Accessibility links

Челсидің Барселонаны жеңуі түрлі болжам тудырды


Барселона қақпасына гол соққан Челси шабуылшысы Дидье Дрогба. Лондон, 19 сәуір 2012 жыл.
Барселона қақпасына гол соққан Челси шабуылшысы Дидье Дрогба. Лондон, 19 сәуір 2012 жыл.

Сәуірдің 19-ы (Алматы уақытымен) Англияның Челсиі мен Испанияның Барселонасы Лондондағы Стэндфорд Бридж стадионында кездесті. Барселона бұл ойында допты 80 пайыз уақыт өз иелігінде ұстады. Челсидің қақпасына 26 рет доп соқпақ болды. Ал Челси қақпаға бір ғана тура соққы жасады және Дрогба салған жалғыз гол бұл командаға жеңіс әперді.


Спорт комментаторы Есей Жеңісұлының айтуынша, Барселона командасының ойыны жаттанды болып барады.

«ГОЛ МЕССИДІҢ ҚАТЕЛІГІНЕН БОЛДЫ»

Есей Жеңісұлы «Месси Барселона ойыншыларына қаншама керемет пастар шығарып берді, бірақ Мессидің шеберлігін әріптестері пайдалана алмады» деген пікірде. Ол:

- Мысалы кешегі гол неден болды? Лэмпард Мессиден допты алаң ортасында тартып алды да алға қарай Рамиреске асырды. Рамирес допты кеудесімен тоқтатып, жерге түсірместен оң қапталда келе жатқан Дрогбаға пас берді. Екі қорғаушының ортасынан «қиып» беріп, Дрогбаны қақпашымен бетпе-бет шығарды,- дейді.
Лионель Месси. Цюрих, 10 қаңтар 2011 жыл.
Лионель Месси. Цюрих, 10 қаңтар 2011 жыл.

Спорт комментаторы Барселонаның ойынын алдын ала біліп отыруға болатынын айтып:

- Бұл командада екі гений бар - Иньеста мен Хави. Олар доптың қайда баратынын; қандай қырмен беретінін; кімнің ашылып, кімнің жабылып тұрғанын жедел байқап, кімге қандай пас беру керегін - бәрін ұйымдастырады. Барселонаның ойыны қазір шахмат сияқты. Ойыншылар алдағы он-он екі жүріске дейін ойлап тұрады. Басқа командаға еш мүмкіндік қалдырмайды. Бірақ, олардың ребустарын Челси шешіп кетті, - дейді.

«БАРСЕЛОНАҒА ЖАҢБЫР КЕДЕРГІ ЖАСАДЫ»

Спорт комментаторы Ермұхамет Мәуленнің пікірі жоғарыда айтылғандардан басқаша. Оның сөзіне қарағанда, Барселонаға жаңбыр бөгет жасаған әрі Челси де бұл матчқа аса тыңғылықты дайындалған.

- Бір матчты кез келген команда тыңғылықты дайындалып, жақсы өткізе алады ғой. Челси осы ойынға бүкіл күшін салды. Бірақ, бұл жерде Барселона ойыншыларына жаңбыр қатты әсер етіп кетті. Осы жаңбырдың кесірінен олар қысқа пастармен жасайтын әдемі комбинацияларын көрсете алған жоқ. Ал ағылшындар жауынның астында екі күннің бірінде футбол ойнайды, әбден үйреніп алған. Оның үстіне Барселона сырт алаңда ойнады, - дейді Ермұхамет Мәулен.

«ЭШЛИ КОУЛДЫҢ ЕҢБЕГІ»

Есей Жеңісұлы «Челсидің бапкері Ди Маттео өте мықты тактик екенін көрсетті» деген пікірде. «Оны мойындауымыз керек» дейді. Ол:
"Қазақстан" телеарнасының спорт-комментаторы Есей Жеңісұлы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
"Қазақстан" телеарнасының спорт-комментаторы Есей Жеңісұлы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

- Әдетте Барселонаның оң қапталында Дани Алвес жүретін. Осы жолы Барселонаның жұмбағы Санчес болды. Дани Алвестің қасына Санчесті қосып, Барселона оң қапталмен шабуылды үдетті. Бұл Челсиге ауыр тиді. Барселона - кез келген сәтте ойынның «суретін» өзгертіп жібере алатын команда. Челси Барселонаның қандай жұмбағын шешкенін айтайын ба - Эшли Коул Алвестің қасына қосылған Санчесті - екеуін де еркінсіткен жоқ, төтеп берді. Арасында тіпті өзі де шабуылға шығып тұрды. Барселона бапкері Пеп Гвардиола ойынның соңында Хавиді алып тастады - Алькантараны шығарды, Санчесті де алып тастады - Родригесті шығарды. Фабрегастың орнына Куэнканы шығарды. Бұл тың ойыншыларға да Челси төтеп берді, - деген пікірін айтты.

ФИНАЛҒА КІМ ШЫҒАДЫ?

«Финалға қай командалар шығады?» деген сұраққа екі сарапшы екі түрлі болжам айтты.

Есей Жеңісұлы Челси мен Бавария командалары шығады деп ойлайды:

- Мен Челси бұл жолы финалға шығады деп ойлаймын.
Барселона мен Реал Мадрид командаларының арасындағы ойын. (Көрнекі сурет)
Барселона мен Реал Мадрид командаларының арасындағы ойын. (Көрнекі сурет)

Ермұхамет Мәулен бұл болжамның Бавария командасына қатысты жеріне ғана қосылғанымен, Челси ақтық ойынға қатыспайды деген пікірде.

- Бүкіл жағдайлардың барлығын есептеп айтқанның өзінде, Барселонаның финалға шығатынына күмәнім жоқ. Финалда Барселона және Бавария командалары кездеседі деп ойлаймын. Оның үстіне Барселонаны төрешілер де алға сүйреп келеді. Сондықтан мен бұл команданың финалға шығатынына күмәнім жоқ, - дейді ол.

Қазір Чемпиондар лигасының жартылай финалы басталды. Сәуірдің 18-і күні Бавария командасы Мадридтің Реалын өз алаңында 2-1 есебімен ұтты. Сәуірдің 19-ы Челси Барселонаны 1-0 есебімен ұтты. Келесі апта қарымта ойындар болады. Ал финал мамырдың 19-ы Германияда, Мюнхен қаласындағы Альянс-Арена стадионында өтеді.
XS
SM
MD
LG