасы.

Агенттіктің болжауынша, президент Асад бұған дейін өз мүддесі үшін пайдаланып келген діни алауыздықтың енді азаматтық соғысқа ұласатын түрі бар. Сирия президентінің соңғы аптадағы қимылдарына қарағанда ол әлі нық отырған сияқты. Үкімет әскері әлсіз қаруланған оппозиция күштерін дамылсыз бомбалап жатыр. Өткен аптада Кофи Аннан екі тарапты бітімге шақырғанымен үкімет әскер ұрыс жүріп жатқан аймақтардан сол күйі шығарылған жоқ. Дәл қазіргі кезде Сирия президенті елінің экономикасы күйреп, қаласы қирап, заңды билігі шайқалып, халықаралық сахнадағы беделі түсіп кетсе де, шегінбеуге біржола бекінген.

Reuters Ресей мен Қытай БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің резолюциясына екі мәрте вето қойып, Сириядағы режимді демеп отыр деп жазады. Иран мен Ливанның хизболлашылары да, Ирактағы шииттер де шекараларын ашып, Сирияға салынған санкцияны жеңілдетіп, көршісіне көмектесуге тырысып жатыр.

ОРТА ТАПСЫЗ ҚАЛУДЫҢ КЕСІРІ

Reuters Syria report газетінің редакторы Джихад Язигидің ел экономикасының қазіргі ахуалы жайлы пікірін келтірген. Язиги агенттік тілшісіне: «Экономика қатты құлдырады. Бұрын Сирия Иракқа тауар экспорттап пайда табатын. Жаңбырлы маусымдар да елдің экономикасына жақсы жәрдем еді. Қазір қақтығыстың кесірінен Сирияның ең күшті егіс алқаптары қараусыз қалды. Күнделікті күнкөріс мұңға айналды» деген.
Егер елден орта дәулетті адамдар көшіп кететін болса, ішіп-жемін үкімет қадағалап отыратын қалжыраған халықтың ахуалы Саддам құрған саяси модельге ұқсап кетуі мүмкін.
Агенттіктің пайымдауынша, Сирияға салынған санкциялар оң нәтиже бермейді. Кезінде Иракқа да сондай қысымдар жан-жақты жасалған. Бірақ одан Саддамның билігі керісінше күшейіп алды. Бұл жолы да санкциялар Асад режимінің нығая беруіне ғана сеп болуы мүмкін.

Лондон университетінің Таяу Шығыс бойынша маманы Крис Филлипс те бұл ойды құптап: «Егер елден орта дәулетті адамдар көшіп кететін болса, ішіп-жемін үкімет қадағалап отыратын қалжыраған халықтың ахуалы Саддам құрған саяси модельге ұқсап кетуі мүмкін» деген. Бірнеше жылдан бері Сирияға жасалған сан түрлі қысымдар Башар әл-Асадтың саясатына түк те әсер еткен жоқ. Ал Батыс болса шығыны көп соғыс қимылдарын қолданғысы жоқ деп қорытады автор.

СЫРТҚЫ ЖӘНЕ ІШКІ ҚОЛДАУ

Reuters мақалада Сирия мен Түркияның соңғы 20 жылдағы қарым-қатынасы жайында да біршама мәліметтер келтіріп, саяси талдаулар жасаған.
Агенттік Башар-әл-Асадтың режимін құлату үшін Парсы шығанағындағы мүдделі елдер оппозициялық Сирияның ұлттық кеңесін қаржыландыруға бейіл екенін жазады. Кеңестің бір мүшесі өздеріне 50 миллион АҚШ долларын бөлу туралы уәде етілгенін айтқан.

Reuters-ке батыстық бір дипломат Сауд Арабиясы да Асад билігінің құлауына мүдделі болғандықтан оппозиция күштерін астыртын түрде қаржыландыруы мүмкін. Бірақ ол көмекті ресми түрде емес жекелеген адамдар арқылы жасап жатса керек деген болжам айтқан. Агенттік Сириядағы билік басына радикал сунниттер келуі мүмкін қорқатын аз санды діни топтар Асадтың билік басында қала беруіне мүдделі. Сондықтан олар Асадқа қолдау көрсетіп жатыр деп жазады.
XS
SM
MD
LG